Қорғаныш бетпердесінен тапшылық болмайды
Әлемде тәжівирус таралғалы бері талай тағдыр ажал тырнағына ілінді. Алпауыт елдер арпалысқан кеселдің кесапаты қазақстандықтарды да айналып өтпеді. Көңілге кірбің ұялатқан вирустан қорғанудың бірден-бір тәсілі – қорғаныш бетпердесі. Ал оның тапшылығы тұрғындарды алаңдатып отыр. Осыны ескерген аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков кенттегі дәріханаларды аралап шықты.
Медициналық маска жұқпалы аурулардан қорғайтынын жақсы білеміз. Ал ол осыдан 100 жыл бұрын «испан тұмауы» кеңінен тараған кезде пайда болған деседі. Қазірде жұрт бір-біріне қоңырау шала қалса, қай дәріханада бетперде бар екен деп сұрап әлек. Әншейінде ешкімге керегі жоқтай көрінетін сол бетперде шыныменде зәру затқа айналған ба? Анық-қанығын білмек болған аудан әкімі кент орталығындағы «Арзан», «Мөлдір» дәріханалар желісіне кіріп, қорғаныш бетпердесін сұрады. Адам аяғы үзілмейтін «Арзанда» келген тауар әп-сәтте өтіп кетіп жатқандығы айтылды. Одан әрі бірнеше дәріхананы аралаған аудан башысы бетпердені жылдам алдыру керектігін айтты. Сондай-ақ бағасы да бақылауда болатынын жеткізді.
Тәжтажалдан сақтану үшін бетперде іздеп сандалған тұрғындар қорғаныш құралына он миллион қаржы қаралуда деген сыбысты естіп сабасына түскендей. Бүгін, ертең халықтың сұранысын толық қанағаттандырады деген жұрт арасындағы сөздің ақиқатын білмекке бел байладық. Аудан әкімі баспасөз хатшысының мәліметіне сүйенсек, кенттегі «Тоғжан» тігін ательесі мен Шиелі аграрлы-техникалық колледжі бірлесіп бетперде тігумен айналыспақшы.
Алайда, бюджеттен он миллион қаржы бөлінді деген жай қауесет сөз болып шықты. «Тоғжан» тігін ательесінің басшысы Т.Мұсаева: «Біз былтырдан бері аграрлы техникалық колледжбен әлеуметтік-әріптестік аясында келісімшарт жасаған болатынбыз. Тігінші мамандарды іс-тәжірибеден өткізіп те тұрамыз. Ел басына күн туған қысылтаяң кезде бетперде тігуді қолға алуды жөн санадық. Әрине, бұл бастаманы көтерген аудан әкімі К.Мүбараков», – деді. Иә, дәл қазіргі жағдайда «алма піс, аузыма түс» деп отырудың өзі ақымақтық. Өйткені, республиканың өзінде қорғаныш бетпердесінің жоқтығы айтылуда. Сондықтан аудан басшысы кәсіпкерлерге бетперде тігіп, аудандағы дәріханаларды өзіміздің өніммен толықтыруды ұсынды.
Баршаға мәлім қызылордалық «Далатекс» ЖШС медициналық маска шығаруды қолға алған болатын. Тәулігіне 10 мың дана шығаруға қауқарлы кәсіпорынмен ымыраға келген Шиелі аграрлы-техникалық колледжінің тігін цехы бетперде тігуді бастап кетті. «Тоғжан» ательесі мен колледж тігіншілері тәжірибе жинақтап бастаған бірінші күні 1500 бетперде тігіліп, кенттегі дәріханаларға жеткізілді. Қарапайым үлгіде тігілген бетперде 80 теңге, екінші түрі 110 теңгеден аспайды. Күні кеше кәсіпкерлік аясында қолға алынған бетперде тігу жұмысы осы қарқынынан таймаса, алдағы уақытта тапшылық болмасы анық.Жаһан жұртын жалмаған эпидемияны 20 наурыз күнгі дерек бойынша 49 қазақстандық жұқтырған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Сондықтан сақтыққа қорлық жоқ. Ең бастысы, сабырлылық танытып, тазалыққа баса мән бергеніміз жөн-ақ. Ал бетперде мәселесі оң шешімін тауып тұр.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ