Есімі елдің есінде
Құқық қорғау қызметкерлерінің күн сайын қатермен бетпе-бет келетіні бәрімізге белгілі. Алайда, олардың арасында қызмет бабында жүріп ерлікпен қаза тапқандардың есімін бірі білсе, бірі біле бермейді. Қарулы қылмыскермен қақтығысып, жантәсілім еткендердің ішінде жұрт жадынан жойылып кеткендері де бар. Әйткенмен, ауданның ғана емес, облыстың тұрғындары осыдан 27 жыл бұрын орын алған оқиғаны естен шығармады.
1992 жылдың ақпан айында арнайы вагон түрмесінен 6 қылмыскер қашып кеткен болатын. Олар заңға томпақ әрекет істегенімен қоймай, аудандағы жолаушылар бекетіне келіп 11 адамы бар автобусты кепілдікке алды. Қылмыскерлер жазасын өтеудің орнына бас сауғалап, шетелге сытылып кетуді жоспарлаған еді. Бірақ олардың жөнсіз жоспарына міндетін мінсіз атқаруға даяр тұратын құқық қорғау қызметкерлері кедергі жасады. Қырағылық танытқан полициялар кісіні майып қылудан тайынбайтын террористермен бетпе-бет келіп, қоғам тыныштығын қатаң сақтауға бел буды. Нәтижесінде қанды қол қылмыскерлер қолға түсіп, кепілдікке алынған тұрғындар босатылды. Бір әттеген-айы, сақтық саласының сайыпқыраны қылмыскер оғынан қаза тапты. Ол полиция аға лейтенанты Мұратбек Өмірбеков еді. Небәрі 32 жасында жан тапсырған оның артында жұбайы және үш ұлы қалды.
Міне, елді дүр сілкіндіріп, жұрттың жайын алған бұл оқиғаның өткеніне де талай жылдардың жүзі болды. Дегенмен халық қорғаны болып, ел сенімін ақтаған Мұратбек Әмзеұлын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Мемлекет те ер есімін құрметтеуде қалыс қалған емес. Мәселен, Тұңғыш Президент 1996 жылы қайсар азаматты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады. Ал сейсенбі күні Нұр-сұлтан қаласының көліктегі полиция департаменті арнайы және жұмылдыру даярлық басқармасының бастығы Талғат Қожабаев, Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Қошқарбеков және орынбасары Сәбит Мүбарак, Шиелі станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы Жәнібек Исаев ерлік танытқан әріптестеріне тағзым ретінде М.Өмірбековтің шаңырағына атбасын тіреді. Онда үш ұлды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген Күләш Байсейітоваға алғыс білдіріп, сый-сияпат табыстады.
Қазіргі таңда Өмірбековтер отбасында әке жолын үлкен ұлы Ринат жалғастыруда. Ол полиция қызметінің қауіп-қатерінен жасқанбай, 2008 жылдан бері ішкі істер органында қызмет етіп келеді. Осылайша ұрпағы қаһарман әке есімінің қайта жаңғыруына септігін тигізуде.
М.БОЛАТҚЫЗЫ