Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ, ҮЛГІЛІ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ

ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ, ҮЛГІЛІ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ

Отан – отбасынан басталады. Иә, халқымыздың осынау қастерлі сөзі, Отанға деген сүйіспеншілік, елге деген жанашырлық сияқты асыл қасиеттің ең алдымен отбасынан бастау алатынын меңзейді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, берекелі шаңырақтан тәлім алған ұрпақ, егемен еліміздің өсіп-өркендеп, алға қарай дамуы жолында аянбай қызмет етері анық. Адамгершілік қасиеттерге негізделген отбасылар, Отанымыздың іргесі берік болуы мен келешегінің кемел болуына айрықша әсер етеді.

Отбасы құндылығы – қай заманда да, қай елде де мемлекет саясатының темірқазығы һәм ардақ тұтар қазынасы. Шиелі ауданы сондай өнегелі, берекесі мен бірлігі жарасым тапқан үлгілі отбасыға бай өлке. Бұның бірі – адал еңбегі арқылы еліне елеулі, халқының алғыс бата тілегімен өркен жайған – Сейтжановтар отбасы десек, артық айтпағанымыз болар. Үлгілі отбасы байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған бұл әулет Ақтоған ауылында «Сейтжановтар» шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын мықтап қолға алған. Шаруашылықтың төрағасы Әбдімәлік Сейтжанұлы 1943 жылы дүниеге келіп, бүгінде сексеннің сеңгіріне шықты. Алланың берген 9 ұлы мен 2 қызын асыл жары екеуі тәрбиелеп отыр. Бала күнінен еңбекке әбден еті үйренген ақсақал ұлдарын да адал еңбек етуге баулып, Кеңес үкіметі тарағаннан кейін 1992 жылы аталған шаруа қожалықтың жұмысын бастаған. Алғашында «Сейтжановтар» шаруа қожалығы аядай жерге төрт түлігін жайып, тиянақты тірліктің арқасында бүгінде ірі қара – 100, жылқы басы – 150-ден асып жығылады. Ал 1997 жылы 12 га жерге күріш дақылын егіп, кейіннен көлемін 20-30 гектар жерге дейін ұлғайтқан. Шаруашылық төрағасының ұлы әрі қожалықтың іс жүргізушісінің сөзінше күріш егіп бастаған жылдары түрлі қиындыққа ұшыраған. – Қазақта «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген қанатты сөз бар. Әуелі Алла, содан соң бізді жасымыздан еңбексүйгіштікке тәрбиелеп, адал кәсіпке баулығын әкеміздің арқасында еңбегіміз өніп, шаруамыз ширап тұр. Қара жерге егін егіп бастаған уақыт еліміз үшін өте қиын жылдар еді. Техникалар мен қажетті құрал-жабдықтар тапшы болатын. Дегенмен, ескі шынжыр табанды тракторлармен жер жыртып, дәнді дақылдарымызды отырғыздық. Әкеміз ескі комбайнды іске қосып, тәуекелге бел байлап дала жұмысын тоқтатпай қолдан келгенше әрекет ете бердік. Аллаға шүкір, қазіргі таңда қиындықты еңсеріп, шаруашылық толықтай жаңа техникаларға қол жеткізді, – дейді күріші жайқалып, бау-бақшасы бедерленген еңбек адамы. Бүгінде шаруа қожалық игілігінде 1500 гектар жер бар. Оның 530 гектары егін шаруашылығының еншісінде. Егін алқабының 250 га жеріне негізгі өнім күріш егілсе, қалған егіс даласына мақсары, бидай дәнді дақылдары отырғызылған. Сондай-ақ мал азығы ретінде жоңышқа егіп, ауыл тұрғындары мен шаруашылықта қызмет атқаратын адамдарға тиісінше үйлестіріп келеді. Қожалықтың іс жүргізушінің сөзінше биыл алыс-жақын шет мемлекеттерден заман ағымына сай, озық үлгідегі техникалар мен күріш бастыратын комбайн сатып алып, жақын арада жайқалған күрішке орақ түсіреді. Егін егу науқаны кезеңінде суды үнемдеу мақсатында арнайы жер тегістейтін «МАРА» құрылғысын алып, 250 гектар жерді тегістеуден өткізген. Берекелі қожалықта ілкімді істі еңбекпен игеріп отырған 15 адам жұмыс істейді. Олар бейнетін зейнетім деп түсініп, өз істерінің нағыз мамандарына айналған. – Ұжымда қызмет ететін алдыңғы буын ағалар мен жас мамандар озық техниканың тілін меңгеріп, жүйелі жұмыстар атқаруда. «Еңбек қылмай ер оңбас, Бірлік қылмай ел оңбас» дегендей отбасындағы ағалар мен інілерім де осы бағытта тынымсыз ерен еңбек етуде. Сол еңбектеріне сай науқан соңында арнайы марапаттар мен сыйақылар тағайындалады. Осыған дейін де «Сейтжановтар» шаруа қожалығындағы күрішші, сушы, механизаторлар аудан, облыс, республика көлемінде үздіктер қатарынан көрініп, марапатталып келеді. Жұмысына адал азаматтарды жан-жақты қолдап, еңбегін елеусіз қалдырмаймыз, – дейді шаруа қожалықтың іс атқарушысы Шағдар Сейтжанов. Ауылдағы ең қарапайым әрі мәртебелі мамандықтың бірі – механизатор. Тракторшылардың еңбегі қай кезде де ерекше саналады. Мүсірепхан Сейтжанов осы аталған шаруашылық құрылған кезеңінен бастап еңбек етуде. Қырманның қызу тірлігімен 30 жыл бойы айналысып келген ол, бүгінде майталман механизатор. Көктемде егін алқабына дән себу, жоңышқаны ору, күрішті бастыру сияқты маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Ал еңбек майданына жаңа қадам басқан Бүркіт Әбдімәлік техникалардың тілін тез меңгеріп, биылдың өзінде қыруар тірлік атқарған. Бүркіттің жұмысына деген қызығушылығын, адалдығын байқаған «Сейтжановтар» шаруа қожалығының басшылығы биыл жас маманды шаруашылық тарапының қолдауымен Қорқыт а т а  а т ы н д а ғ ы Қ ы з ы л о р д а университетіне агроинженерия мамандығы бойынша оқуға түсірген. Әсілі, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тәмсіл осы отбасыға негізделгендей. Себебі, әкенің қасиетін, ананың өсиетінен нәр алып отырған шаңырақ ел экономикасының дамуы мен азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында маңдай терін сарп етуде. Мұның барлығы бейнеткеш жандардың қажырлы еңбегі деуге толық негіз бар. Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаевтың ізін жалғап, берекелі істі отбасылық кәсіпке айналдырған «Сейтжановтар» шаруа қожалығының жұмысына сәттілік тілеп, қамбасы алтын астыққа толсын демекпіз.
Мейіржан ИБРАГИМОВ

28 тамыз 2024 ж. 314 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031