МЕКТЕП МӘЗІРІНДЕ «МӘН» БАР МА?
Бала денсаулығы – ел болашағының тірегі. Әсіресе, буыны енді қатайып келе жатқан балалар дұрыс тамақтанбаса, түрлі аурудан зардап шегуі мүмкін. Үйде балаға дәрумендер мен ақуызға бай тағам беруге тырысамыз. Ал мектеп асханасында берілетін астың сапасы қандай? Білім ошақтарында бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтану құны былтырғыдан өсіп, бүгінде 588 теңгені құрайды. Мұндай бағаға балалар құнарлы тамақтанып жүр ме? Мектеп асханалары қаншалықты талапқа сай? Онда берілетін ыстық тамақ «ыстық» күйінде ме? Біз бұл тақырыпты тереңнен қарап, талдадық.
ЖҮЙЕНІ ЖАҢАРТАТЫН КЕЗ КЕЛДІ
Баланың денсаулығы дұрыс тамақтануға тәуелді, әсіресе дамып келе жатқан ағза үшін бұл өте маңызды. Мұны жоғарыда тілге тиек еттік. Ата-аналардан бөлек, мектеп пен мемлекет те осы жауапкершілікті бөлісуі тиіс. Өкінішке қарай, мектеп асханаларындағы сапасыз тамақ пен санитарлық нормалардың бұзылуы білім жүйесіндегі маңызды мәселе болып отыр. Қазақстан бойынша жүргізілген медициналық зерттеулер нәтижесінде балалар арасындағы қаназдық деңгейі 47 пайыздан асқаны анықталды. Сонымен қатар қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының зерттеуіне сәйкес, 6-9 жас аралығындағы балалардың 20,6%-ы артық салмақтан зардап шегуде. Осы мәселелерді ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп асханаларындағы тамақ сапасына айрықша назар аударуды тапсырды. Президент балаларға сапасыз және арзан тамақ беруге болмайтынын, оларға халықаралық стандарттарға сай тамақтандыру жүйесін енгізу керектігін айтты. Бүгінде мектеп асханасының тағамдық құндылығы мен қауіпсіздігін жақсарту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақ тағамтану академиясы бірлесіп жаңа ұсыныстар әзірледі. Биылдан бастап мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізілмек. Бұл стандарт азық-түлік сатып алу, тамақ дайындау, жұмысшыларды оқыту сияқты барлық процесті қамтиды. Ал Оқу-ағарту министрлігі мектептерде тамақтандыруды дұрыс ұйымдастырмағаны үшін жауапты тұлғаларға айыппұл салу туралы шешім қабылдады. Бұл – мектеп асханаларында балалардың денсаулығына зиян келтірмейтін сапалы тамақтану жүйесін орнатуды көздейді.
МЕКТЕП МӘЗІРІ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?
Н у т р и ц и о л о г м а м а н д а р м е к т е п асханаларындағы тамақтану нормалары халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін және ескіргенін айтады. Мысалы, 2016 жылы бекітілген стандартқа сәйкес, 7 жастан асқан балаларға тәулігіне 36,5-50 грамм қант берілуі керек деп көрсетілген. Таңғы аста 7-9 грамм қант пен 5 грамм бал беріледі, бұл – балаға бір-ақ ретте 12-14 грамм тәтті ішкізу деген сөз. Ал халықаралық сарапшылар бұл жастағы балаларға бір күнде тек 24-25 грамм қанттан аспауы керек екенін ескертеді. Бала оқуға қажетті энергияны тамақтан қорытылатын қуат арқылы алады. Бұл оның – «жанар-жағармайы» сияқты. Сондықтан күнделікті рационда міндетті түрде дәрумендер, дәнді дақылдар, жасұнық, жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидектер болуы тиіс. Алайда қазір мектептерде қант мөлшері белгіленген нормадан асып кетеді. Осыған байланысты балалар тәтті тағамдарға үйреніп, табиғи әрі пайдалы азықтарды қабылдаудан бас тарта бастайды. Бұл денсаулықтың нашарлауына, әдеттерінің бұзылуына және түрлі аурудың пайда болуына алып келуі мүмкін. Бір ғана алма бір бала үшін жетпейді. Мұны да арнайы мамандар растап отыр. Талап бойынша күнделікті баланың рационында 5 негізгі топ өнімдері болуы қажет. Олар – жармалар, нан (қоңыр ұннан болғаны дұрыс), кейде макарон өнімдері. Сондай-ақ көкөністер, жеміс-жидектерді, күніне кемінде 400 грамм тұтыну қажет. Ет, құс еті, балық, бұршақ тұқымдастар, жұмыртқа, жаңғақтар да қамтылуы тиіс. Сүт және ашытылған сүт өнімдерімен қатар өсімдік майының 1 ас қасығы да болуы – міндетті. Жасыратын несі бар, оқушылардың жартысынан көбі асханада тамақ ішпейді. Себебі тағамдардың дәмсіз немесе калориясы төмен. Бұл да дәмі ұнамаса, тағамның қоқысқа кетуіне себеп болады. Қарны тоймаған балалар асхана сыртындағы тәтті тоқаштар мен сусындарды сатып алып жатады, бірақ олар да атаананың ақшасына шығады. Мұның бәрі мектеп асханаларындағы тамақтану мәдениеті мен жүйесін түбегейлі қайта қарауды талап етеді. Міне, бір айдан соң қыс ызғары қайтып, күн жылыған сайын астың тез бұзылу қаупі артады. Ендеше, балаларды іш, асқазан сырқаттарынан, уланудан сақтау да маңызды.
9117 ОҚУШЫ ТЕГІН ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТЫЛҒАН
Әмбеге аян, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2023 жылы 1 қыркүйектен бастап еліміз бойынша барлық мектепте бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік тұрғыдан осал балаларға тегін ыстық тамақ беру міндеті қойылған. Бұл бастама білім саласында жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақмарал Сұлтанбекқызының айтуынша, биыл аудан мектептерінде жалпы 9117 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Оның ішінде 6680 оқушы бастауыш сыныптардан болса, 2437 оқушы арнайы бекітілген бес санатқа сәйкес тегін тамақ алады. Тегін тамақтанатын бес санатқа келесі балалар жатады. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз отбасылардың балалары, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және отбасында тұратын балалар, төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмек қажет ететін отбасылардан шыққан, сондай-ақ білім беру ұйымының басқару органы анықтайтын басқа да білім алушылар мен тәрбиеленушілер. Жалпы қазіргі таңда Қазақстанда 1,7 миллионнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бұл шараға жергілікті бюджеттерден 192 миллиард теңгеден артық қаржы бөлініпті. Ал биылғы жылдан бастап жеке мектептерде оқитын 25 мың оқушыны тегін тамақпен қамту көзделіп, бұл мақсатқа мемлекет қосымша 12 миллиард теңге бөлу жоспарлануда. – Аудан аумағында 38 білім беру ұйымы бар. Оның 35-інде асхана бар. Ал қалған үшеуінде құрғақ тамақ ұйымдастырылған. Олар №133, №151, Жуантөбе бастауыш мектебі. Бұл мектептердегі оқушылар 1-4 сыныптарда 66 бала, 5-9 сыныптарда әлеуметтік қолдауды қажет ететін бала саны – 19. Білім мекемелерін қызмет көрсетуші жеке кәсіпкерлер «ИП Кадылқұрманова», «ИП Маделханова», «ИП Елжас», «ИП Ниеталиев», «ИП Демеу», «ИП Маханбетова», «ИП Жанатаев», «ИП Ай-АуЖан», «ИП Арапбеков», «ИП Сейілбекова» ыстық тамақпен қамтиды, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Сұлтанбекқызы.
СҰРАҚ-ЖАУАП
Мақаладағы мәселеге қатысты аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Ақпанбетовке аз-кем сауал жолдаған едік.
– Марат Асанханұлы, оқушыларды тамақтандырудың негізгі мақсаты неде?
– Сұрағыңызға рақмет. Оқушыларды тамақтандырудағы негізгі мақсат – олардың арасындағы тамақтану мәдениетін қалыптастыру. Өкінішке қарай қазіргі таңда балалардың көбі дұрыс тамақтануды біле бермейді. Өйткені олар пайдасы жоқ фастфуд өнімдеріне құмар. Осы ретте ата-аналар қауымы мына бір жайтты түсінсе екен деймін. Жалпы мектептегі тамақтандырудың ең басты мақсаты – баланы ыстық тамақ жеуге үйрету, қалыптастыру. Иә, балалардың көбі тек қана бәліш, самса, одан қалса шоколад жегісі келетіні жасырын емес. Бүгінгі күнге дейін балалардың тамақтану мәдениеті едәуір қалыптасты. Оқушылар ыстық тамақ ішуге үйренді деуге болады.
– Келесі сауал асханалардағы тамаққа жауапты қызметкерлердің жұмысы жайында болмақ. Аспазшылардың бәрі өз ісін жақсы білетін кәсіби қызметкерлер ме?
– Жалпы мектептердегі асханаларда тамақтандыру жұмысы мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жүзеге асырылатынын айта кету керек. Оның бекітілген талаптары бар. Ал конкурсқа қатысқан кәсіпкерлер немесе компаниялар асхана жұмысына қатысты шарттарға сәйкес біліктілігі бар аспаздармен, диетсестралармен қамтуы тиіс. Олардың барлығы әр мектепте құрылатын брокиражды комиссия арқылы қадағаланады. Оның құрамында мектептің директоры және орынбасары, медбике, әлеуметтік педагог, ата-аналар қауымынан бір адам сияқты мүшелері болады. Комиссияның басты міндеті – асхананың жұмысын бақылау, тексеру, одан бөлек тамақтың сапасын, өлшемін, ас мәзіріне сәйкес берілуін қадағалау.
– Мектептерде тегін тамақтану жұмысы қолға алынғаннан кейін еліміздің әр өңірінде тамақтану құны бекітілген. Әр жерде бағалары әртүрлі. Біздің ауданда қанша теңге?
– Тегін тамақтануға бөлінетін қаржы жергілікті бюджеттің есебінен қарастырылғандықтан, әр аймақтағы тамақтанудың құны әртүрлі болып келеді. Осыны ескере кету керек. Біздің ауданда 1-4 сынып оқушыларының тегін ыстық тамаққа жұмсалатын күнделікті шығыны – 588 теңгені құрайды. Ал 5-11 сынып оқушылары арасындағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасы балаларына күн сайын 620 теңге бөлінеді. Ата-аналардың көбі осы бағаны естіп: «Оған қандай тамақ беріледі?» деп сұрақтарын жиі қойып жатады. Осы ретте айта кетерім, арнайы бекітілген нормаға сәйкес әр тамақтың мөлшерлі салмағы болады және соған сай дайындалады. Сонымен қатар тамақтану мәдениетіне сәйкес оқушының тойып жеуі – мақсат емес. Бала жеңіл-желпі әрі пайдалы тағамдарды тұтынуы қажет. Сондықтан асханаларда балалардың жас ерекшеліктеріне сай ас мәзірі бекітіліп, соған байланысты тамақ беріледі. Басты мақсатымыз – тамақтану мәдениетін қалыптастыру. Зиянды тағам жайлы олар білгені жөн. Дәмді заттың бәрі пайдалы емес екенін мектеп қана емес, ата-аналар да түсіндірсе екен деймін.
ПІКІР Қаламға салмақ салған мәселені толық талқылау үшін ата-аналармен пікір алмасуды жөн деп таптық.
Қаракөз Мұсаханова, кент тұрғыны: – Мектеп асханасындағы тағамдардың дәмі мен сапасы көңілімнен шығады. Балам №47 М.В.Ломоносов мектеп-лицейінде білім алады. Ол «Мектептегі сияқты дәмді етіп жасамайсың» деп жиі айтады. Бұл мен үшін мектеп асханасының жұмысын жоғары бағалағанымды көрсетеді. Әсіресе, баламның тамаққа деген талғамының өскенін байқаймын. Сондықтан мектеп асханасының дәмді әрі пайдалы тағамдарына ризамын. Эльвира Ахметова, көпбалалы ана: – Көпбалалы ана ретінде балаларымның дұрыс тамақтануы мен денсаулығына ерекше мән беремін. Мектеп асханасына көңілім толады. Олар үнемі сабақтан келген соң, асханадағы мәзірді айтып мақтанып жатады. Бір айта кететінім, оқушылар үшін тамақтың тек дәмді емес, пайдалы да болуы маңызды.
ТҮЙІН Қалай десек те, балалардың өсіп жетілуі, құнарлы, дәрумендерге бай тамақпен қамтылуы мектепте баланы қадағалап отырған ұстазға, асхана иесіне, отбасында ата-анаға байланысты. Осылайша баланы үш тарап қамқорлыққа алып, шын мейіріммен қарап, баптап-күткенде ғана дені сау, болашағы жарқын ұрпақты қалыптастыра аларымыз анық. Болашағымыз – балалардың саулығын ойлап, мектепте ыстық тамақпен қамту, сол арқылы жеткіншектердің алаңсыз білім алып, жақсы өсіп-жетілуіне жағдай жасау – мемлекеттік маңызы бар екенін айттық. Оған мемлекет те, қоғам да, ата-ана да өз деңгейінде көңіл бөлуі тиіс.
Сұлушаш МАДИЯРОВА
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ