Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасы күшейтілді

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасы күшейтілді

Біздің дамыған қоғамда өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі орын алып жататыны барлығына мәлім. Әйтсе де адамдар мұндай жағдайлар туралы ашық айтпайтыны айдан анық.
Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған.
Осы орайда, еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде бірқатар заңдар қабылданды. Аталған заңдар келесі міндеттерді көздейді: шұғыл түрде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу; жәбірленушіге қауіпсіздік жағдайларын жасау; жәбірленушіге көмек түрлерін көрсету, оның ішінде ақпараттық, құқықтық, психологиялық және т.б. көмек түрлері,  және құқық бұзушыға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басты себептерінің біріне етек алған маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының төмендігі секілді әлеуметтік жағдайлар жатады. Осы тұрғыда тұрмыста жапа шегетіндер негізінен нәзік жандылар.
Ал, біздің мемлекетіміз үшін әйел-ананы қорғау ерекше мәселе. Бұған Елбасымыздың өзі тереңірек мән беріп, «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді...» деп тұжырымдауында үлкен мән жатыр. Әрбір әйел-ана отбасының ұйытқысы. Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді тербетеді.
Сондықтан, қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында қабылданған «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы ҚР Президентінің 29 қараша 2005 жылғы Жарлығында «отбасы мүшесінің заңды құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсететін, оның тәнін немесе жан дүниесін қинап, моральдық зиян келтіретін отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне кез-келген қасақана іс-әрекеті отбасындағы зорлық-зомбылық болып танылатыны көрсетілген.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу, болдырмау мақсатында 2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Осылайша, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаларға 80-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады. Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Педофилді өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, кәмелетке толмаған 16 жасқа толмаған балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмаған баланы ұрлау – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қолданылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде ең маңыздысы құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау. Жазалау шараларынан гөрі алдын алу шараларын қарастыру, құпиялылық, өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу сияқты принциптер басшылыққа алынуы тиіс. Сондықтан, тиісті мемлекеттік органдардағы зорлық-зомбылықтың алдын алумен айналысатын қызметкерлер отбасы және адам психологиясын жақсы білетін, тәжірибесі мол азаматтар болуы қажет.
Исабек Дархан
Шиелі аудандық сотының судьясы                             
31 қазан 2024 ж. 287 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

№87 (9251)

02 қараша 2024 ж.

№86 (9250)

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930