ҚАСИЕТТІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ОРДАСЫ
Туған жердің әрбір құнды дүниелері тарих толқынымен қатар жүріп, ескерусіз, елеусіз қалмауы тиіс. Бұл жолда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалада «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасы керек екенін атап көрсеткен болатын. Осы мақсатта Шиелі ауданының танымал, аты әлемге әйгілі тұлғалар мен көне жәдігерлерді тауып, архивтерге сақтауда Нартай Бекежанов мемориалдық өнер музейі үлкен жұмыстар атқарып келеді.
Сегіз қырлы, бір сырлы, ақиық ақын, талантты композитор, күміс көмей әнші, замана бұлбұлы Нартай Бекежановтың өмірі мен шығармашылық жетістіктері сақталған бұл музей 1993 жылы 25 қазанда құрылған. Сәні мен сәулеті келіскен музей қабырғасы целикат қышынан өріліп, екi қабатты, екi күмбездi шығыс үлгісімен салынған. Дәл алдында 1990 жылы Н.Бекежановтың ескерткіші орнатылған. Ал, осы ескерткіштің авторы Е.Бименов деп, музей тарихын сондағы қызметкерлер сүйсіне айтып берді. Сонымен қатар, Н.Бекежановтың, өнер жолындағы ізбасарларының суреттері мен құжаттары музей залдарына қойылған. Киіз үй ішінде тұрмыстық заттар мен этнографиялық бұйымдары да тұр.
Нартай Бекежанов мемориалдық өнер музейінің директоры Ғабитбек Кошекбаев: ««Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаладан туындайтын «Жаһандану заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру және түркі тілдес елдердің ұлттық музыкалық өнерін насихаттау, мәдени байланысты нығайту мақсатында Қызылорда қаласында Түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты халықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалінде біздің өнер музейінен көрме қойылды» деп атқарылып жатқан біршама істен мәлімет берді.
Н.Бекежановтың шәкірті А.Молжігітов пен Ә.Оспанов әншінің көзі тірісінде тұтынған аспаптары мен шапанын, құнды дүниелерін жинап 1990 жылдан бері осы музейде сақтап келеді екен. Сонымен қатар, музейдің бірінші қабатында Нартай Бекежановтың балалық шағы мен ақындар айтысындағы көріністері, 1940 жылы Шиелі каналын қазушылардың суреттері, ұлттық аспаптар, әншінің ұлы ақын А.Құнанбаевтың 100 жылдығына қатысып, жүлделі оралған сәті, Нартай бригада мүшелерінің суреттері мен құжаттары «Нартай шаңырағы» және «Тәуелсіздік залына» ерекше көрік беріп тұр. Осының бәрі рухани жаңғыру жолында жасалып жатқан игі шаралар деп топшыладық.