Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЫСТЫҚ ТАМАҚ ЫСТЫҚ ПА?

ЫСТЫҚ ТАМАҚ ЫСТЫҚ ПА?

Бала денсаулығы – ұлт болашағы. Ересектерді айтпағанда, енді ғана буыны қатайып келе жатқан бүлдіршін дұрыс тамақтанбаса, түрлі дертке душар болары сөзсіз. Үйде бала дәрумендерге толы, ақуызы мол тамақ ішті делік. Ал мектеп асханасында берілетін астың сапасын кім қадағалап отыр? Онда берілетін ыстық тамақ расымен де ыстық па?
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы аясында 1-4 сынып оқушыларын 100 пайыз мектеп тамағымен қамту жоспарланған. Мемлекет басшысының бұл бастамасы өз кезегінде балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететіні сөзсіз.
Осыған дейін еліміз бойынша 7 облыстың бастауыш сыныбының балалары тегін ыстық тамақпен қамтылып келді. Жаңа оқу жылынан бастап барлық өңірдің мектептерінде 1-4 сынып оқушыларына ыстық тамақ беріле бас­тады. Тамақтың құны орта есеппен – 557 теңгені құрайды. Бұл тізімге біз де ендік. Аудан аумағында 38 білім беру ұйымы бар. Онда 18 415 оқушы білім алады. Тегін ыстық тамақпен қамтылғаны – 3812. Білім шаңырақтарының басым бөлігінде, нақтырақ айтсақ 34-інде асхана жұмыс істейді. Ал қалған төртеуінде құрғақ тамақ ұйымдастырылған. 183 оқушы құрғақ тамақпен қамтылған.
Мәселен, №127 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-лицейінде бір реткі тегін ыстық тамақпен қамтылған балаға бекітілген ас мәзіріне сай тағамдар әзірленіп, беріледі.
Бұл мектеп-лицейінде 1106 оқушы. Мектептің ішкі-сыртқы келбеті көз тартарлық. Асхананың іші де мұнтаздай. Тамақтанып отырған шәкірттер мен ұстаздардың да пікіріне құлақ түрдік. Мұнда әзірленетін тағам түрі де сан алуан, тәтті тоқаштар мен ет, картоп салынып пісірілген самса, түрлі пирогтар да ерекше дәмді көрінеді.
– Бұған дейін мектептің 1-4 сыныптарында оқитын 432 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Қазір барлығын қосқанда 561 оқушы ыстық тамақ ішіп жатыр, – дейді мектептің әлеуметтік педагогы Гүлнұр Жеңсікбаева.
Мектеп аспаздары бұрығысынша тендер арқылы анықталады. Әр мектептегі қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен тамақтану сапасын мониторингілеу бойынша комиссиялар құрылған. Бұл жаңалыққа ата-аналар ризашылығын білдіріп, алғысын жаудыруда.
Қалай десек те балалардың өсіп жетілуі, құнарлы, дәрумендерге бай тамақпен қамтылуы мектепте баланы қадағалап отырған ұстазға, асхана иесіне, отбасында ата-анаға байланысты. Осылайша баланы үшжақты қамқорлыққа алып, шын мейіріммен қарап, баптап-күткенде ғана дені сау, болашағы жарқын ұрпақты қалыптастыра аларымыз анық. Болашағымыз – балалардың саулығын ойлап, мектепте ыстық тамақпен қамту, сол арқылы жеткіншектердің алаңсыз білім алып, жақсы өсіп-жетілуіне жағдай жасау – мемлекеттік маңызы бар екендігін айттық. Оған мемлекет те, қоғам да, ата-ана да өз деңгейінде көңіл бөлуі тиіс.

С.МАДИЯРОВА
22 қараша 2023 ж. 238 0