Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Салт-дәстүрді ұстану – ұлт пен ұрпақтың парызы

Салт-дәстүрді ұстану – ұлт пен ұрпақтың парызы





Қазақ халқы әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді бекерден-бекер ұстанбаған. Олар бірін-бірі толықтырып, жетілдіріп және сабақтасып отырады. Шыр етіп дүниеге келгеннен бастап о дүниеге аттанғанға дейін жасалатын жөн-жоралғылар қазақтың дәстүрлі қоғамында қатаң сақталған. Соның ішінде бүтін бір әулеттің керегесі кеңейіп, шаңырақтың бір адамға көбейетін тұсында әрине, беташар жасалатынын білеміз. Ал сол жаңа түскен келінге беташар жасаудың мақсаты не? Оның тәрбиелік мәні қандай? Біз осы және өзге де сұрақтың тігісін жатқызу ниетпен зерттеп көрдік.

Беташар – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр. Қазақ қызын туғанынан бастап жат-жұрттық санап, төрге отырғызып, ерекше қамқорлығына алған. Қыз кезіндегі тәрбиесі, ұстанымы, ұстыны жақсы болса, онда үлгілі, барған жұртының бетке ұстар келіні болады деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті қыз баласын аялай отырып, аналарымыз бен әжелеріміз бар білгенін үйреткен.
Беташар – бүгінде мәйекті мәні мен мәуелі мағынасын жоғалтқан жоқ. Ол – қазақ халқының рухани қазынасы, байлығы іспетті. Келін болып түскеннен кейін қалыңдық шымылдық ішіне жайғасады. Одан соң басына ақ жаулық тағып, сол әулеттің тәжірибелі келіндері екі жағынан қолтықтап, жүзін көрсетпей ортаға алып шығады. Бұл жерде жесір, бала көтермеген, жеңіл жүрісті келіндерді жолатпаған. Орамалдың теңге түйілген ұшына домбыра немесе таяқ байлайды. Оны күйеу жігіттің жолдасы ұстайды. Иә, одан кейін суырып салма ақын немесе сөзге шебер, танымал жырау дүйім жұртқа әзіл-қалжыңмен, қағытпа сөздермен көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, беташар жырын жырлайды. Яғни жаңа түскен келінге әулеттің үлкен-кішісін таныстырып, ақыл-өсиет айтады. Келін болса иіліп тұрып сәлем береді. Көркем өлеңмен беташардың көркін қыздырған адамның қолы міндетті түрде құр қол қайтпайды. Бұрынырақта боталы түйесін, бұзаулы сиырын, тайлы жылқысын, құндыз ішігін сыйға тартқан. Ал қазіргі кезде ортаға орамал жайылған табақ қойылып, тойға келген жамағат сол жерге аты аталған кезде ақша тастайды. Деректерге сүйенсек, елімізде бұл 1960-1970 жылдары пайда болған.
«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген тәмсіл бар ғой. Қазақта келіннің бетін енесі ашқан. Ол әлі де өз маңызын жойған жоқ. Беташар соңында ауыл қариясы ақ батасын берген. Үй иесі бата берген ақсақалға құрмет көрсетіп, жібек шапанын жапқан. Беташар – қалыңдықтың келген жұртқа құрметпен жасалатын жоралғысы. Беташардан соң міндетті түрде шәй құю рәсімі орындалады. Бұл өзіміздің өңірде «тәтті шәй» деп аталса, еліміздің кей жерлерінде «келін шәй» деген атпен белгілі. Қазіргі таңда өтіп жатқан беташар туралы жазушы әрі батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова:
– Беташар кезінде бір жағы – қазақ халқы жеті санын киелі санағандықтан, бір жағы – қысқа да нұсқа етіп, ең қадірлі, ең сыйлы деген адамдарға, яғни ата-ене, қайынаға-қайынәпке, апа-жездеге арнап, жеті рет сәлем салғызған. Өкінішке қарай, бүгінгі беташарда жас келін отыз-қырық адамға сәлем салады. Жаңағы сансыз адамның аты аталып біткенше тойға жиналғандар да жалыға бастайды. Әрі сонша адам өздерінің аттары атала сала бет ашатын өнерпаздың алдындағы табаққа ақша тастауды дәстүрге айналдыра бастады. Ең сорақысы сол, қазіргі кезде жаңа түсіп жатқан келіннің сәлемін осылай сатып алып жүрміз. Біздің келін түсіру тойларымызға осындай келеңсіз көрініс дендей еніп барады, – дейді.
Беташар екі түрлі мақсатта орындалады. Біріншісі – көптен бері келін түсіруді аңсап жүрген ененің «Келінімнің айдай жүзін көріңдер де, көрімдігін беріңдер. Ол осы шаңырақтың бір мүшесі» деп бақыттан бал-бұл жайнаған жүзі, аппақ ниеті һәм көңілі болса, екіншісі – әзіл-қалжың арқылы сөзбен келтіріп, келіннің жаңа отауға түскендегі толқынысы мен қорқынышын басу, үйренісіп кетуіне ықпал жасау. Иә, аталған дәстүр сән-салтанатпен, сый-сияпатпен, жөн-жоралғымен өтетін, жаңа түскен, жас келіннің есінде мәңгі сақталатын керемет сәт десек болады. Сондықтан да бүгінгі күнге дейін сақталып, өз мағынасын жоймай келеді.


Фариза
КЕНЖЕШОВА
10 тамыз 2019 ж. 1 696 0