Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері

Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері

Айтыстың ақтангері атанған Мұхтар Ниязов үшінші мәрте «Алтын домбыра» иегері атанды.
Ұлы даланың төсінде қазақ халқымен бірге ерте заманнан жасап келе жатқан домбыраның тарихы сан мыңжылдықты қамтып, әр жерде таңбаланып, белгісі қалған. Атап айтар болсақ, Майтөбеде домбыраның суреті бейнеленген таңбалы тас, Аралда домбыра ұстаған адамның мүсіні, Алтайда табылған атадомбыра. Түрлі күйді тудырып, терме мен жырды әуелетіп, айтысты ұлттық дәстүрлі сайысқа айналдырған да осы домбыра. Түрлі аңыздардан естігеніміздей мұң мен қуанышты жеткізіп, әділдік пен шындықты бүкпесіз айтқызған, шерткенде тілсіз үнмен күмбірлеп бар әлемді бір әуенге сыйғызған да домбыра. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға да ерекше үлес қосып келеді. Соның бір дәлелі «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы. Бұл сайыстағы бас­ты мақсат – «Алтын домбыра» арқылы домбыраны бұрынғыдан да биіктетіп, қазақ үшін киелі, құнды аспап екенін көрсету және айтыстың қазақ дәстүріндегі ұлттық өнер екенін жас ұрпаққа жеткізу.
Айтыстың ақтангері атанған Мұхтар Ниязов үшінші мәрте «Алтын домбыра» иегері атанды. Сөз шеберлерінің арасында өтетін ұлттық өнер сайысы 2012 жылы бастау алған. Сыр сүлейі алғашқы алтын домбыраны иеленіп, қанжығасы майланған. Мұнан кейін араға төрт жыл салып 2016 жылы екінші мәрте «Алтын домбыраны» алды. «Тәуелсіздік айбарым» атты тақырыпта өткен тоғызыншы мәрте өткізілген «Алтын домбыра» ұлттық өнер айтысында жеңіп, үшінші мәрте алтын домбыра иегері атанды. Бұл дегеніміз айтыстың нағыз дүлділі, сөз шеберінің жүйрігі екенін дәлелдегені емес пе?! Жыл сайын осындай атаумен өтетін аламанда оза шауып, алтынға қол жеткізу айтыскерлердің басты мұраты. Ал үш мәрте иеленгеннің қанжығасындағы алтын домбыра біржола қалмақ. Сыр сүлейі Мұхтар Ниязовты атаулы жүлдесімен құттықтай отырып, ұзақ өмір, отбасына бақыт, деннің саулығын тілейміз.

Ақбота БАЯНБАЙ
12 желтоқсан 2020 ж. 1 560 0