Коронавирустан қандай маска қорғайды?
Медициналық бетперде коронавирустан қаншалықты қорғайтыны және ауру жұқтырудан қандай маскалар сақтайтыны жайлы иммунолог дәрігер София Линникова айтып берді, деп хабарлайды Хабар 24.
Бүгінде елімізде медициналық бетперденің түрлері көп. Қабатына, пайдалану ұзақтығына қарай бөлінеді. Елде орын алған соңғы жағдайларға байланысты халық арасында бетперделерді тұтыну көлемі артқан. Алайда, індетке шалдығудан сақтану үшін қандай маска таққан жөн? Дәрігер София Линникованың айтуынша, кәдімгі бір реттік бетперделерді өңдеп қайта тағуға болатын көрінеді.
«Маскалар көбіне бір реттік қолданысқа ғана жарайды. Алайда оларды жақсылап өңдесе, масканы үнемдеуге болады. Ол үшін масканың екі жағын спиртпен сүртіп, пластик ыдыстың ішіне салу керек. Екі-үш сағат уақыт өткен соң бетпердені қайта қолдануға болады», – деді София Линникова.
Адамдар маска тапшылығынан кейде үй жағдайында бетперде жасап жатады. Иммунолог мақта-дәкелі қорғану маска қалай жасалатынын түсіндіріп берді.
«Дәкені алып, 4 қабат етіп жаямыз. Оның үстіне мақтаны біркелкі етіп қоямыз. Сөйтіп тағы 4 қабат дәкемен жабамыз. Жан-жағын тігіп, резіңкесін тағамыз. Маскамыз дайын», – деді дәрігер.
Дәрігер кез келген маталы маскаға сыни көзбен қарайды. Алайда вирустан қорғану үшін қолдан келгенше қамданған жөн. София Линникованың айтуынша, адамдаға жаппай жиналған жабық орыннан гөрі таза ауада, ашық аспан астында серуендеу қауіпсіздеу.
«Далада жүру қауіпсіздеу, себебі жабық орындардағы ауа тар болғандықтан, ұшып жүрген вирустар көп болады. Коронавирустан қорғанудың тиімді тәсілі өзіңді сәл де болсын шектеу. Үйде отырғаныңыз абзал», – дейді иммунолог.