Үлгілі отбасылар ұлықталды
Сейсенбі күні аудан әкімдігінде «Әке – ер, ана – жігер, бір үйде екі кемеңгер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған шараның мақсаты – аудандағы үлгілі отбасылардың өнегелі өмірін жас ұрпаққа насихаттап, үлгі көрсету. Дөңгелек үстелді аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов жүргізді. Ол өз кезегінде: «Отбасы – шағын мемлекет» десек, осы шағын мемлекеттер тәуелсіз мемлекетіміздің қымбат қазынасы азаматтарымызды тәрбиелейтін, олардың бойына адамгершілік, ізгілік, имандылық, патриоттық сияқты қасиеттерді сіңіретін ең негізгі институт. Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы! Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс» – деді. Сондай-ақ кештің арнайы қонақтарымен таныстырды.
Дөңгелек үстелге ауданның құрметті азаматы Қалдыбай Сүгірбаев зайыбымен, бүгінде 6 ұл-қыз өсіріп, 21 немере, 5 шөбере сүйіп отырған Тұрсынбек Жүсіпов жұбайымен, 40 жылдан аса уақыт ауыл шаруашылығында еңбек еткен Тілеубек Бабасов жарымен, 4 ұл-қыз тәрбиелеп, 8 немере өсіріп отырған Жақсылық Әлиев әйелімен қатысты. Олар шара қатысушыларына өздерінің өмірлік жолы мен отбасының қоғамдағы рөлі жөнінде әңгіме өрбітті. Сонымен қатар жас шаңыраққа үлгі ретінде ата мен баланың, келін мен ененің қарым-қатынасы туралы да айтты. Ал ақ жаулықты аналар отбасы үйлесімділігін сақтап қалу жолдарымен бөлісті. Шара барысында аудан өнерпазы Самат Сейтенов ана мен әке туралы ән шырқады.
Жиын соңында Б.Лепесұлы қатысушыларға ізгі ниетін айтып, қонақтарға сый-сияпат тарту етті.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ