НАРТАЙ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН...
Шиелі ауданы – өнер десе Нартайы, еңбек десе Ыбырайы, ғылым десе Шахмарданы бар киелі мекен. Осынау қасиетті топырақта елді аузына қаратқан ақын да, еңбек озаты да, ғалым да шыққан. Қойнауына құт дарыған өңірде атабабаның ізін басып, құндылығын жоғалтпай, атын өшірмей жүрген азаматтарды көргенде көңілің тасып, шын қуанасың. Соның ішінде ұлттық өнерді дәріптеп, ақынжыраулардың өнегелі өмірінен нәр алып, елдің ақ батасымен өсіп келе жатқан өрендердің орны бір төбе. Саф өнерді сары алтындай сақтап, ақиық ақын, күміс көмей әнші, замана бұлбұлы Нартай Бекежановтың ізбасарына айналған жас дарынның бірі – Айбек Еркінәлиев.
Айбек Алмасұлы 5 жасынан бастап әуенге әуес болып, талай дарынның бағын ашқан аудандық «Өнер» мектебіндегі «Дәстүрлі ән» сыныбына қабылданады. Көзінің отын, баланың өнерге деген құштарлығы мен дарынын бірден аңғарған ұстазы Ізбазхан Дәулетхан өзінің шәкірті етіп, шырағын жағады. Ұлағатты ұстаздың тәлімін көрген жас талант бүгінде облыстық, республикалық, халықаралық дәстүрлі әншілер байқауының жүлдегері, конкурстардың лауреаты атанып үлгерді. Айбектің үлкен сахнада өнер көрсетуі, елдің аузында «бала Нартай» атануы әуелі Алла, одан соң әкенің қаны, ананың ақ сүті десек, қателеспегеніміз болар. Себебі Айбектің түп нағашысы Орынкүл анамыз Нартай Бекежановтың Сыздық деген үлкен ағасының тұңғыш қызы. 5 жасынан бастап Нартай атамыз бауырына басып, өз қызындай өсіріп, жиын- тойларда қасынан тастамай бірге алып жүрген екен. Бойжеткен соң қарындасын Нұрбай әкемізге ұзатады. Содан 4 ұл, 4 қызды дүниеге әкеліп, олардан 35 немере, 80 шөбере, 4 шөпшек сүйеді. Біздің кейіпкеріміз Айбек осы Орынкүл анамыздың 61-ші шөбересі. Көзі тірісінде бала Нартайдың қазақтың дәстүрлі ән өнерінің төл перзентіне айналуын тілеп, ақ батасын берген. Сондай-ақ Айбектің туған күні Нартай атасымен 1 ай және 1 күнде екен. Бұны да үлкендеріміз жақсылыққа балап, ерекше сәйкестік екенін айтып отыр. Жуырда жас дарын иесінің «Өнер» мектебінде «Бала Нартай» атты алғашқы жеке шығармашылық жыр кеші өтті. «Әнді сүйсең, менше сүй» деген дәстүрлі ән өнерінің жанашырлары залды лық толдырды. Жыр-терме десе, ішкен асын жерге қоятын мен де көпшілік арасынан орын тауып, жайғаса кеттім. Бірер сәттен соң халықпен мен қашан қауышамын деп асыға күткен Айбек ініміз де 18 тілдік сырнайын көтеріп сахна төрінен төбе көрсетті. Алдымен келген қонақтарға шараны тізгіндеген жырау, Айбектің ұстазы Ізбазхан Дәулетхан жыр кештің иесін таныстырып, жеткен жетістіктерін атап өтті. Сонан соң, жас жырау жиналған жұртшылықты әсем әнмен сусындатып, жырға шөліркеп келген көрерменнің көңілін көтеріп, мауқын басты. Нартайдың өсиетнақылдарын нақышына келтіріп орындаған бала Нартайға біз де «Ой-пәлі, бәрекелді» десіп, шабыттандырып, қанаттандырып отырдық. «Жақсымен өткізген жарты сағат, Жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» демекші, мағыналы, мәнді жырлармен сусындап отырған көрермен концерттің қалай аяғына келгенін аңғармай қалса керек. Түгел орындарынан тұрып, қимастықпен қошеметтеп қол соғып, алдағы уақытта тағы қауышуын тілесті. Кеш соңында, «Өнер» мектебінің директоры Нариман Мизамбаев, белгілі жырау Нұртілек Ақтаев жас дарынға ізгі тілегін айтып, шығармашылығына сәттілік тіледі. Ұ л т ы мы зд ы ң д ә с т ү р л і ә н ө н е р і – руханиятымыздың сарқылмас қазынасы һәм мол мұрасы. Айтыс ақтаңгері Мейірбек Сұлтанханша айтқанда, ұлттық өнеріміз төрден түспесін. Ал дәстүрлі әннің дәрежесін көтеріп, киелі сахнаға қадам басып келе жатқан Айбек інімізге шығармашылық табыс тілейміз.
Мейіржан ИБРАГИМОВ