Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АТА ДӘСТҮРГЕ АДАЛМЫЗ БА?

АТА ДӘСТҮРГЕ АДАЛМЫЗ БА?


Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Уикипедия осылай дейді. Қазақ халқының салт-дәстүрлері жеткілікті. Бірақ сол салт-дәстүрді қаншалықты сақтап жүрміз?
Араша түсу, арыздасу, асар жасау, асату, ат тергеу, ат тұлдау, атбайлар, ау-жар, аузына түкірту, аушадияр, ауыз тию, аяғына жығылу, байғазы беру, балдыз қалың, бәсіре атау, беташар, босаға майлау, ен салу, ерулік беру, есік ашар, жасау, жол беру, жолдық, жылу жинау, итаяғына салу, көрімдік беру, көрісу, күйеу киімі, күйеуаяқ, қазан шегелеу, қалау айту, қалың мал, қапқа салар, қонақкәде айту, құйрық бауыр, қыз ұзату, қынаменде, мойнына бұршақ салу, отау көтеру, өңір салу, салауат айту, сауын айту, сәлемдеме, сәукеле кигізу, сүйек жаңғырту, сүйінші сұрау, сүт ақы, сыңсу, той малы, түйемұрындық, үй көрсету, үй салу, шаңырақ көтеру, шаңырақ түйе секілді ежелден келе жатқан салт-дәстүр түрлерінің қайсысы қалды?
Салт-дәстүр – ұлт үшін өмір сүру заңы. Қазақ болудың бір жолы. Халық оны бұлжытпай орындайтын болған. Қазақтың салты мен дәстүрін құрметтемеген, сақтамаған адамдарға айыппұл салып, жазалап та отырған.
Салт-дәстүр — мәдениет. Ұлт байлығы. Қазір біз тәуелсіз ел болдық. Бүкіл Қазақстан халқы қазақ мәдениеті шеңберінде өмір сүруі қажет. Сол үшін де өз құндылықтарымызды қадірлей білгеніміз жөн.
«Сәукеле кигізу» деген салт бар еді. Кенесары ханның ағасы Саржан төре Кіші жүздегі Байсақал байдың қызының сәукелесін бес жүз байталға бағалаған. Ұлт жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков өз қолымен сәукеле тіккен.
«Ат тергеу» деген жақсы дәстүр бар еді. Ұлттық болмыс бойынша әйелдер атасына, қайнағасына, қайнысына, қайын-сіңілісіне атын атамау үшін қосымша ат қояды. Жең­гелеріміз атымызды атамай, өзіне ұнайтын ат қоятын. Адамды сыйлаудың бір үлгісі. Қазір осы жоғалды. Бадырайтып атын атау үрдіске енді.
«Араша түсу» – дауласқан, жанжалдасқан адамдарға басу айтып ажырату, сабасына түсіру. Бұрындары мұндай жанжалда ауылдың, елдің абыройлы абызы «Араша! Араша! » деп айқай­лап, от шыққалы тұрған ортаға барып, ағайынға араша түскен. Қазір ағайынға араша түсер адамды таппайсыз…
Қалың мал, Құйрық бауыр асату, Киіт кигізу деген салт-дәстүр ғана сақталып, көбісі ұмытылды. Күйеуге қатысты ұрын келу, есік ашар, ентікпе, балдыз көрімдік, күйеу табақ, сүтақы, жігіт түйе, атбайлар, босаға аттар, сәукеле, байғазы, жеңгетай, шымылдық байлар, отау жабар, кереге көтерер, уық шаншар, түндік жабар, үзік жабар, туырлық жабар, мойын тастау, ілу, қыз қашар, шашу, қыз көтерер, арқа жатар, қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар, ит ырылдатар, «кемпір өлді», бақан салар, күйеу аттандырар деген салт-дәстүр тек кітапта қалды.
«Құдалық белгісі – киіт, қоныс белгісі – бейіт», «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген сөздер арагідік айтылатын болды. Тіпті есік-төр көрсету деген дәстүр мүлдем бұзылды. Қазір қыз берген жақ құда шақырылмай-ақ құдаларын төрге шығаратын болды. Құдалық кафеде өтетін болды. Құдасының үйін көрмегендер де жүр…
«Салт-дәстүрін ел бұзбас, уәде-сертін ер бұзбас», «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа», «Ант бұзған оңбайды, салт бұзған сорлайды», «Саналы ел салтын сақтар» депті қазақ. Ал біз бәрін бұзып жатырмыз…
Нұртөре ЖҮСІП
05 тамыз 2018 ж. 2 547 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031