ҚАСИЕТІ ӨЗГЕРМЕГЕН ҚҰРАҚ КӨРПЕ
Ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қаузағанда «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген тәмсіл санада сайрайды. Анығында қыз баланың өмірінде ананың алар орны орасан. Қыздардың іске икемді, ақылына көркі сай болып бойжетуі тікелей ана берген тәрбиеге байланысты. Сол себепті кез келген ана қыздарының қол қусырып отыруын жат әдет санап, оны әлімсақтан еңбекке баулыған. Қолы қалт етсе, ине ұстатып, тігін тігуге бейімдеген. Бүгінгі біздің кейіпкеріміздің де кестелі ғұмыры кез келген жанға қызық болуы мүмкін.
Гүлназ Файзуллаева – Еңбекші елді мекенінің тұрғыны. Ол бала кезінен қайшы мен жіпті жанына серік еткен. Бұған өмірі қолөнермен біте қайнасып кеткен анасы себепкер болған. Анасының айналасында жүріп, құрақ құрауды, киім тігуді үйренген бала Гүлназ қазір елуді еңсерген. Бүгінде тігіншілік пен ұстаздықты қоса алып жүр. Әу баста үй ішіндегі жыртықты жамаудан басталған іс бүгінгі таңда тасы өрге домалаған берекелі кәсіпке айналып отыр. Қолы қалт етсе, тігін машинасының жанына барып, өз ісінің шебері болып, өскелең ұрпаққа өнегесін бөлісіп жүр. Қазір әр қазақ үйінде бір бөлмесін ұлттық стильде жасауға әдеттеніп, бұл дәстүрге айналуда. Міне, дәл осы бөлменің көркін арттырып, әсемдігін асыратын құрақ көрпелердің рөлі зор. Бір сөзбен айтқанда, кешегі ісмер апалардың ізін жалғаған Гүлназ Файзуллаева дәл осы өнерді заман ағымына қарай «сөйлетіп» жүр. – Жастайымнан анам осы іске баулыды. Құрақ көрпеше, тұскиіз, қыз жасауларын әрбір нәзік жанды істей білуі керек. Бұл қолөнер түрі қыз баланы төзімділікке, үнемділікке, шеберлікке, тазалық пен әсемдікке үндейді. Жан әлемін байытып, ақыл-ойының ауқымын кеңейтеді. Мәселен, бір ғана құрақ құрау арқылы біз ұрпақ тәрбиесіне де көп көңіл бөлеміз. Ұмытылып бара жатқан өнерді сақтап қалу үшін Еңбекшіден кәсіп ашуға бел будым. Бүгінде өз жемісін беріп, халықтан сұраныс та бар. Сол қуантады, – дейді қолөнер иесі. Қазір бұл сала тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие. Тек Сыр өңіріне ғана емес, Астана, Көкшетау, Атырау, Арыс пен Шуға, Ақтөбеге тапсырыстарын жіберіп үлгерген. Ықылым заманда құрақ құрау матаның қиындысын ысырап етпес үшін жасалған. Ал қазір ол қыз жасауының көркі, шаңырақтың шырайына айналды. «Құдай құрастырсын» деп жас отауға сыйлайтын кәденің ішінде ең киелісі десе де болады. Бірақ құрақ көрпенің өңін келтіріп, келбетін кіргізу үшін қажырлы еңбек керек. Бұл турасында Қалжан Әйменова былай дейді. – Құрақ құрау – сабыр мен төзімділікке негізделген еңбек. Бұл жерде түстің бір-бірімен үйлесімділігі өте маңызды. Матаның да қалай қиылғанына назар аудару керек. Әр құрақтың мән-мағынасы бар. Құрақ көрпешелерді тіккенде сол мағынасына қарай тігемін. Амандасу құрағы, қарқара құрағы, тырна құрағы, қарама-қарсы құрақ деп кете береді. Этностильдегі ою-өрнек түрлері де қолданылады. Олардың да өз мәнмағынасы бар. Жолың болсын, күндей жайнай бер, отбасы мүшелерінің жолы бір бағытта болсын, малың көп болсын деген мағынада арнайы жасалады, – дейді кейіпкеріміз. Зерделі жанның көзіне құрақтан жасалған заттар ерекше мағынамен көрінеді. Сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғарар еді. Ол арқылы қазақтың құнарлы дүниетанымын, эстетикалық талап-талғамын, сұлулықты аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ тани түсесіз. Сондықтан да ұлттық құндылықты құлдыратпай, дәріптей түсейік.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ