Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Бетперде жоқ» деп байбалам салмайық

«Бетперде жоқ» деп байбалам салмайық

Ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғағанда «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген тәмсілге тоқтамай кетпейміз. Әсіресе, қыз баласының өмірінде ананың алар орны зор. Қыздардың іске икемді, ақылына көркі сай болып бойжетуі тікелей ана берген тәрбиеге байланысты. Сол себепті кез келген ана қыздарының қол қусырып отыруын жат әдет санап, оны әлімсақтан еңбекке баулыған. Қолы қалт етсе ине ұстатып, тігін тігуге бейімдеген. Яғни қазақ қыздарының қай-қайсысы болмасын іс тігуге икемді. Неліктен тігін тігу жайлы жазып отыр демеңіздер. Пандемияның уағында бұл тақырыпты қаузауға себеп бар.
Соңғы күндері дәріханаларда тұрақты табыс көзіне айналып отырған басты тауар – медициналық бетперделер. Тұрғындар түр-түсіне қарамастан жаппай сатып алуда. Оған себеп – дүниені дүрліктірген коронавирус. Қытайдан келген қауіпті вирус көптің арасында дүрбелең тудырғаны рас. Халық бұл вирустан қорғанудың алуан түрін іздестіріп кетті. Бірі лимон мен імбір көмектеседі десе, енді біреулері айналасын адыраспандатып жатыр. Ал ақ халатты абзал жандар сыртқа шығарда бетпердесіз жүрмеуге кеңес береді. Өкініштісі, мамандардың дабылын бірі мүлткісіз орындаса, енді біреулері мән бермейді. Содан болса керек айналада бетпердесіз бейғам жүрген жандар баршылық. Егер олардың қасына барып «Маска тақпайсыз ба?» деп сақтық шараларын есіне салсаңыз, «ақшам жоқ» деп айтып салады. Міне, тігін тігуді қаламымызға арқау етудің бас­ты себебі – осы.
Иә, қазіргі таңда тігінмен айналысу кез келгеннің қолынан келеді. Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, сан түрлі бетпердені байқайсыз. Олардың ішінде арнайы жазу жазылып, сурет салынғаны да бар. Бір қызығы, қыз-келіншектердің осылай бетперде тігуіне пандемия әсер еткен. Төрт қабырғада қол қусырып отырғысы келмеген нәзікжандылар ине мен қайшыны серік етіп бетперде тігумен айналысқан. Осылайша өзінің де, жақындарының да саулығына мұрындық болған. Соның бірі жиырмадан енді асқан бойжеткен Аружан Қайратқызы. Ол бала кезден қолөнерге қызыққан. Үй тірлігі мен сабақтан босағанда әртүрлі бұйымдар жасап, құрбы-құрдастарына тарту еткен. Қазіргі таңда Аружан бетперде тігіп қана қоймай, оны туған-туыстарына беріп жүр.
– Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, ка­ран­тиннің де пайдасы тиюде. Бұрын қолөнермен айналысатын уақытым тапшы деуші едім. Ал қазір қай кезде тігінмен айланыссам да болады. Өйткені, жұмысым уақытша тоқтап, үйде сақтанып отырмын. Әрине, үйде отырғаннан да зерігесің. Сол үшін мен бетперде тігуді қолға алдым. Оған көп нәрсе керек емес екен. Тек ынта мен уақыт және талап қажет. Ал алақандай мата мен тігін машинасы әр үйден табылатынына сенімдімін. Менің тігін машинам өте ескі. Әжемнен қалған естелік. Жақында соны қайтадан пайдаланып жатырмыз. Алғашқы күні 10-15 бетперде тігіп, көрші-қолаңға, туыс-туғанға бердім. Қазір бетпердесі жоқтар өтініш айтады. Бірақ олардан ешқандай ақы сұрамаймын. Тек матасын әкеліп береді, – дейді жас жеткіншек.
Расымен, әрқайсымыздың үйімізде ине мен қайшы және мата табылады. Ал тігін машинасы жоқ болса, қиналмай-ақ қолдан тігуге де мүмкіндік бар. «Талаптыға нұр жауар» демекші, шын талаптанған адам бетперденің жоғын айтып, қиындық тудырмайды. Сайып келгенде «Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны». Сондықтан еріншектікке бой алдырмай, бетпердені де қолдан тігуге қамданайық. Қырық жаны бар әйелдер қауымы бұл істің де тігісін жатқызып, шырайын кіргізіп орындайтыны да шүбәсіз сенімдіміз.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
11 сәуір 2020 ж. 382 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№36 (9200)

06 мамыр 2024 ж.

№35 (9199)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031