Сақтық саласының сайыпқыраны

1992 жылдың ақпан айында арнайы вагон түрмесінен 6 қылмыскер қашып кеткен болатын. Олар заңға томпақ әрекет істегенімен қоймай, аудандағы жолаушылар бекетіне келіп, 11 адамы бар автобусты кепілдікке алды. Қылмыскерлер жазасын өтеудің орнына бас сауғалап, шетелге сытылып кетуді жоспарлаған еді. Бірақ олардың жөнсіз жоспарына міндетін мінсіз атқаруға даяр тұратын құқық қорғау қызметкерлері кедергі жасады. Қырағылық танытқан полициялар кісіні майып қылудан тайынбайтын террористермен бетпе-бет келіп, қоғам тыныштығын қатаң сақтауға бел буды. Нәтижесінде қанды қол қылмыскерлер қолға түсіп, кепілдікке алынған тұрғындар босатылды. Бір әттеген-айы, сақтық саласының сайыпқыраны қылмыскер оғынан қаза тапты. Ол полиция аға лейтенанты Мұратбек Өмірбеков еді. Небәрі 32 жасында жан тапсырған оның артында жұбайы және үш ұлы қалды.
Міне, елді дүр сілкіндіріп, жұрттың жайын алған бұл оқиғаның өткеніне де талай жылдың жүзі болды. Дегенмен халық қорғаны болып, ел сенімін ақтаған Мұратбек Әмзеұлын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Мемлекет те ер есімін құрметтеуде қалыс қалған емес. Мәселен, Тұңғыш Президент 1996 жылы қайсар азаматты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.
Ал сейсенбі күні Шиелі станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Жәнібек Исаев, Асыл Сапарбекұлы, Жанар Жаманқұлова және Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің студенттерінен құралған «Ашық жүрек» еріктілер тобының жасағы ерлікпен қаза тапқан М.Өмірбековтің шаңырағына арнайы ат басын бұрды. Онда үш ұлды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген Күләш Байсейітоваға сый-сияпат табыстады.

Кездесу барысында жастар қауымы Мұратбек Әмзеұлының өмірдерегімен және өзіне ғана жарасымды мінезімен танысты. Жары туралы естелікті К.Байсейітова көзіне жас алып, өскелең ұрпаққа айтып берді. Одан кейін жас буынға ақжарма тілегін айтып, ыстық ықыласын білдірді.
– Мұратбек ағаның қайсар да қайратты мінезін апамыздан ести отырып, өзімізге өшпес өнеге алдық. Соның ішінде халыққа деген сүйіспеншілік пен елжандылық алдыңғы орында екенін аңғардық. Бүгінгі кездесу осы секілді тәрбиені біздің бойымызға сіңіруде. Осылайша біз ағамыздан үлгі алумен қатар, оның есімі жас ұрпақтың есінде екенін де білдіргіміз келеді, – деді Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің 2 курс студенті Дамир Баянбаев.
Қазіргі таңда Өмірбековтер отбасында әке жолын үлкен ұлы Ринат жалғастыруда. Ол полиция қызметінің қауіп-қатерінен жасқанбай, 2008 жылдан бері ішкі істер органында қызмет етіп келеді. Осылайша ұрпағы қаһарман әке есімінің қайта жаңғыруына септігін тигізуде.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА