Сүйек жону – ерекше өнер
Сүйек пен мүйіз жону – ерекше өнер. Кезінде қазақ зергерлері сүйекпен ағаш төсек, сандық секілді түрлі тұрмыстық бұйымдарды зерлеп қана қоймай, қыз балаға арналған білезік пен сырға, тұмар, шаш қыстырғышты да содан жасаған. Ата-бабадан қалған асыл мұраны жас ұрпаққа үйретіп, үнемі ізденісте жүретін Қайнарбек Махметтің қолынан шыққан заттар кісі қызығарлық.
Керекуде сүйек пен мүйіз жону өнері – кенжелеп қалған сала. Осыдан бірер жыл бұрын онымен шұғылданатын шеберлер емге іздесең де табылмайтын. Көне өнерді өз бетімен меңгеріп, малдан алынған шикізаттан бұйым жасаудың құпия-сырына әлі күнге үңілумен келе жатқан Қайнарбек Ерназарұлы – бұл салада біртіндеп таныла бастаған азамат. Ол Павлодар шаһарындағы Малайсары атындағы орта мектепте еңбек пәнінен сабақ береді. Оқушыларға көне зергерлік жайында ғана емес, ағаштан, металдан жонып бұйым жасау, таспа өру, сәндік-қолданбалы өнер жөнінде талмай үйретіп жүр.
«Сүйек жону – күрделі әрі адам ағзасы үшін қауіпті өнер. Ең әуелі сүйекті баптау технологиясының өзі көп уақытты қажет етеді. Қой мен сиырдыкіне, түйенікіне қарағанда жылқының сүйегінен майды ажырату аса қиын. Суға тұз немесе ас содасын араластырып, суын қайта-қайта ауыстыра отырып, 7-8 сағат қайнатасың. Ал сүйекті жонғанда одан шығатын күл мен тозаң адам өкпесі үшін аса қауіпті. Қолқаны ататын ащы иісі үшін де көбі жолай қоймайды. Сондықтан жұмыс барысында қорғаныш құрал таққан жөн», дейді шебер.
Біз барғанда қолдан садақ иіп жасауға талпынып жатқанын жеткізді. Талды қалыпқа салып иіп, кептіріп қойыпты. Дайын болған соң ертедегі шеберлерше адырнасының ішкі жағын сүйекпен қаптап, ал сыртқы бөлігіне қара малдың жілігінен алынған шандырдың тарамысын тартпақ ойы бар. Шандырдан талшық алу үшін оны кептіріп, соңынан ағаш балғамен ұрғылап пішінін келтіреді. Сол кезде талшықтары білеуленіп шыға бастайтын көрінеді. Сүйек адырнаны сынып кетуден сақтаса, шандырдың тарамысы оның серіппелік қасиетін еселей түседі. Мұндай садақтарды шірей тартқанда кірісінің тартылыс салмағы орташа есеппен 90 килограмды құрап, жебесі бір шақырымға дейін ұшады. Негізі мал сүйегін бүгінде аспаптар мен түрлі бұйым жасауға пайдаланатындар көп. Әсіресе қобыз бен домбыра шеберлері оның сан түрлі технологиясын меңгерген. Домбыраның бунақтарын белгілеп, мойнындағы пернелерді бейнелегенде желімге сүйектің күлін қосса, аспап әсерлі бола түседі. Әрі ол домбыраны тартқанда саусақтардың жылдам қозғалуына мүмкіндік береді екен.
«Жылқының жағынан, ал қой мен сиырдың жауырыны мен қабырғаларынан түрлі бұйым жасауға болады. Сүйек, мүйізге қарағанда қатты материал болғандықтан, көне заманда одан көбіне тарақ, тебен ине дайындаған. Ал мүйіз жұмсақ әрі жеңіл болғандықтан, шақша, тана-түйме, ожау, жебесауытқа ыңғайлы. Бұдан бөлек, мүйізден қыздарға арналған шашқыстырғыш, сырға, білезік, сақина, көзтұмар, алқа салпыншақтарын жасауға болады. Мүйізді қайнатқанда кәдімгі пластик секілді былқылдақ болып қалады. Сосын кез келген қалыпқа келтіріп, суытасың. Бір ерекшелігі, мүйізден жасалған бұйымның сыртын лакпен бояудың қажеті жоқ. Өте ұсақ жонғышпен өңдегенде жып-жылтыр болып шыға келеді әрі өңін жоғалтпайды. Ешкінің мүйізі – ең жұмсағы. Арқардың мүйізінен қымызға арналған ожау жасалады», деп әңгімеледі Қайнарбек. Ұстаз білім ордасында «Атамұра» деп аталатын тегін үйірме ашқан. Қазіргі уақытта онға жуық оқушы шеберліктің қыр-сырын үйреніп жүр. Соңғы үш жылда оқушыларымен облыстық, республикалық байқау-фестивальдарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
Өкінішке қарай, Павлодар облысындағы мәдениет пен білім салаларының басшылары сүйек жону өнерін қолдауға ынта танытпай отырғаны байқалады. Байқауларға барып қатысса, сүйек пен мүйіз бұйымдарына ұйымдастырушылар аса назар аудармайды екен.
«Бұған себеп – қазылар алқасының бұл өнерді түсінбейтіндігі. Олар біздің оқушылар жасаған заттарға қарап, «мынау пластиктен әзірленіп, сырты лакталған дүние ғой», деп күледі. Бұл өнер түрінің аса күрделі, зергерлік өнер екенін қайдан білсін. Фестивальдарда еленбей қалып жатамыз. Елемеушілік пен қолдаудың жоқтығы кей-кейде ынта-жігерімізді жасытады. Жалпы, сүйек жону – жоғалып бара жатқан өнер түрі. Оны сақтап қалу үшін мемлекет тарапынан белгілі бір көмек-қолдау болуы керек деп ойлаймын. Өзге аймақтарда мықты шеберлер бар деп естимін. Оларға барып шеберлігімді жетілдірсем, тәжірибемді шыңдасам деп талай мәрте оқталдым. Алайда аз ғана еңбекақым оған мүмкіндік бермей отыр. Ұмыт қалған өнерді жаңғыртуға жергілікті азаматтар мүдделі болса екен», деген тілегін жеткізді шебер.
Қайнарбектің сүйек жонудан бөлек, өрімшілік қабілеті де өңірімізге танымал. Қайыстан өрілетін «Қосбұрымның» 11, 12 таспалы түрін, қамшының кез келген түрін өре береді. Жалпы, өрім технологиясында 30-дан астам таспадан бір мезетте өрім жасай алатындар сирек. Ал мектеп ұстазы бұл өнерді жақсы меңгерген. Ешкінің терісінен қылдай етіп тілінетін таспалардан 20, 30 өрімді тартып, қажет пішінде өрнектей алады. Негізі ешкі мен жылқының терісінен алынған қайыстан сәндік-қолданбалы бұйымдар жасалады екен. Себебі олар – өте жұмсақ. Ал сиыр мен өгіз терісінен тілінген таспадан алты таспалы бұзаутіс, сегіз таспалы ауыр қамшы өріледі. Бұл қамшылар ертеде қару ретінде қолданылған.
ПАВЛОДАР