БЕСЖҰЛДЫЗ САНАМЫЗҒА ҚАЛАЙ СІҢДІ?
Коммунистік идея құрылып, әлемдік социалистік жүйені орнатқан бір кездегі күшті мемлекет КСРО мемлекеттік символика ретінде Қызыл бесжұлдызды таңдап алды. Алғашында ортасында соқа мен балғаның, кейіннен өзгертіліп орақ пен балғаның суреті салынған қызыл жұлдыз Қызыл Армияның бас киімге, погонға тағатын эмблемасы болып қалыптасты. КСРО кезіндегі жоғары наградалардың бірі Қызыл Жұлдыз ордені болды. Көптеген елдімекендерге Қызыл Жұлдыз деген ат берілді. Дәл ортасына Володя Ульяновтың (Ленин) кішкене кезіндегі суреті бар бесжұлдызды бастапқы сыныптағы мектеп оқушылары кеуделеріне тағып жүретін болған. Бес бұрышты пентограмма Одаққа кіретін барлық республиканың туынан, гербінен, кез келген ресми құжаттар мен бланктерден орын алды.
Бұл біз білетін, қазіргі кезде қазақстандық жауынгерлердің бас киімдеріне тағып жүрген, ортасындағы күн шапағы астында қанатын жайған қыранның сұлбасы бар қызыл бесжұлдыз. Бірақ оны кеңестік дәуірден қалған белгі деуге болмайды. Бесжұлдыздың тарихына қарап отырсақ, оны көп елдің символика ретінде пайдаланғанын көреміз.
Мысалы, оның тасқа, темірге, ағашқа салынған пентаграммасы Мысыр, Кіші Азия, Иран, Месопотамия, Крит жерлерінен де табылған. Сүлеймен патшаның, Вавилон патшаларының мөрлерінде бесжұлдыз болған. Жапондықтар мен америкалық үндістер бесжұлдызды пәле-жаладан қорғайтын белгі ретінде қасиеттейді. Америка, Түркия, Албания, Югославия, Бенин, Джибути, Зимбавбе, Мозамбик, Панама, Жаңа Зеландия, Солтүстік Корея, Вьетнам сияқты көптеген елдердің тулары мен гербтерінде, АҚШ-тың бірнеше штаттарының туларында бесжұлдыз бейнеленген. Тіпті АҚШ әскери авиациясының символикасы да қызыл бесжұлдыз болды. Сондықтан оған Қазан төңкерісін жасаған большевиктердің белгісі деп қарамау керек.
ПОГОНДАҒЫ ЖҰЛДЫЗДАР РЕВОЛЮЦИЯҒА ДЕЙІН БОЛҒАН
Қызыл жұлдыз ерте заманнан бері ежелгі Римның соғыс құдайы Марстың құрметіне «марстық жұдызы» деп аталған. Содан бері бесжұлдызды кейбір еуропалық елдердің әскерлері, сондай-ақ патшалық Ресей армиясы да қасиеттеп погондарына тақты. 1827 жылдың 1 қаңтарында орыс патшасы I Николай француздардың ықпалымен орыс армиясындағы офицерлер мен генералдардың эполеттеріне бесжұлдыз тағуға бұйрық берген, ал 1854 жылдың сәуірінен бастап жұлдыздар әскери шендердің белгісі ретінде бесжұлдыз погонға тағылды. Ақпан революциясынан кейін Ресей императорлық армиясының әскери қызметкерлері погон тақпайтын болды. Уақытша үкіметтің әскери және теңіз министрі А.Гучковтың 1917 жылғы 21 сәуірдегі флот және теңіз ведомствосы бойынша №150 бұйрығымен погондар алынып тасталып, оның орнына сырт киімнің жеңдеріне жапсырылатын әскери шен белгілері енгізілді. Бас киімге зәкірі бар бесжұлдыз тағылды. Келесі жылы билік басына келген большевиктер осы бесжұлдызды Қызыл армияның басты символикасы етіп қабылдады. Қазан төңкерісі, одан кейін бұрқ ете қалған азамат соғысы, ақвардияшыларға қарсы күрес жұмысшы-шаруалар Қызыл армиясын соғыс ісін, ұрыс тактикасын білетін офицерлермен қамтамасыз етуге мәжбүрледі. Сондықтан коммунистер бұрынғы кадрлық офицерлерді өз қатарларына тартуға көп күш салды. Сол үшін бастапқыда патша армиясында болған офицерлердің погондарындағы жұлдыздарға тиіспеу керек болды.
БЕСЖҰЛДЫЗ ҚЫЗЫЛ АРМИЯ СИМВОЛЫНА ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?
Қызыл жұлдыз – жұмысшы-шаруалар Қызыл армиясының геральдикалық белгісі болды. Әскери символика ретінде большевиктер свастиканы таңдап алуы да мүмкін еді, өйткені «мәңгілік қозғалыс» деген ұғымды білдіретін, кезінде әлемді жаулаған ұлы Шыңғысханның туында бейнеленген свастика ХХ ғасырдың басында ресейлік зиялы қауым бас иген культ болған. Уақытша үкіметтің шығарған «керенкасында» (Керенский ақшасы) свастиканың суреті салынған. Алайда бұл жерде бір ғана адамның шешімі басымдыққа ие болды. Бес бұрышты қызыл жұлдыздың Кеңес Одағы символикасына айналуына тікелей ықпал еткен большевиктер көсемдерінің бірі – халық әскери комиссары Лев Троцкий. Соның 1918 жылы 7 мамырдағы №321 бұйрығында бес бұрышты қызыл жұлдыз «соқа және балғасы бар марстық жұлдызы» деп сипатталған. Ресми бекітілген құжаттарда бұл жұлдыздың жұмысшылар мен шаруалардың Қызыл армиясы әскерлерінде қызмет ететіндерге қатысы бары айтылады.
Алғаш рет бұл туралы «Известия» газетінің 1918 жылы 19 сәуір күнгі нөмірінде жарияланды. Онда «Әскери істер жөніндегі комиссариат балға мен соқаның суреті бар қызыл жұлдыз түрінде кеудеге тағатын белгінің кесіндісі бекітілді» деп жазылған. Символикалық бесжұлдыздың авторы Мәскеу әскери округының комиссары Н.Полянский оның алғашқы нұсқасында соқа мен балғадан басқа кітаптың да суретін қосқан екен. Суреттер бір жерге шоғырланғанда ештеңе көрінбейтін болған соң округтың қоғамдық коллегиясы соқа мен балғаны қалдырып, кітапты алып тастапты. Алғашқы кезде «қызыләскер белгісі» кеудеге тағылатын, 1918 жылдың қарашасындағы Революциялық әскери кеңестің бұйрығымен бесжұлдыз шекеге, бас киімге қадалатын болды. Мұның әскери теңізшілерге де қатысы бар. Бұйрықта: «Бұдан былай революциялық белгі – Қызыл жұлдыз Қызыл флот пен Қызыл Армияның біртұтас екендігін көрсететін белгі болып табылады» деп жазылған.
Лев Троцкий эзотерикалық ғылымға қатты мән беріп, тереңдеп оқыған адам. Бес бұрышты пентаграмманың энергетикалық күші өте көп екенін және өте қуатты символикалардың бірі екенін білді. Айта кету керек, XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басы оккультизмнің кең тараған кезі болды, көзі ашық әрбір адам мистиканы зерттеп өзінің дүниетанымын кеңейтуге ұмтылды. Бес жұлдыз сол кездерде свастика сияқты Еуропада да, Ресейде де мода болған символикалық белгіге айналған. Ежелгі шумерлерден бастап бұл белгіні барлық дамыған мемлекеттер пайдаланды. Месопотамиядан табылған бесбұрышты жұлдыз біздің жыл санауымызға дейінгі 3 мың жыл бұрын жасалған екен. Бес бұрышты жұлдыз жамандықтан қорғайтын белгі болып саналды. Вавилондықтар оны ұры-қарылардан сақтайтынына сенді, еврейлер оны Иса пайғамбардың денесіне салынған жаралардың орналасуына ұқсатып Иерусалим қаласының символы жасады, гректер Венера құдайларын бесбұрышты жұлдызбен белгіледі, ортағасырлық Еуропаға пентакль «Соломон патшаның мөрі» деген атпен танылды.
Пентаграммаға ежелгі грек мүсіншілері мен архитекторларының «алтын пропорция» деген принципімен адамның фигурасы орналастырылды, пифагорлық ілім бойынша жұлдыздың бес сәулесі –су, жер, ауа, от және пифагорлық идеялар әлемі болып саналады. Ал коммунистер болса бұл белгіге «жер бетіндегі бес құрлықты мекендейтін әлемдік пролетариаттың бірлігі, коммунизм идеясының бес континенттегі соңғы салтанаты және әлемдік революцияның символы» деген қосымша түсініктер беріп, оны бәріне қабылдатты. Осылайша, қызыл бесжұлдыз әлемдік пролетариат диктатурасын көксеген Коминтерннің белгісі болып шықты.
Қызыл армияның бұл символикасына қатысты бұдан басқа бәлендей тарихы жоқ. Бүкілресейлік Геральдикалық қоғамның мүшесі, Сыртқы істер министрлігі Әскери геральдика және символика бөлімінің жетекші маманы К.Гончаров 1996 жылы мерзімдік басылымдардың біріне берген сұхбатында «Егер уақыт қанатына отырып, көп ғасырлар бұрынғы ежелгі түп-тамырымызға көз салсақ, біз тарихтан бесжұлдыз туралы ештеңе таппаймыз. Мұндай символ ертедегі славяндардың күнделікті өмірінде де, тіпті аңыздарында да кездеспейді» дейді. Дегенмен коммунистер символика ретінде қызыл жұлдызды таңдағаны дұрыс болған. XX ғасырдың тарихы «жұлдыздың» «свастикадан» күшті екенін дәлелдеді.
1923 жылы Қызыл жұлдыз Кеңес Одағының, сондай-ақ барлық одақтас республикалардың гербіне көшті. Бір түсініксіз жері, кейіннен 15 одақтас республикадан құралған КСРО құрамындағы Ресей социалистік федералдық одақтас республикасының гербінде бес бұрышты жұлдыз 1978 жылы ғана пайда болды. 1930 жылы кейбір белсенділер КСРО-дағы одақтас республика санына байланысты бесжұлдызды 11 сәуле тарайтын 11 қырлы жұлдызға ауыстыруды ұсынды. Әрине, бұл жоба қабылданған жоқ.
КСРО гербіне орналасқан бесбұрышты жұлдыздың маңызы бұрынғыдан да артты. Енді оны бес құрлықта өмір сүріп жатқан бұратана халықты құлдықтан босату үшін жүріп жатқан күреспен байланыстырды. 1924 жылы бесбұрышты жұлдыз КСРО туында пайда болды. 1928 жылдан бастап (1942 жылы түрі өзгерді) жас Лениннің суреті бар белгі жас балалардың төсіне тағылды, 1935 жылы Кремльдегі Спаск мұнарасында рубиннен жасалған бес жұлдыз жарқырады. Қазір ресейліктер оны империялық патша кезіндегідей екібасты самұрыққа ауыстыру керек деп мәселе көтеріп жатыр. 1936 жылдан бастап КСРО халықтары жаңажылдық шыршаларды бесжұлдызбен көркемдейтін болды. Осылайша, Қызыл жұлдыз КСРО халықтарының санасында мықтап орнықты.
Қайыржан ТӨРЕЖАН