Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада 17 мың балаға қатысты алимент қарызы өндірілмей отыр

Қызылордада 17 мың балаға қатысты алимент қарызы өндірілмей отыр


Сурет: ашық дереккөз

Қызылорда облысында 17 мың балаға қатысты 243,7 млн теңге алимент қарызы өндірілмей отыр.

Жыл басынан бері облыста 18 400 балаға қатысты 379,8 млн теңге алимент өндіру туралы 12 575 атқарушылық құжат тіркелген. Қазірге дейін оның 1 025-і ғана аяқталған. Олардың 728-і орындаусыз кері қайтарылса, 213-і тоқтатылып, 84-і толық орындалған.

«Биыл берешек 136,1 млн теңгеге азайған, Атап айтқанда, ол Қызылорда қаласында – 88, Байқоңырда 16 млн теңгені құраса, аудандар бойынша Қазалыда – 9,7, Аралда – 8,6, Қармақшыда – 2,4, Жалағашта – 12,1, Сырдарияда – 7,2, Шиеліде – 7,1, Жаңақорғанда – 6,8 млн теңгені шамалайды. Қазіргі уақытта 17 мың балаға қатысты 11 550 атқарушылық құжат бойынша 243,7 млн теңгеге қарыз өндірілмей отыр.

Алимент өндіру туралы 389 заңбұзушылық анықталды. Олардың қатарында қаулыны борышкердің жұмыс орнына уақытылы жолдамау, борышкердің ел аумағынан шығуын уақытша шектемеу, борышкерлерді әкімшілік жауапқа тартпау секілді жағдайлар бар», – деп мәлім етті облыстық прокуратурадан.

Бұл мәселе облыс прокуроры Нұрлан Бижановтың төрағалығымен өткен алимент өндіру бағытында атқарылған жұмыстарға қатысты ведомствоаралық мәжілісінде кеңінен талқыланды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада сауда орталығы алдында жергілікті тұрғынды пышақтап кетті.
16 мамыр 2023 ж. 197 0