Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сержан Бәшіров: Елімізде зергерлік бұйымға деген қызығушылық артып келе жатыр

Сержан Бәшіров: Елімізде зергерлік бұйымға деген қызығушылық артып келе жатыр


Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ол өмірінің 35 жылын зергерлік бұйымдар жасауға арнаған. Бастапқыда қазақтың зергерлік бұйымдарының көшірмесін жасаумен айналысқан ол кейін этноавангард бағытында жұмыс істей бастаған. Бұрын оның қолөнер туындыларын шетелдіктер алса, қазіргі уақытта отандастарымыз да қызығушылық танытады. Назарларыңызға Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының тумасы, қолөнер шебері Сержан Бәшіровтың сұқбатын ұсынамыз.

- Сержан аға, зергерлік бұйым жасауға деген қызуғышылығыңыз қашан, не себепті оянды?
- Мен Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының тумасымын. Әкем механик болған. Үйіміздегі гараждың ішінде көп құрал-саймандар болатын. Уақытымның көп бөлігін соның ішінде өткізетінмін. Ағаш жонып, геше қағып, әйтеуір өмірге неше түрлі «туындылар» алып келетінмін. Зергерлікпен айналысуыма сол бала кездегі хоббиім себеп болды деп ойлаймын.
- Кәсіби түрде қай жылдан бастап зергерлік бұйым жасаумен айналыса бастадыңыз?
- Алматыда көркем сурет учелищесін «Металл өңдеу» мамандығы бойынша бітірдім. 1986 жылы әскерден оралып, зергерлікпен кәсіби түрде айналыса бастадым. Дүйсен Сейдуалиев, Арыстанбек Хасенов, Дәркембай Шоқпаров сияқты ұстаздарым болды. Асыл Мардан деген досым, әрі ұстазымды айтып өтпеуге болмайды.
- Көбінесе қандай бағыттар бойынша жұмыс істейсіз?
- Зергерлік бұйымдармен қатар интерьерге кіші пішіндегі инсталяциялар және мүсіндер жасаймын. Осы үш бағыт бойынша жұмыс істеймін. Жұмыс барысында күмістен басқа да бағалы тастарды қолданамын. Көбінесе күміс қолданам. Күміс осыдан мыңдаған жыл бұрын келе жатқан металл. Медицинада оның залалсыздандыратын қасиеті бар екені айтылады. Бұрын патшалар, орыстың, еуропаның бай-ауқатты адамдары күміс ыдыстан тамақ ішкен. Металлға сүйек, ағаш араластырып жасайтын әдістерім де бар. Ертеректе қазақтың зергерлік бұйымдарының көшірмесін жасадым. Кейін бірте-бірте этноавангард бағытында жұмыс істей бастадым. Бұл жерге символ, белгі деген көп қолданылады. Мысалы, мына сырғада күннің бейнесі бейнеленген. Мына бір сырғада жеті күн мен түннің таралған белгісі тұр. Осыған ұқсас туындыларым көп. Мына бір зат Алтын Орда заманында әскердің қолданатын қаруы болған. Пішінің соған келтіріп жасадым. Мұны алқа ретінде немесе керегеге ілетін интерьер ретінде қолдануға болады.
- Шәкірттеріңіз бар ма?
- Қазіргі уақытта Нұрсұлтан қаласындағы Өнер университетінде металл өңдеу мамандығы бойынша мұғаліммін. Оқу орны қабырғасында шәкірттерім бар.
- Қолыңыздан шыққан туындылардың ішінде қайсысы өзіңіз үшін өте ыстық?
- Қолымнан шыққан әрбір туындым өзім үшін ыстық. Олардың бірқатары Өскемендегі мұражайда, Павлодарда Потатин атындағы мұражайда сақталған. Қазақстанда зергерлік өнердің қалыптасқан 5 стилі бар. Ол 1930 жылға дейін қалыптасып қойған. Олар: Батыс Қазақстан, Оңтүтсік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүттік Қазақстан мен Орталық Қазақстан мектебі. Маған Маңыстау стилі ұнайды, өйткені ол жақта көркемдік, композициялық жағынан зергерлік өнердің ең биік деңгейіне жеткен.
- Қолөнер туындыларыңызды сатып алушылар кімдер?
- Ертеректе зергерлік бұйымдарды шетелдіктер ғана сатып алса, қазіргі кезде отандастарымыз, шетелден оқып келген жастарымыз бен өнер адамдары да алады. Бұл да ұлттық құндылықтарға бет бұрып, қазақтың төл туындыларына деген қызығушылық артып келе жатқандығының белгісі.
- Зергерлік бұйымды жасау үшін орташа есеппен қанша уақыт кетеді?
- Ол менің шабытыма байланысты. Қолға алып бастаған зергерлік бұйымды кейінге қалдырып, басқа бұйым жасауға кірісіп кететін кездерімде болады. Шабыт келген кезде жұмысын тоқтатып қойған ол бұйымға қайта оралам. Жалпы бір деммен істеп шыққан жағдайда орташа есеппен 3-4 күн кетеді.
- Зергерлік бұйымдарды тапсырыспен жасайтын кездеріңғіз жиі бола ма?
- Тапсырыс алмауға тырысам. Ұзақ уақыт бойы араласып, жақын танитын адамдарға ғана қалаулары бойынша жасап берем. Ал былай өз қалауыммен жасап сатқан ыңғайлы, өйткені әлдебір зергерлік бұйымды жасаған кезде қандай ой жеткізгім келгенін екінің бірі түсіне бермейді.
- Зергерлік бұйымдардың бағасы қаншалықты қолжетімді?
- 25 мыңнан 150 мыңға дейінгі аралықта сатылады. Оның бағасы қолданылатын материалы мен ішкі мағынасына қарай қойылады және еткен еңбек бар.
- Бір-екі зергерлік бұйымға тоқталып, мағынасын айта кетсеңіз.
- Бұл – қазақтың дәстүрлі жалпақ білезігі. Өзбекстанның Науаи облысында қазақтар тұратын Тамды аудан деген жер бар. Сол жерде ерекше жасалған білезіктер бар. Үлгі ретінде сол өңірдегі білезіктің бірін алдым. Мына төрт белгі дүниенің төрт жағы дегенді білдіреді. Мына жағында жеті тас бар. Мына жерде Атырау, Маңғыстау жақтың стильінде жасалған сіркелеу тәсілі қолданылған. Мұнда үшбұрышты сірке салынған. Бұл Ғұндар дәуірінен келе жатқан дәстүр.
BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!
02 шілде 2019 ж. 980 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930