Жауырынға жан бітірген

Ол кенттегі Ғ.Мұхамеджанов атындағы №270 орта мектепте еңбекке баулу пәнінен сабақ береді. Оқушыларға көне зергерлік жайында ғана емес, ағаштан жонып бұйым жасау, сәндік-қолданбалы өнер жөнінде талмай насихаттап жүр. Бір қызығы, шебер мүйізбен сүйекті көркемдеп өңдеуді кәсіпке, табыс табу тәсіліне айналдырмаған.
– Сүйектен бұйымдар жасауды бала кезімнен бастадым. Қызығушылығыма себепкер нағашы әжем мен атам болды. Бір күні нағашыларымның үйіне барғанда сүйекпен көмкерілген кебежені көріп қаламын. Ол кезде 16 жастағы бозбала едім. Сол сәттен бастап сүйектен бұйымдар жасауға болатынын түсіндім. Жастайымнан сүйек пен мүйіз жинағанды жақсы көретінмін. Сүйектен бұйымдар жасап, оны сатуды қолға алған емеспін. Бұл – менің хоббиім.
Сүйек – композициялық құрылымы мен формалық үйлесімі кең әрі адамның шығармашылық қиялын ұштайтын мәнге ие. Сондықтан, сүйектен бұйым жасау оңай емес. Оның өзіндік айла-тәсілі технологиясы бар. Ең әуелі сүйекті баптау технологиясының өзі көп уақытты қажет етеді. Қой мен сиырдыкіне, түйенікіне қарағанда жылқының сүйегінен майды ажырату аса қиын. Суға тұз немесе ас содасын араластырып, суын қайта-қайта ауыстыра отырып, 7-8 сағат қайнатасың. Ал сүйекті жонғанда одан шығатын күл мен тозаң адам өкпесі үшін аса қауіпті. Қолқаны алатын ащы иісі үшін де көбі жолай қоймайды. Сол себепті жұмыс барысында қорғаныш құрал таққан жөн, – дейді шебер.
Сүйектен жасалған бұйымдар ел арасында таңсық дүние. Медеудің айтуынша, бүгінде киізден, ағаштан, теріден жасалатын ыдыстар мен бұйымдар, тұрмыстық заттар көп болғанымен, сүйектен дайындалатын дүниелер сиреп бара жатыр.
–Шиеліде сүйектен бұйымдар жасаумен шұғылданып жүрген мен ғана. Ал ағаш пен теріден ұлттық бұйым жасайтын шеберлер көп. Қазақта сүйек өнері болғанымен, қазір бұл ұмытылып барады. Ғаламтордан сүйек ұқсатудың кейбір әдіс-тәсілдерін үйренейін деп қандай да бір ақпарат іздесем, ешқандай мардым мәлімет таба алмадым. Соған қарағанда, елде сүйек өнерімен айналысатындар аз-ау. Ал Ресейдің Алтай, Бурятия, Хакасия аймағында сүйек жасаумен айналысатын шеберлер бар. Сүйек бұйымдарын жасауды аталған өңірлерде жарық көрген кітаптардан, сондай-ақ орыс тіліндегі сайттардан меңгердім, – дейді шебер. Кейіпкеріміздің бұл сөзіне мән берсек, елде сүйек өңдеу өнерін кәсіп қылғандар, шынымен де азайып бара жатқанға ұқсайды.
Кейіпкеріміз сүйектен жай ғана тұрмыстық заттар жасап қоймай, ойы мен айтары бар өнер туындыларын дайындауға мән береді. Атап айтсақ, «Асығым алшысынан», «Гүлім болсын ұсынған», т.б бұйымдарының өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, «Гүлім болсын ұсынған» бұйымы мүйізден екі жапырағын шығарып, бұтағын сүйектен, гүл күлтесін мүйізді кесіп тілумен келтіріліп жасалынады. Сүйектерді ою үшін қолөнерші сиыр, қой, жылқы сияқты жануарлардың сүйектерін пайдаланады. Бір кәдесыйды жасауға он күн кетеді. Шебер сүйектен бұйым жасаудың ауыр шаруа екенін әрі екінің бірі бұған шыдас бере бермейтінін айтады.
– Сүйекті желіммен жабыстыра алмайсың. Оны бір-біріне біріктіру үшін кетік жасап, сынадай бекіте білуің керек. Мен сүйек бекітуге болт пайдаланамын. Бұл – барынша заманауи тәсіл. Сүйектен жасалған бұйымды бояй алмайсың, ешқандай лак жарамайды. Тек жылтырату үшін аздап түссіз лак жағуға болады. Кезінде ата-бабаларымыз асықты қынамен бояғанымен, сүйекті қынамен бояп сәндей алмайсың. Сондықтан табиғи түсі қанық сүйектерді іздеу керек, – дейді Медеу Бердімұрат.
Сүйекшілік өнерімен айналысқанына екі жыл болса да, шебер талай жетістіктерге жеткен. Оның шәкірттері де аудандық, облыстық, республикалық деңгейде байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтсақ, «Жаңа Қазақстан, Жаса Қазақстан!» атты республикалық жас өнерпаздар арасындағы патриоттық онлайн байқауда шәкірті Ғизат Қанатбекұлы қолөнер жанр бойынша қатысып, бас жүлдеге ие болған. Сонымен қатар Мейіржан Шазатхан оқушысы да республикалық көрме-байқауының аудандық кезеңінде «Ағашты, сүйекті, теріні көркемдеп өңдеу» номинациясы бойынша жүлделі I орынмен марапатталған.
Расында, қазақ халқы сүйек өңдеу мен одан жасалған бұйымдарды киелі санап, наным-сенімге балаған. Бұған ел арасында ру мағынасында айтылатын «сүйек», «сүйектес», «сүйегі бір» сынды атаулар, «сүйек жаңғырту», «сүйекке түсу», «сүйек шатыс» деген салт-дәстүрлер, қаралауды білдіретін «сүйекке түскен таңба» ұғымы және «ақсүйек», «асық» тәрізді ұлттық ойындар дәлел бола алады. Әдетте қазақ халқы асықты, бесіктің астына салатын шүмекті, шақшаны, тарақты, тұяқтас аспабын тек сүйектен жасайтын болған. Міне, осындай ұлттық құндылықтарды көзбен көріп, қолмен ұстап өскен баланың да қиялы бай, танымы кең болары анық. Ал оған ерекше септігін тигізіп, келер ұрпаққа бар білгенін дәріптеп жүрген шиелілік Медеу Бердімұраттың еңбегі орасан зор. Өнерлі жан ұлттық құндылықты ұлықтап жүргенін мақтан етеді. Келешекте өз идеяларын жүзеге асырып, мектептегі үйірмесін кеңейтуге де ниетті.
Айнұр ИБРАШ