Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ЖАС САҚШЫ» ПОЛИЦИЯ СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ

«ЖАС САҚШЫ» ПОЛИЦИЯ СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ

Құқық қорғау қызметкерлерінің күн сайын қатермен бетпе-бет келетіні бәрімізге белгілі. Әйтсе де, олардың арасында қызмет бабында жүріп ерлікпен қаза тапқандардың есімін бірі білсе, бірі біле бермейді. Тіпті қарулы қылмыскерлермен қақтығысып, жантәсілім еткендердің ішінде жұрт жадынан жойылып кеткендері де бар. Дегенмен, ауданның ғана емес, облыстың тұрғындары кезінде орын алған оқиғаны естен шығармағаны анық. 1992 жылдың ақпан айында арнайы вагон түрмесінен 6 қылмыскер қашып кеткен болатын. Олар заңға томпақ әрекет істегенімен қоймай, аудандағы жолаушылар бекетіне келіп, 11 адамы бар автобусты кепілдікке алды. Қылмыскерлер жазасын өтеудің орнына бас сауғалап, шетелге сытылып кетуді жоспарлаған еді. 
Алайда олардың жөнсіз жоспарына міндетін мінсіз атқаруға даяр тұратын құқық қорғау қызметкерлері кедергі жасады. Қырағылық танытқан полициялар кісіні майып қылудан тайынбайтын террористтермен бетпе-бет келіп, қоғам тыныштығын қатаң сақтауға бел буды. Нәтижесінде қандықол қылмыскерлер қолға түсіп, кепілдікке алынған тұрғындар босатылды. Бір өкініштісі, сақтық саласының сайыпқыраны қылмыскер оғынан қаза тапты. Ол полиция аға лейтенанты Мұратбек Өмірбеков еді. Небәрі 32 жасында жан тапсырған оның артында жұбайы және үш ұлы қалды. Міне, елді дүр сілкіндіріп, жұрттың жайын алған бұл оқиғаның өткеніне де талай жылдың жүзі болды. Дегенмен халық қорғаны болып, ел сенімін ақтаған Мұратбек Әмзеұлын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Мемлекет те ер есімін құрметтеуде қалыс қалған емес. Мәселен, Тұңғыш Президент 1996 жылы қайсар азаматты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады. Жақында А.Пушкин атындағы №46 мектеплицейде өскелең ұрпақтың бойында азаматтықты ішкі істер органдарында қызмет етуге кәсіби қызығушылықты және полиция қызметіне саналы көзқарасты дамыту мақсатында «Жас сақшы» полиция сыныбы және алғашқы әскери даярлық кабинетін ашу салтанатты іс-шарасы өтті. Салтанатты кешке батыр азамат Мұратбек Өмірбековтің аяулы жары Күләш Дүйсенқызы, көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі М.Сұңғатұлы және Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Д.Тасқынбайұлы, А.Пушкин атындағы №46 мектеп-лицейдің қамқоршылық кеңес төрағасы Б.Мәлібекұлы, кәсіпкер, ата-аналар кеңесі төрағасының орынбасары П.Шаймерденқызы, ардагер-ұстаздар Ұ.Әуелбекқызы, О.Дүйсенқызы, аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Әбдіқадырова, мектеп-лицей директорының міндетін атқарушы Г.Достиярова мен «Семізбай-U» кенішінің директоры, мектепішілік ата-аналар кеңесінің төрағасы М.Бекмұрзаұлы, «Шиелі» станциясы желілік полициясының зейнеткер-ардагері, «Дабыл» операциясының куәгері Х.Төрежанов, аудандық полиция бөлімі арадгерлер кеңесінің төрағасы Б. Шәкірбекұлы, сондай-ақ мектеп-лицей оқушылары, мұғалімдері, ата-аналар қатысты. Әрі қарай шара «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылу лентасын қию рәсімімен жалғасты. Лента батыр отбасының тірегі, аяулы ана, адал жар К.Дүйсенқызы мен көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мәлік Қайбарға ұсынылды. Батылдық пен ерліктің символы саналатын Мұратбек Өмірбековке арналған стендпен мектеплицейдің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сабира Жақсылыққызы мен мектеп-лицей мұғалімі Назгүл Сапақова таныстырды. Содан кейін мектептің белсенді оқушылары ерлік жайлы өлең жолдарын оқыса, Мұратбек Өмірбеков атындағы «Жас сақшы» полиция сыныбы оқушыларының салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті. Бұл шарада оқушыларға куәліктерді табыстау рәсімі Қызылорда желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Тасқынбайұлына табысталды. Тағдырды адам таңдайтын ба еді?! Мұратбек ағаның жары Күләш апа да басына түскен қиындыққа еш мойымай балаларын барынша ізгілікке баулыды. Балаларының бойына әкенің нағыз кісілік келбетін жылы естеліктер арқылы қалыптастырды. Осы ретте сөз кезегі батырдың адал жары К. Дүйсенқызына берілді.
– Ол – нағыз ел ағасы бола білген азамат. Бір адамның бойында парасат пен ұшан-теңіз білім, ерлік ұштаса бермесі анық. Мен жолдасымды қазақ батырларының ішінде кісілік кемелдігі толық адам деп ауыз толтырып айта аламын. Елінің нағыз ер азаматы, батыры, – деді еске алып. Осындай тарихи сәтте ата-дәстүрді жалғастырушы Әлихан Ринатұлы ортаға шақырылды. Ол арнау өлең оқып, залда отырған көрермендердің көңілін бір жібітті. – Ер есімі – ел есінде. Ақырғы демі қалғанша антына адал болған батырдың ғибратты ғұмыры мен жанқиярлық ерлігі туралы сыр шертетін «Жас сақшы» полция сыныбы ашылып отыр. Мұратбек Әмзеұлының ерлігі – барлығымызға үлгі әрі мақтаныш. Оның есімі әрдайым жүрегімізде. Кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ батыл да қайсар ағаларының ерлігінен үлгі алып, бой түзейді, дейді полиция подполковнигі М.Сұңғатұлы. Шара соңында арыстандай айбатты, қырандай қайратты Қызылорда облысы полиция департаментінің арнайы жасақ қызметкерлері жауынгерлік күрес тәсілдерін көрсетіп, жас өрендер өнер көрсетті. Иә, «Шын батыр сын үстінде танылар» деген халық нақылы еліміздің батыр ұлы Мұратбек Өмірбековтің ерлік ісін айғақтап тұр. Қоғам қауіпсіздігін қорғауда батылдықпен дүниеден озған батыр есімін ұлықтау, ерлігін дәріптеу арқылы әрбір жас ұрпақтың бойында ержүректік пен батылдық қасиеттері қалыптасары анық.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
28 қазан 2024 ж. 122 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930