Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОҒАМНЫҢ КӨРІНБЕЙТІН ЖАРАСЫ

ҚОҒАМНЫҢ КӨРІНБЕЙТІН ЖАРАСЫ

Қазақстан Республика Конституциясының 27-бабына сәйкес, неке мен отбасы, ана мен әке, бала мемлекеттің қорғауында болады. Ал ата-ананың балаларын тәрбиелеу мен оларға қамқорлық көрсетуі – олардың негізгі құқығы әрі міндеті. Алайда бүгінгі мақала отбасындағы баянды тіршілік пен бақытты балалық шақ туралы емес, ажырасу мен алимент төлеу хақында. Бұл өкінішке қарай тек бір отбасының ғана емес, тұтас мемлекеттің басты мәселесіне айналды. Статистикалық мәліметтерге сенсек, Қазақстанда алимент бойынша 291 мыңға жуық борышкер бар. Олардың 281 мыңы – ерлер, ал 11 мыңнан астамы – әйелдер. Өткен жылдың өзінде алимент төлемеген борышкерлердің жалпы қарызы 20 миллиард теңгеден асып кетіпті. Бұл – өте үлкен сома, бір ауданның бюджетіне пара-пар.
АЛИМЕНТ ТӨЛЕШІ, ӘКЕ!
Жасырып қайтеміз, алимент төлеу мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай тұр. Ауданда өткен жылы алимент өндіруге байланысты 237 арыз түскен. Оның 8-і қабылданбай, 30 арыз кері қайтарылды. Ал 199 арыз бойынша сот бұйрығы шығарылған.
Қазір алимент төлеуден жалтарушылардың саны өсіп барады. Ресми деректерді сөйлетсек, елімізде алимент өндіру бойынша шығарылған әрбір төртінші сот шешімі орындалмайды. Борышкерлер түрлі айла-тәсілдерге барып, міндеттерінен жалтарады. Бірі жұмыс орнын жасырып, екіншісі бухгалтериядағы жалақысын айтарлықтай төмен көрсетеді. Статистика бойынша ажырасқан отбасылардың 99 пайызының баласы шешесінің қолында тәрбиеленеді. Осыдан кейін «баланы тек анасы мен сот орындаушылары ғана қажет ететін сияқты» деген ой туындайды. Себебі жаңа жылдың алғашқы 20 күнінде аудандық сотқа алиментке қатысты 14 арыз түскен. Оның ішінде 1 арыз қабылдаудан бас тартылса, 1 арыз кері қайтарылған. 10 арыз бойынша сот бұйрығы қабылданыпты.
Статистика да отбасылардың бұзылу санының жыл сайын өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр. Қазақстанда қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес, үш айдан астам алимент төлемеген әкелер қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
– Қарауымызға келіп түскен арыздардың басым бөлігі – алимент төлеу ісіне қатысты болып отыр. Жұмыссыздықты сылтау етіп, алимент төлеуден бас тартатын азаматтар да бар. Дегенмен, біз заң аясында тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізіп, екі тараптың келісімі арқылы бір шешімге келеміз. Жалпы неке бұзылуының басты себебі – қаржы жетіспеушілігі және ішімдікке тәуелділік болып отыр. Осы мәселенің кесірінен екі тарап ажырасуға шешім шығарады. Дегенмен, біз ерлі-зайыптыларды татуласу орталықтары арқылы бітімгершілікке шақыруға тырысамыз. Қазіргі таңда алимент өндіруге қатысты арыздар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудеміз, – дейді Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Забира Абылайқызы.
ОТБАСЫ: БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫ МА ӘЛДЕ АЖЫРАСУДЫҢ ОШАҒЫ МА?
Ертеде қазақ қоғамында «ажырасу» деген ұғым болмаған. Тіпті, «түгенбайдың баласы ажырасып кетіпті» деген сөздің өзі ұлттың ар-ұятына нұқсан келтіргендей болып қабылданатын. Ал қазіргі уақытта, бірнеше айдың ішінде жастардың ажырасып кетуі – ешкімді таңғалдырмайтын жайтқа айналды. Кейбір статистикалық мәліметтерге сәйкес, елімізде әрбір төртінші неке сәтсіз аяқталады.
Шиелі аудандық сотының мәліметі бойынша, 2022 жылы 237 адам ажырасу үшін өтініш берсе, оның 218-інің талаптары қабылданып, 134 істің шешімі шыққан, нәтижесінде 133 отбасының некесі бұзылған. Ал 2023 жылы 191 адам заңды некені бұзу үшін арыз түсіріп, оның 97-сі қанағаттандырылған. Өткен жылдың өзінде ортақ некені бұзу туралы 267 талап түскен. Оның 35-і ҚР Азаматтық процестік кодексінің 152-бабына сәйкес талап қоюшыларға қайтарылған. Сотқа түскен 234 талап бойынша азаматтық іс қозғалып, 143 іс бойынша талап қанағаттандырылып, шешім қабылданған. Сонымен қатар 2 іс соттылық бойынша жолданып, 1 іс қос тараптың бітімге келуі негізінде тоқтатылыпты. 91 іс қараусыз қалдырылған.
– Қараусыз қалдырылған 91 істің ішінде 80 іс татуластырушы судьяның тараптармен әңгімелесуі нәтижесінде талап қоюшы мен жауапкердің татуласуы негізінде қараусыз қалдырылған. Сонымен бірге қайтарылған 35 талап қоюдың ішінде 6 талап қою да татуластырушы судьяның тараптармен әңгімелесуінің нәтижесінде қайтарылған. 2025 жылғы 21 қаңтардағы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, сотқа ерлі-зайыптылардың арасында тіркелген ортақ некені бұзу туралы 16 талап қою түскен. Оның 4-еуі қайтарылды. Ал 9 талап қою бойынша азаматтық іс қозғалса, 3 іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылданды, – дейді аудандық сот әкімшісі басшысы С.Сержанов.
Мұның өзі аудан көлемінде ажырасу көрсеткішінің өсіп бара жатқанын айғақтайды. Қолда бар дерекке сәйкес, көбінесе 5-10 жыл бірге тұрған, 30-34 жас аралығындағы ерлі-зайыптылар ажырасады. Мұндай уақыт аралығында, әрине, балалар да дүниеге келеді. Бірақ осы кезеңде ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сезімдері суып, бірге құрған армандары күйреуі мүмкін. Психологтардың айтуынша, әр 10 жылда туындайтын отбасылық дағдарыстарды бүгінгі адамдар жеңе алмай жатыр. Статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, ауылдық жерлерде ажырасу саны қалаға қарағанда екі есе аз. Сонда ауыл тұрғындарының өмірі қала тұрғындарынан жақсы ма? Мамандар мұның себебін қалалықтардың ішкі еркіндігінің жоғары болуымен түсіндіреді. Қалада ажырасуға шешім қабылдағандар жеке өмірін жаңа қалада, үлкен мегаполисте бастау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалана алады. Ал ауылдағылар үшін «Ел не дейді?» немесе «Ағайын-туыстан ұят болады» деген ойлар басты фактор болып, көп жағдайда олар бұл қадамға бара алмайды.
Осыдан жеті жыл бұрын Қазақстанда жеті ай ішінде 32 мың адам ажырасып, оның 19 мыңының отбасында бала болған. Көп жағдайда ерлізайыптылар балаларын ұстап қала алмай, ажырасып кетсе де, сирек кездесетін жағдайларда бір ғана перзент үшін ажырасуға мәжбүр болатын жұптар бар. Дегенмен, соңғы жылдары заңгерлер балаларына қамқорлық жасау үшін ажырасқаннан кейін олардың жауапкершілігін өз мойнына алатын әкелердің санының айтарлықтай өскенін айтып отыр. Егер 2000-2010 жылдары бұл көрсеткіш 30-40% болса, қазіргі таңда ол 70%-ға жеткен. Ал 2023 жылы ажырасу бойынша өтінімдер санының артқаны байқалады. Мысалы, Алматы, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстары ажырасу бойынша үздік үштікте, Шымкент тұрғындары да көш бастап тұр. Қызылорда облысында да ахуал тұрақсыз.
Дүниежүзілік статистикаға сенсек, Қазақстан ажырасу бойынша әлемде екінші орын алады. Бұл – халқымыз үшін үлкен трагедия. Адамның ең асыл қасиеттерінің бірі – парасаттылық, ал бұл қасиеттің келешек ұрпаққа рухани сабақтастық пен тектілік ретінде берілуі маңызды. Өкінішке қарай, болмашы себептермен отбасылардың шаңырағы шайқалып, ұрпақтың тәрбиесіне кері әсерін тигізуде.
ДІНДЕ ДЕ ҚҰПТАЛМАЙДЫ
Ажырасу – Алланың көзқарасымен қарағанда, құпталмайтын іс. Себебі неке қиылғанда адам Алла алдында серт береді, ал оны бұзу – бұл серттен тайғандықпен тең. Өкініштісі, елімізде әйелдер көбіне тұрмысқа шыққанда өздерін құлдықта сезінетінін айтады. Мұның салдары, көбінесе, ер адамдар болашақ жарын осы өмірге дайындайды. Бірақ бұл тек біржақты ғана көзқарас. Ажырасуға себеп болатын басты факторлардың бірі – отбасындағы қысым. Егер адам отбасынан қолдау көрмесе, махаббатты сезінбесе, оның ішкі күйзелісі мен агрессиясы үдей түседі. Бұл кейде өзіне қажетті жылулықты сырттан іздеуге себеп болады.
Шариғатта «күйеуінің разылығын алған әйел, Алланың разылығын алғанмен тең» деген сөз бар. Бірақ осы тұрғыда біздің қоғамдағы кейбір еркектер өз міндеттерін ұмытып, әйелдерінің алдындағы жауапкершілікті елемейді. Олар көбінесе отбасындағы жауапкершілік пен міндеттерін ескерместен, өз ыңғайына қарай әрекет етеді. Мұндай көзқарастар қоғамда түрлі қиындықтар мен сұрақтарды тудырады.
Қалай болғанда да, ажырасу – ешқашан жақсы шешім емес. Сондықтан әрбір жас жұбайға бәрін ақылмен ойлап, отбасындағы балаларды зардап шекпейтіндей етіп, өзара түсіністікпен бірге өмір сүруді, өздерінің жауапкершілігін сезінуді ұсынамыз. Ал елімізде жыл сайын өтетін «Отбасы күні» мерекесі, отбасылық құндылықтар мен рухани тұрғыдан біртұтас болуды ұстануға шақырады. Өмірдің қиындықтарын сабырмен қабылдап, одан сабақ алу арқылы көптеген мәселені шешуге болар еді. Бірақ аядай ғана ауданда жыл сайын 100-ден астам отбасы ажырасып, шаңырағының шайқалғаны, көңілге қаяу салуда.
АҚИҚАТЫНДА...
«Әр адамның өз шындығы бар» деген. Мысалы, балаға алимент төлемей, одан қашып жүрген әке «екінші отбасы мен сондағы балаларына қалай қамқор боламын?» деп уайымға батып жүрген болуы мүмкін. Әрине, оны тыңдаған кезде ер адамның жағдайын түсінгің келеді. Ал жылдар бойы үйдегі күйеуінің қамқорлығына тәуелді болып, қандай да бір мамандықты меңгермеген әйел ажырасқан соң қалай күнін көреді? Қалай болғанда да, шындық біреу ғана. Ер адам ажырасқаннан кейін де өз баласын асырауға міндетті. Әйел де баласын асырап, оған қамқорлық жасауға жауапты. Бұл – ақиқат. Ал ақиқат болған жерде ештеңе де ақталмайды.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
28 қаңтар 2025 ж. 89 0