Өнердің сан түріне бар таласы, Шиелінің талантты әр баласы
Шиелі өнерлілері туралы айтқан кезде бұқаралық сипаттан гөрі даралық қасиеті басым ерекше сирек өнер саласында танылған таланттарымызды таныстырудан бастасақ. Қазіргі бейнелеу өнерінде республикаға танылған таланттар: суретші-мүсінші Мұратбай Үмбетов, суретшілер Әбілқасым Сәрсенбаев, Сәуле Бапанова, Амангүл Ыханқызы, Сағынтай Әлімбетов, өнертанушы Мұхаметжан Әлімбаев еңбектері атап айтуға лайық. Бұрын сурет салып келген Мұратбай Үмбетов кейінгі жылдары талантының басқа қырынан ашылды. Шиелідегі Мұстафа Шоқай, Жалағаштағы Бұхарбай батыр мүсіндерін сәтті сомдаған Мұратбай 2010 жылы Қара қыпшақ Қобыланды батыр бабамыздың көз сүйсінер алып тұлғасын Қызылорда қаласында тұрғызды.
Әбілқасым Сәрсенбаев соңғы жылдары туған жері Шиелі көріністерін қыл қаламымен бейнелеумен қатар, түрік әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайдың өміріне арналған суреттер сериясын сәтті шығарды. Әбілқасым еңбектерінен Шиеліде көрме ұйымдастырылып, жұртшылыққа кеңінен таныстырылды.
Суретшіліктен бастаған Амангүл Ыханқызы тың кәсіп – құшкөн өнерімен айналысып, жақсы көрініп жүр. БҰҰ-ның 50 жылдық мерейтойына, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия патшайымы ІІ Елизаветаға, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дж. Картерге Қазақстаннан тартылған тарту Амангүлдің қолынан шыққан бұйымдар екен. Отағасы Сыр перзенті Жәңгір мен Амангүлге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілген. Олардың балалары да суретшілік өнер жолына түсіпті.
Шиелі аруы Сәуле Бапанованың да отбасы түгелімен өнер қуған жандар. Қызылордалық ерлі-зайыпты Әлібай мен Сәуле Бапан қолданбалы өнер – тоқыма, гобелен саласының майталмандары. Олардың қолдарынан шыққан киіздер мен алашаларда поэтикалық пейзаждар, натюрморттар, түрлі композициялар көз тартады. Балалары да ата-ана жолын қуып келеді.
Сыр елі – жыр елі. Бір ғана Қызылорданың өзінде ақын-жыраулықтан басқа да өнерпаздықтың үш түрлі мәнері, мектебі, дәстүрі бар. Арал-Қармақшы бір мектеп болса, Жалағаш пен Қызылорда арасының дәстүрі бөлекше, ал, Қызылордадан Түркістанға дейін бір мәнер деп шартты түрде жіктеуге болады. Бұл дәстүрдегі орындаушыларды бірімен бірін шатастыра алмайсыз, ерекшеліктері көзге ұрып тұрады. Міне, осы ортада өрбіген Шиелінің өнерпаздық дәстүрі даңқты, бір кездері одақтық, тіпті, халықаралық аяға да шыққан-ды.
Бір кездегі Нартай Бекежановтан бастап, осы заманға театр әртістері Мейірман Нұрекеев, Ғазиза Әбдінәбиева, Шайтұрсын Әбдібаев, сазгер, өнер зерттеуші Мүлкаман Қалауов, республикалық «Гүлдер» ансамблін ұйымдастырушылардың бірі – Серік Елеусізов, Құрманғазы атындағы оркестрдің бас концертмейстері, «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Қошқарбек Тасболатов, жыршы Шымболат Ділдебаев, әнші Әлмырза Ноғайбаев, айтыскер ақын Махамбетқали Тұрсанов Шиеліден шыққан таланттар екенін ауыз толтырып айта аламыз және бұл тізімді жалғастыра беруге болар еді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қошқарбек Тасболатов «Нартай сері», «Нартай қосбасар» күйлерін шығарған сазгер де.
Қошқарбек күйші туралы әңгімеден шығады, Сыр өңірінің күйшілік өнері деген кезде Сыр бойындағы музыкалық мектептің көрнекті тұлғасы Әлшекей Бектібайұлына (1847-1932) соқпай кете алмаймыз. Оның туған жері бүгінгі аумақтық бөлініспен көрші Жаңақорған ауданына қарасты тіптен іргелес Төменарық. Өнері күллі Сыр бойына, Арқаға жайылған дәулескер күйшінің талай шабыт шалқытқан жері сол кезде де, қазір де Ақмешіттен кейінгі ірі орталық Шиелі еді. Оның «Бөпемен бес тартыс» сайыс күйі Шиелінің базарында екі дәулескер күйшінің өзара өнер жарысында туған екен. Сондықтан, Әлшекейді ортақ өнерпазымыз деп неге айтпасқа. Өкінішке қарай, ұжымдастыру, тәркілеу кезінде кеңес өкіметінен қыспақ көрген дүлдүл бас сауғалауға мәжбүр болған. Сүйегі Тәжікстанда қалыпты, 1932 жылы қайтыс болған. Оның ұрпақтары бұл күнде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Ташкент өңірлерінде тұрады екен. Олардың арасынан аталарына тартқан күйші әзірге шыға қоймаған. Әлшекейден қалған мұра деген кезде оның он күйі ғана күйтабаққа жазылыпты. Қызылорда облыстық әкімдігі Әлшекей күйшінің сүйегін туған жеріне жеткізсе, күйші рухы қайта тірілгендей әсер етіп, Сыр өңірінің өзіндік күйшілік өнері өрістей түсер ме еді.
Ел іші – өнер кеніші. Шиелі өнерпаздары республиканың мәдениет министрлігі тарапынан өнер ұжымдарына берілетін «халықтық» деген абыройлы атақты алпысыншы жылдардың аяғынан бастап ала бастады. Мұндай мәртебелі дәрежеге жеткен алты өнер ұжымы бар екен. Бұл бір аудан үшін аз көрсеткіш емес. Алғаш рет мұндай атақты 1969 жылы аудандық мәдениет үйінің халық аспаптар оркестрі, кейін осындағы театр жеңіп алыпты. Содан соң «Қазақстанның 30 жылдығы» атанып келген қазіргі Бала би ауылының өнерпаздары да халық театры атанып, гастрольдерге шығып, таланттарымен таңырқатып жүрді. Өнер көрсетіп жүргендердің бәрі бірі күрішші, бірі механизатор, енді бірі шопан, мұғалім деген сияқты ауыл еңбеккерлері еді. «Нартай сазы» фольклорлық ансамблі, «Жас дәурен» ән-би ансамблі, Ноғайбаевтардың отбасылық ансамблі де осындай абыройға жеткен. Бұл айтуға оңай, ал, ол үшін қаншама ізденіс, ұйымдастырушылық және өзгелерді қайталамайтын өзіндік мәнер, келбет, ең бастысы – көрген жан қайта көргісі, тыңдағысы келетіндей іңкәрлік туғызатын талант қажет. Бұл ұжымдардың осындай дәрежеге көтерілуіне Бөрібай Қоңқабаев, Әмина Тасболатова, ағайынды Әшімхан, Әлімхан Оспановтар, Әлмырза Ноғайбаев көп еңбек сіңірді.
Осы ретте таланты тамаша жарқырап шығып келе жатқанда дүниеден ертелеу өтіп кеткен Әлімхан Оспанов (1955-1999 жж.) туралы арнайы тоқталып өтейік. Ол өнер қонған Нартай Бекежанов ауылының түлегі еді. Қызылорда мемлекеттік педагогика институтының ән және музыка факультетін бітірді. Әлімхан білікті музыка маманы, шебер ұйымдастырушы, талантты сазгер-әнші еді. Мектепте музыка пәнінің оқытушысы болып бастап, аудандық мәдениет үйінің, музыка мектебінің директоры болды. КСРО заманында бүкілодақтық І және ІІ өнер фестиваліне қатысып лауреат атанды. 1990 жылы ауданның «Жас дәурен» ән-би ансамблінің құрамында Португалияда өткен халықаралық ансамбльдер байқауына қатысып, дипломант болды. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі атанып еді. Оның елге кең таралған 20-дан аса әні бар. «Ақ ниет», «Қарындасым, бағың жансын», «Жеңешем менің, жеңешем», «Сабыр сыры», «Кім жақсы?», «Жүрек дерті» «Сен мені кімім дейсің?» әндері ел аузында.
Аудандық мәдениет үйінің халық
театры Қарағанды қаласында өткізілген халық театрларының республикалық байқауында Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясын қойып, бас жүлдені жеңіп алды. Қоюшы Әмина Тасболатоваға «Ең үздік режиссер» дипломы берілді. 1994 жылы Алматыда Шиелі ауданы мәдениеті мен өнерінің күндері өтті. Шиелілік өнерпаздар астанадағы М. Әуезов атындағы академиялық бас театр сахнасына шыққан сирек халық театрларының бірі болды. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мен «Алдар көсені» көрсеткен ауыл таланттарына талғампаз астана жұртшылығы сүйсіне қол соқты.
Облысқа дүрілдеп аты шыққан «Жас дәурен» ансамблі 1968 жылы құрылды. Оның бағдарламасын жасап, бағыт беруге Алматыдан сазгер Әсет Бейсеуов пен жазушы жерлесіміз Оразбек Бодықов шақырылды. Сол сапарында Әсет жергілікті ақын Дүйсенбі Смайловтың өлеңіне «Сыр маржаны» деген әлі күнге ел аузындағы тамаша әнді шығарып кетті. Одан бері ұрпақтар ауысқанымен, ансамбль дәстүрі үзілмей келеді. Бұл ұжым 1990 жылы Португалияда өткен дүниежүзілік фестивальда Қазақстан ғана емес, КСРО атынан қатысып, 16 күн өнер көрсетті, қазақ өнерін Еуропа жұртшылығына таныстырып оралды.
Жөлек ауылының мәдениет үйінің директоры З.Жақыпов ауыл ардагерлерінен «Майдангерлер» және «Әжелер» ансамбльдерін ұйымдастырды, ол ұжымдар да Алматыда өнер көрсетті, теледидарға түсірілді. «Телікөл» ауылында Абат Сыздықов та ансамбль ұйымдастырып, оның атын Социалистік Еңбек Ері ауылдастары Жадыра Таспамбетованың құрметіне «Жадыра» деп атады.
Талантты ақын-сазгер Өркен
Исмаил аудандық ішкі істер қызметкерлерінен құрған «Жалын» ұлт-аспаптар ансамблі де отыз жыл бойы өнер көрсетіп келеді. Өркеннің өзінің жазған әндері республикалық радио-телеарналардан үнемі беріліп жүр.
Жыр елі өнерінің бірі, әрине, жыршылық. Замана бұлбұлы Нартай Алыпқашұлы Бекежановтың жыршылық дәстүрін жалғастырушылар жайлы бірер ауыз тоқталайық. Қазақ халқының ақындық, әншілік, жыршылық тарихында «Нартай мектебі» деген ұғым бар. Бұл мектептің өмірге келуі Нартайдың ешкімге ұқсамайтын айту мәнерінде, дауысында болса керек. Сондықтан да, оның әндерін нақышына келтіріп, өзіндей етіп орындайтын әншілер өте сирек. Нартайдың көзін көргендер Балқашбай Жүсіпов, Арзулла Молжігітов, Әбілаш Әбуовтар Нарекеңнің өзіне жақындау орындайтын еді деп отырады білетіндер.
Шиелі аудандық мәдениет үйі жанынан «Нартай мектебі» құрылған. Республиканың мәдениет қайраткері, белгілі әнші-термеші Құрманбек Бекпейісов жетекшілік ететін осы мектеп түлектері Мейірбек, Нұртілек, Ержан, Еркін, Ақмарал, Әзілхан, Інжу, Елжас, Мұханбетәлі жас таланттар дәстүрді жалғастырушылар болып қалыптасып келеді. 2010 жылы Нартайдың туғанына 120 жыл толуы құрметіне арналып ауданда «Өздерің білер Нартаймын» атты облыстық жас ақындар айтысы, мәдени ошақтарда түрлі шаралар өткізіліп, Нартай әуені тағы да Шиелі аспаны үстінде қалықтап тұрып алды. 2012 жылы Астанада «Өздерің білер Нартаймын» деген атаумен Нартай әндерін орындаушылардың республикалық фестивалі өткізілді.
Ауданда мәдениет ошақтарын ашуға мемлекетпен қатар жеке адамдар да үлес қосқанын шиеліліктер аса құрметпен еске алады. 1947 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына алған ақшаны күрішші Ким Ман Сам өзінің «Авангард» колхозына клуб салуға берді. Ал, жазушы Қалмақан Әбдіқадыров өз қаражатын қазіргі «Қарғалы» ауылының «Жүзбай» деген жерінен мектеп салуға жұмсады, өзінің кітаптарын сол жердегі қызыл отауға өткізді. Қазір сол ауылдардағы клуб пен мектеп тиісінше екі айтулы азаматтың атында.
Қазір ауданда барлық ауылда мәдениет үйі немесе клуб, 32 кітапхана, Ыбырай Жақаев пен Нартай Бекежановтың мұражайлары жұмыс істейді. Осыншалықты рухани игіліктің қалыптасуына әр жылдары осы саланы басқарған Әбілқасым Палымбетов, Назарбек Шаухаманов, Бердіқұл Мәлібеков, Әди Ибрагимов, Жақаш Қоңыртабаев, Серік Елеусізов, Мұхамеджан Биімбетов, Роза Байсақалова, Жиенбек Молдабеков, Бөрібай Қоңқабаев, Өскенбай Тәшенов, Нәйла Палымбетова, Әшімхан Оспанов көп еңбек сіңірді. Қазір аудандағы мәдениет саласының жетекшісі Исабек Байкенжеев қол жеткен жетістіктерді одан әрі өрістетуде.
Мәдениет саласына еңбек сіңірген азаматтардың бәрін атап шығу мүмкін болмас, дегенмен, есімдері республика, облысқа мәлім, өнерімен өрге жүзген, адамдарды рухани ләззатқа кенелткен жүйріктерге тоқталып өтелік. Мырзақасым Төлепбергенов, Ұлжалғас Төлеу, Гүлдана Жақыпова, Бекболат Әбуов, Өтеген Райымбеков, Гүлсім Тұрғанбекова, Батырхан Маханов, Амангелді Сейтімбетов, Ермахан Ембергенов, Сәрсенбек Баймағамбетов, Кәмила Ыбыраева, Анар Оразымбетова, Гүлнәш Әбдіразақова, Гүлзира Құрбанғалиева, Орынбек Дүйсенбаев, Болат Қыдырәлиев, Піртай Әбуов, Әмір Бөпежанов, Серік Мелдебеков, Мырзалы Еспанов, Нұрлан Ағажанов, Ғазиз Мақатаев, Ақмарал Ноғайбаева, Сейтімхан Аймаханов, Сәрсенбек Жүнісов, Інжу Таспанбетова, Нұртілек Ақтаев, Мұхаммедәлі Бекпейісов бірі әнші, бірі күйші, бірі биші, бірі пародияшы, бірі көркемсөз оқушы деген сияқты көркемөнердің сан түрінен қатысып, аудан жұртшылығының ризашылығына бөленген таланттар.
Ағайдар Ысымұлы,
ҚР Мәдениет қайраткері.