Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ИШАНҚҰЛОВТАР – ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУдЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

ИШАНҚҰЛОВТАР – ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУдЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ


Жарасымды отбасы мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі. Осыған орай, 2013 жылы Елбасы Жарлығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жарияланған болатын. Сол уақыттан бері ауданда бесінші рет өткізілген мерейлі шараға қатысуға ниет білдірушілер жылдан-жылға артып келеді. Биыл бұл конкурстың аудандық кезеңіне 13 отбасы қатысты.
Байқауға қатысушы отбасыларды іріктеп, жеңімпаздарды анықтау мақсатында арнайы құрылған аудандық комиссия конкурсқа қатысқан отбасылардың арасынан ең үздік деп танылған Ишанқұлов, Сұлтановтар, Есімсейітов, Айтбаев, Ташимовтар отбасыларының құжаттарын облыстық кезеңге жолдаған болатын. Нәтижесінде, Ишанқұловтар отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінен І орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Өмірдің ащысы мен тұщысын бірге бөлісіп келе жатқан шаңырақта 14 бала, 52 немере, 25 шөбере, 1 шөпшек дүниеге келіп, бүгінде ынтымақ-берекесі артқан мәуелі әулетке айналды.
Қыркүйек айының 8-і күні Астана қаласында Елбасының қатысуымен «Мерейлі отбасы–2018» ұлттық конкурсының республикалық кезеңінің қорытындысы шығарылып, еліміздегі үздік отбасы анықталып, марапаттау рәсімі өткізіледі. Конкурсқа Астана және Алматы қалаларынан, Қазақстанның барлық облысынан 16 отбасы қатысады. Ал, республикалық жеңімпаз отбасыны анықтау интерактивті дауыс беру арқылы жүргізіледі. Яғни, ұялы байланыспен смс-хабарлама жолдау немесе телефон арқылы, сондай-ақ, «Казтюб» сайты арқылы дауыс беруге болады. Бұл 27 тамыздан бастау алды.
Дүйсенбі күні «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалында өткен шарада байқау жеңімпаздарын аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов салтанатты түрде марапаттады. Ал, ақын Ержан Әміров маржан сөздің басын құрап, бақытты отбасына арнау айтты. Шиелі ауданының әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шамшат
Оразымбет, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағаның бірінші орынбасары Патима Маханбет шара барысында Ишанқұловтар отбасына сәттілік тіледі.

Ерұлан БАЛТАБАЙҰЛЫ.
02 қыркүйек 2018 ж. 2 042 0