Тума талант иесі
Өмір дариясында әр адамның өзіндік лайықты орны болады. Оған жеткізетін әркімнің бойындағы ақылы мен парасаты. Бүгінгі кейіпкеріміз – отыздың ордасына көтерілген, парасаттың да, әділдіктің де, адалдықтың да таусылмас кені сынды, жүзінде жақсылықтың ишараты тұратын, әнші-сазгер – Әл-Фараби Бекарысұлы. Оның өлеңдері сыршылдығымен оқырманын өзіне баураса, айтқан әндері әуезділігімен, өзіндік нәзік иірімімен, қазақылығымен тыңдарман жүрегінен жол тапқан.Шиелінің атын шығарған Нартай Бекежановтың, ақын-жазушылар Қалмақан Әбдіқадыров, Әбділда Тәжібаев, Оразбек Сәрсенбаев, айтыскер ақын Мақанбетқали Тұрсанов әнші Әлмырза Ноғайбаев, сазгер Өркен Исмаил сияқты таланттардың орны ерекше. Олар туралы ауыз толтырып айта аламыз және бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Дегенмен, бүгінгі таңда ондай жандар күзгі даладағы алтын астықтай сиреп, селдіреп қалған.
Ал бүгінгі бекзат өнердің өкілі – өзі әнші, өзі ақын, нағыз талантты өнер иесі Әл-Фараби Бекарысұлы.
Әл-Фараби Бекарысұлы 1989 жылы Шиелі ауданы, Ы.Жақаев ауылында дүниеге келген. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың дуалы аузынан шыққан асыл сөздерін біліп, сол береке дарыған туған ауылының шаңына оранып, шалғынына аунап, Сырдың суына шомылып, топырағында өскен Әл-Фараби жастайынан туған ауылын, ондағы ақкөңіл адамдарын, ата-анасының көзін көрген мейірімді үлкендерін ерекше жақсы көріп өседі. Ауылдан жырақ кетсе аңсайды, шет жүрсе сағынумен болады.
Өнерлі отбасынан шыққан Әл-Фараби жастайынан өлең-жырға құмар, музыкаға бейім болып өседі. Оның сыры неде деген сұрақтың қылаң беруі орынды. Өнерде өзіндік өрнегімен танымал болған арғы бабаларын былай қойғанда, Әл-Фарабидің туған әкесі Бекарыс қара жұмыспен шыныққан, еңбекқор кісі болса, екінші жағынан баянды арнайы оқусыз-ақ, қарым-қабілетімен мықты тартқан және көңілі көтеріңкі уақытта қолына баян алып, халық әндерін әуелетіп айтатын әнші, сөзге шешен кісі болған екен. Сонымен қатар, аудандық атабасылым «Өскен өңір» газетінде фтотілші болып жұмыс істеген. Ал анасы Ырыскүлдің музыкаға әуестігі өте жоғары болған. Ол кісі де оқыған кәсіби баянист, тігінші, мықты педагог және өзіне тән ақындығымен ауылына танылған. Сонымен қатар Ырыскүл апай Алғабас ауылынан «Балауса» ән-би ансамблін құрған. Өнерлі шәкірттері Мәскеуге дейін барған. Тек жиі сырқаттанып қалады екен. Халқымызда «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар. Әл-Фараби сол ұяда көргенін іске асырмай тұрып, отбасылық қайғыға душар болды. Ол қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп отырған өнерлі ата-анасынан ерте айрылып, жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татып өсті. Әл-Фарабидің ата-анасы 2003 жылы аяқ астынан, жол апатынан бақилық болып кете барды. Алла басқа салғасын амал бар ма?! Оң мен солын танымаған Әл-Фараби небары 14 жасында жетімдіктің қамытын киіп шыға келді. Өзінің әпкелері мен артындағы қарындастарына, төрт бауырына жалғыз ұл ретінде, ағалық, інілік үлгі көрсетуге мәжбүр болды. Әйтседе тағдырдың ащы дәмін тартқан оны өмір ерте есейтіп жіберді. Алланың берген өнерінің арқасында қара шаңырақты қаңыратпай, төрт қызға төркін болайын деп Әл-Фараби жиырма жасында шаңырақ құрды. Асыл жары екеуі өмірге 5 бала алып келеді. Өнер әлеміне алғаш аяқ салған тұста баянды қолына алып, ырғағынан жаңылмай, тұнжыраған тыңдарманын селт еткізіп, саз өнерінің саңлақтарын дүр сілкіндіріп, өзіне, өнеріне ынтық қылған өренге айналды. Анасынан дарыған ақындық қасиет Әл-Фарабиді алға сүйреді. Анасы Ырыскүл көзі тірісінде Фаридахан сіңілісіне:
– Фаркашжан, жаман айтпай жақсы жоқ, жақсылап тыңдап ал. Мынау менің соңғы өлең дәптерім. Саған аманат! Қаншамасынан мән бермей айрылдым. Соңғысы осы! Егер Фарабиім өнер жолына түсіп, шығармашылыққа бет бұрса, жиырма бестен асқасын қолына берерсің. Сол кездері оның парасат пайымы жетіліп кемеліне келер, менің жан-дүниемді ұғына алар. Ал егер өлең жазбайтын болса, бермей-ақ қой, өзіңде сақта, көзімдей көрерсің деген екен анасы Ырыскүл көз жасын бір сығып алып, өзінің Фарида сіңілісіне осыдан он тоғыз жыл бұрын дәптерді аманаттағанда. Ал, Фарида осыдан 5-6 жыл бұрын өзінің бауыры Әл-Фарабиге дәптерді аманаттады.
Сонымен қатар, Әл-Фарабидің музыкалық дарыны 5 жасар кезінде- ақ аңғарылған. Халқымыз «Әке балаға сыншы» деп бекер айтпаған. Баласының бойындағы қабілетін ерте сезген әкесі әу баста айналасына «Осы балам тегін емес. Бойында бір қасиет бар. Түбінде бір жерден шығады. Ешқайсың бетін қағушы болмаңдар» деп ескертіп отырған екен. Әл-Фараби алғашқы әнін 21 жасында әкесін аңсап шығарыпты. Ол өз қалауымен 2004 жылы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне «Халық аспаптары» мамандығына түсіп, оны 2009 жылы үздік оқып бітіреді. Содан кейін Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйінде үйірме жетекшісі болып қызмет атқарады. Қазіргі кезде №244 Ы.Жақаев атындағы мектепте «музыка» пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Бүгінде Әл-Фараби еліміздегі талай өнер майталмандарымен етене араласады. Оның өлеңдеріне жазылған керемет әндерді Роза Әлқожа, Заттыбек Көпбосынов, Үкітай Ерниязов, Серік Ибрагимов, Жарасқан Төлебай сияқты танымал әншілер шырқап жүр. Сондай-ақ жоғарғы оқу орнында бірге оқыған досы Үкітай Ерниязов екеуі «Найзағай көңілден» бастап көптеген туындылар жазған екен. Оның ең алғаш жазған «Найзағай көңіл» атты өлеңін Төреғали Төреәлі сөзін өзгертіп айтып жүрді, Досқан Жолжақсынов та солай орындады. Бірақ түпнұсқасында «Жарқ етейінші, найзағай болып» деп бірінші жақта жазылған. Әл-Фарабидың ән-күй, саз, өлең-жырларынан, ел тарихын, оның рухани күш-қуатын сезініп, жаныңа жұбаныш табасың, өрелі де, өрісті жан екендігіне сүйсінесің. Осындай таланттардың барына мақтанасың! Оның қаламынан туған тұшымды дүниелеріне де таңданбай қалған кезіміз жоқ. Қазақ халқы «Әкеден ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп тегін айтпаса керек. Әкенің дарынын, ананың арманын орындап, ән әлемінің Әл-Фарабиі атанған кейіпкеріміздің таудай талабына сәттілік тілейміз!
Шапағат Тілеубаев