«ҚАРАПАЙЫМ КІТАП» ШЫҚТЫ
Шиелінің шұрайлы жері жан біткенге шабыт сыйлап тұрары сөзсіз. Бұл қасиетті жерден еңбек озаттары да, білімнің көзін тапқан ғалым да, елді аузына қаратқан шайырлар мен өнер майталмандары да шыққан. Сондай адуынды ақындардың дара жолын жалғап, саф өнердің қалпын бұзбай, өнер қайраткерлерінің ізінен таудай талабымен талпынып келе жатқан талант иесі әнші-сазгер, ақын – Әл-Фараби Бекарысұлы.
Ел арасында кеңінен танымал «Найзағай көңіл», «Аппағым менің» секілді халықтың жүрегінен орын алған көптеген әндердің авторы Әл-Фараби Бекарысұлы 1989 жылы дән атасы Ыбырай Жақаев ауылында дүниеге келген. Аяулы анасының ақ сүтімен дарыған өнерді жанына серік етіп, бүгінде талантымен жұртты тәнті етіп, халықтың сүйікті ұлына айналып үлгерді. Бала күнінен шығармашылықпен шыңдалып, Құдай берген дарынының арқасында ол көптен бері ойға алған мақсатына қол жеткізіп, «Қарапайым кітап» атты еңбегінің тұсауын кесті. Кітапта ақынның өлеңдері мен әңгімелері және анасы Рыскүл Жәлиқызының аманаттап кеткен өлеңдері жинақталып, қалың оқырман қауымына ұсынылды.
Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен әдеби-сазды кешке арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов аудан әкімінің құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыс етті. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тастанбек Сәтпай, Жанарыс Бейімбетұлы сөз алып, салтанатты түрде кітаптың лентасын қиды.
Мәдениет үйіне жиналған аудан тұрғындарына қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Роза Әлқожа және Үкітай Ерниязов Әл-Фараби Бекарысұлының сөзі мен әніне жазылған туындыларын орындап, ерекше әсер сыйлады. Осындай халық жүрегінен орын алған мән-мағынасы үйлескен тамаша әндермен сусындаған көрермендер ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды. Осы күнді бала күнінен бері армандаған Әл-Фараби:
– Кітаптың аты «Қарапайым кітап» болғанымен мен үшін ерекше құнды. Балалық арман бүгін орындалып, қуанышым қойныма сыймай тұр. «Туған жерге туыңды тік» демекші, туып-өскен жерімде кітабымның тұсауын кесу үлкен бақыт екенін сездім. Шиелімнің әр тасы ыстық, себебі бұнда әке-шешемнің ізі қалған. Бүгінгі кешіме алтын басын иіп, ақ пейілін арқалап келген ағайынға үлкен алғысымды білдіремін, – деп жүрекжарды тілегін білдірді.
Халық даналығында «Өнерлі болу бір құрмет, өнерді сүю мың құрмет» деген сөз бар. Жиналған жұрт кеш соңына дейін ақын ұлына құрмет көрсетіп, кітабын алуға асықты.
М.ҚАЙРАТҰЛЫ