ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ ЖАДЫМЫЗДА
Білімнің даңғыл жолында инемен құдық қазғандай жан кешті тірлік кешкен ұстаздар өмірі қашан да болсын ұрпаққа үлгі болып, өнегесі басқалардың өмірінің әсер ететіні анық. Сол себептен шәкірттерінің өмірінде елеулі із қалдырған, санаңды сағындырған, балалық шағыңдағы жылы сөзі мен есейген шағыңда өмірлік жолыңды қараңғы түнде де адастырмай табуға жол сілтеген ұстаз жайлы сыр шертіп, ой қозғамау мүмкін де емес шығар?! Иә, мақалада біз ұзақ жылдар мектеп қабырғасында еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып, өзінің өшпес ізін қалдырған ұлағатты ұстаз Сергей Андронов жайлы баяндаймыз.
Жуырда №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында орыс тілі пәні бірлестігінің ұйымдастыруымен «Учитель, перед именем твоим Позволь смиренно преклонить колени...» тақырыбында білікті ұстаз Сергей Генадийұлының өнегелі өмір жолына арналған еске алу кеші өтті. Аталған шараға ауданға белгілі зиялы азаматтар және мектептің ұстаздары, оқушылары қатысты. Тағылымы мол шарада алдымен ұстаздың өмірі мен еңбек жолын лэдэкраннан көрсетті. Одан соң алғашқы сөзді аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет пен мектеп директоры Мария Қиясқызы алып, шараны ашып берді. Сондай-ақ кеште «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова ұстаздың ұрпақ болашағына, тәрбие мен білім кеңістігіне қосқан елеулі үлесі туралы кеңінен айтты.
– Әрине өзім білім алып, түлеп ұшқан алтын ұя әркез ыстық, қастерлі. Қазақ мектебі болғанымен, өзге ұлт өкілдері де сабақ бергеніне әуелде таңқалғаныммен, кейін қатты қуандым. Себебі тіліміз жатық, біліміміз кемел, тәрбиеміз ерекше болды. Достық, мейірім, ізгілік, адалдық қасиеттер отбасынан, мектептен дарыды. Орыс тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектепте ұлағатты ұстаздар З.Деревянко, Н.П.Безгина, Л.В.Цой, С.Г. Андроновтар сабақ берді. Әрқайсысы туралы да сағаттап айтуға болар, дегенмен олар тек ұстаз болған жоқ. Ата-анамыздай қамқор еді. Сегіз қырлы, бір сырлы Сергей ағай шәкірттерге серік болды, спорт пен өнерді жанына жақын тұтты. Әрбір өткізген сабағы, сыныптан тыс шарасы біріне - бірі ұқсамайтын. Сонысымен де қызықты, креативті, мазмұнды болды. Ол тек білім берген жоқ. Мәдениет пен әдептілікке, өмір сүру дағдысы мен тәртіпке үйретті. Өлең оқуды, ән салуды, аспапта ойнауды өте жақсы көретін. Шәкірттер «ұқсап бағуға» тырысатын. Міне, осындай жаны жайсаң, жанашыр, отансүйгіш, білікті мұғалім туралы керемет естеліктерімен әріптестері, шәкірттері, достары, жұбайы бөлісіп, кейінгі ұрпаққа өнеге қалдыратындай ерекше шара өткізіп жатыр. Ұлағатты ұстаз есімі мәңгілік жадымыздан өшпек емес, – деді ол сағынышпен еске алып. Ұлағатты ұстаз Сергей Андронов өте қарапайым, сыйлы әріптес, парасатты дос, өнерлі жан, адал ұстаз ретінде көпшіліктің есінде қалды. Ол №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында 45 жыл орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Француз айшылы Жан Жак Руссоның «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау», деген сөзі дәл нақты осы ұстазға арналғандай. Тәжірибелі ұстаз ретінде шәкірттерін республикалық, облыстық байқауларға дайындатқызып, талантты оқушыларды оқытты. Сондай-ақ білім беру саласындағы зор еңбегі үшін Сергей Генадийұлы облыстық және республикалық деңгейдегі Құрмет грамоталарымен және медальдармен марапатталды.
– Ол өз ісінің нағыз шебері еді. Өйткені бізге қиын кезеңдерде қол ұшын созудан шаршаған емес. Алтыннан да бағалы ойларын, ақыл-кеңесін беруге ұмтылатын. Әріптесімізді бір көрген адам таңдаған мамандығын ерекше дәріптейтін майталман мұғалім екендігін түсінуге болатын. Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты әріптестер бойына дарыта білетін, өз бойындағы шығармашылық, сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімділік сияқты мінез-құлығымен ерекшеленетін, – деді орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі әрі әріптесі Гүлнар Санаубаева.
Еске алу кешінде естеліктер айтылып, ұлағатты өмір жолы ұрпақтарға үлгі етілді. Сергей ұстаздың отбасы мүшелері де қатысып, ата, әке есімін ұлықтады. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, ұлағатты ұстаздың есімі ешқашан ұмытылмайды. Осындай тәрбиелі мағыналы шаралардың жастар үшін қаншалықты қажет екенін ел ағалары да жақсы біледі. Сондықтан киелі мекенде кіндік қаны тамып, әр салада ерен еңбек еткен азаматтардың өмір жолын келешек ұрпаққа насихаттауды Шиелі жұрты дәстүрге айналдырған.
Айнұр ИБРАШ