ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?
Қытымыр қыс қыр астында тұр. Көзді ашып-жұмғанша бұл мезгіл де қылышын сүйретіп жетіп келеді. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, қамсыздық жарға жығады. Қақаған қыстың қаһарынан тек жылу ғана құтқара алады. Байқасаңыз, қар түспей-ақ жер қарада тұрғын үйлердің мұржасынан түтін будақтағанын көресіз.
Дәл қазір аудандағы жылу маусымына жауапты азаматтар мекемелердегі отын қорының жеткілікті болуын қамтамасыз етуге күш салса, ал ауылдағы ағайын ошағын сайлап, газ пешінің шаңын сүртуге кіріскен. Осыған байланысты біз аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласып, жылу маусымына дайындық, отын бағасы мен қазіргі таңдағы көлемін білдік. – Аудан бойынша қатты отын түсіретін 4 темір жол тұйығы бар, оның барлығында таразы орнатылған. Сондай-ақ жеке тұрғындар үшін қазіргі таңда қоймада 2300 т көмір бар. Бүгінде қатты отынның тоннасын ТОО «BEST»және ЖК «Нұрманов» 20000 мың теңгеден таразы арқылы сатуда, – дейді мекеменің әдіскер маманы Алмат Дүйсенбеков. Жыл сайын кенеттен күн суытып, от жағатын сәт келгенде көмір сататын орындарда бірнеше күн бойы кептеліс орнайды. Сол себепті жылу маусымына жауапты мамандар аудан халқы қажетті көмірін ертерек қамдаса екен дейді. Жалпы аудан бойынша – 11356 үй, оның ішінде Шиелі кентінде 7435, Ы.Жақаев ауылында 750, Бидайкөлде 665, Байсында 170, Н.Бекежановта 464, Ш.Қодамановта 454, Ақмаяда 350, Алғабаста 513, Еңбекші ауылында 126, Жиделіарық мекенінде 80, Алмалыда 100, Бестамда 123, Досбол датқада 51 және Ә.Тәжібаев ауылында 82 тұрғын үй газ пайдаланып отыр. Жылу беру маусымы жақындаған сәтте әлеуметтік нысандарда коммуналдық жүйелердің апаты мен ақауларын болдырмау аса маңызды. Бұл тұрғыда қыс мезгіліне қысылмай кіру үшін тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізу керек. Шиеліде елді мекендердің газдандыру үлесі 78 пайызды құрап отыр. Тиісті мамандардың сөзіне аңғарып қарайтын болсақ, Шиелі кентіндегі А.Пушкин атындағы №46 мектеплицейінің және Алғабас ауылындағы Б.Пәрімбетов атындағы №157 орта мектеп, Г.Ковтунов атындағы №252 мектеп-гимназиясы мен Алғабас ауылындағы «Балауса», Бекежанов елді мекеніндегі «Қарлығаш» және Сұлутөбедегі «Раушан» балабақшаларының қазандық ғимараттарының құрылыстары аяқталған. Сонымен қатар 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымында жоғарыда аталған 5 әлеуметтік нысанның қазандықтары «көгілдір отынға» және 1 әлеуметтік нысанның қазандығы сұйық отынға қосылды. Мінекей, аудандағы жылу маусымына дайындық барысы жүйелі түрде жүргізілуде. Рас, әлі қар түспеді. Қатты боран да, ызғар да болмады. Десе де, табиғат табан астынан тосын мінез шығаратынын ұмытпағанымыз жөн.
Айнұр ИБРАШ