Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨМІРШЕҢ ӨНЕР ИЕСІ

ӨМІРШЕҢ ӨНЕР ИЕСІ

Домбыра – қазақтың жаны, ұлттық болмысы. Осынау аспап мәдениетіміздің жаңа кезеңінде өзінің айрықша келбетін, қайталанбас құндылығын ашқандай. Қазіргі таңда ұлт тарихымен бірге рухани-мәдени құндылықты ұлықтаушы жандар өңірімізде жетерлік. Соның бірі – домбыра ойнауды жетік меңгерген ұлағатты ұстаз Еңлік Әділханқызы.

Домбыраны жанына серік еткен кейіпкеріміз Шеген Қодаманов ауылының тумасы, Ақмая елді мекенінің үлгілі келіні. Өнерге жақын өскен ол сонау мектеп жасынан-ақ домбыра сыныбына қабылданып, ұстазы Гүлзада Есетовадан 4 жыл тәлім алған. Кейін өнердің арасын суытпай облыстағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжге оқуға түседі. Атаулы өнер ордасынан мамандық алып шыққан соң білімін одан әрі қарай шыңдап Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқуын жалғастырады. Осылайша ол музыкалық білім жетекшісі және домбыра пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп шығады. Алғашқы еңбек жолын 2013 жылы аудандағы Шиелі өнер мектебінен бастап, қазіргі күнге дейін бір саладан қол үзбей домбыра пәнінен ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеуде.
– Мен өзім бала күннен домбыраға жақын өстім. Әл күнге дейін ұлттық аспаптан ажыраған емеспін. Бос уақытымда қос ішекті шертіп, ішімдегіні шығарып аламын. Негізі домбыра қазақтың жан толғанысын, ішкі тебіренісін айрықша үнмен жеткізуші аспап. Кезінде атақты күйші Құрманғазы атамыз өзіндегі ішкі жан толғанысын талай күй арқылы халықтың жүрегіне жеткізді емес пе? Міне, тыңдай білген адамға домбыраның айтар сыры көп. Сол үшін қазақ домбыраны қасиетті санап, оған төрден орын берген. Ал менің өнерге деген құштарлығымды оятқан ол – менің ата-анам, – дейді ол.
Еңлік Мұсылманқұл 11 жыл еңбек жолында талай шәкіртті домбыраға баулып, өнер жолына қанаттандырған ұлағатты ұстаз. Бүгінде дәріс алған оқушылары республикалық, облыстық байқауларда жүлденің алдын бермей, жеңімпаз атануда. Сонымен бірге биыл облыста өткен «Ерлігің ұрпаққа үлгі – ұлағатты ұстаз» атты байқауда II орын алса, «Туған өлкем» облыстық күйшілер байқауында шәкірті Ернұр Құрманәлі II орынмен марапатталған. Кейіпкеріміз шәкірт тәрбиелеуде оның қабілетіне ерекше мән беру керегін және ерте жастан үйрету жөн екенін айтты.
– Біз баланы 2-3 сыныптан бастап домбыраға үйретеміз. Жалпы ұстаз шәкірт тәрбиелеуде ерінбеу керек. Мәселен, өнер саласында жүрген мұғалімдер баланың қабілетімен көп жұмыс істейміз. Баланың ықыласына да қараймыз. Шәкірттерді нотаман үйретеміз. Себебі, нотамен үйренген бала көбіне өзінің еңбегімен, алғырлығымен көзге көрініп, жетістікке жетіп жатады. Мұның барлығы ізденіс пен талапты қажет етеді, – деді ол күлімсіреп.
Айтпақшы, мереке қарсаңында Ұлттық домбыра күніне орай «Ұлттық үні – домбыра» атты домбырашылар ансамбльдерінің облыстық байқауынан Еңліктің дайындаған Ақмая ауылдық клуб үйі домбыра үйірмесінің оқушылары II орынды қанжығаға байлап келді.
Аяулы ұстаз әрбір жетістігін ұзақ жылғы ізденіс пен шығармашылықпен байланыстырады. Білім көшін ілгері жылжытып келе жатқан, шырақ отын маздатқан ұстаздың еңбегі қашан да бағалы, ардақты. Осыны ұмытпайық!

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
10 шілде 2024 ж. 108 0