Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ: ЖОҒАРЫ БАЛЛ – 136

ҰБТ: ЖОҒАРЫ БАЛЛ – 136

Мектеп өмірімен қоштасып, әртүрлі мамандықтың тізгінін ұстағалы отырған жас буынның 11 жылдық білімін сарапқа салып, көңілге тоқығанын пысықтайтын ұлттық бірыңғай тестілеу өз мәресіне жетті. Биыл аудан бойынша барлығы 869 түлек алтын ұясынан түлеп ұшқан болатын. Ал бірнеше күн бұрын оқушылар мектептен кейінгі білім беру ұйымдарына түсуге арналған іріктеу емтихандарынан өтіп, бақтарын сынады. Ендеше, биылғы нәтиже қалай?

Еске салсақ, соңғы жылдары талапкерлердің бағына орай олардың тестілеуден екі рет өтуге мүмкіндігі бар әрі сынақ тапсыратын күні мен уақытын өздері таңдайды. Нәтижесінде, тестіленуші мемлекеттік білім беру грантын тағайындау кон- курсына ең жоғары балл жинаған сертификатын ұсына алады. Бұл үміткерлердің грант жеңіп алуын жеңілдететіні сөзсіз.
Биыл ҰБТ электронды форматта еліміздің 43 тестілеу орталығында өтті. Оқушылар 5 шілде күні 2-кезеңнің сынағын тапсырып, өздеріне жүктелген міндетті толық тәмамдады. Ал су апатынан зардап шеккен 6 өңірде, атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысында тестілеу 12 шілдеге дейін ұзартылған болатын.
ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрайымы Гүлзат Көбенованың ОКҚ алаңында берген мәліметіне сәйкес, бүгінде мектеп түлектерінің саны артқан. Мәселен, 181 мыңнан астам талапкер екі мүмкіндікті қоса есептегенде, барлығы 326 мың рет тест тапсырды. Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 20 мыңға артық бала ҰБТ сынағынан өткен. Бұл Қазақстандағы демографиялық жағдайдың жақсарғанын және жоғары білімге сұраныстың артқанын көрсетіп отыр.
Айта кетейік, елімізде соңғы үш жылдың ішінде алғаш рет 140 балл жинаған талапкер шықты. Ал 139 баллды 2 тестіленуші еншілеген. Аталған үш талапкер – ауыл мектептерінің түлегі. Бір қызығы, биыл 1 балл жинаған түлек те бар.
Сонымен қатар 716 оқуға түсуші 130 баллдан жоғары нәтижеге қол жеткізді. 139 мыңға жуық талапкер шекті балл жинаған. Бұл қатысушылардың жалпы санының 76 пайызын құрайды.
Аудандағы ахуалға келер болсақ, биылғы сынақ тапсырушылар саны былтырғыға қарағанда едәуір азайған. Өткен жылы барлығы 830 оқушы ҰБТ-ға қатысса, биыл тестілеудің I кезеңіне 730 тестіленуші қамтылған. Алғашқы кезеңнің орташа баллы 76-ны құрады. 100-ден жоғары балл жинағандар саны 91 болса, шекті балл, яғни 50-ге дейінгі көрсеткіш саны – 56 талапкер.

I кезең бойынша ең жоғары 135 баллды Ақтолқын Құлмаханова еншіледі. Ол – Алмалы ауылындағы №181 орта мектептің түлегі, «Алтын белгі» иегері. Ағылшын тілі және дүниежүзі тарихы пәндерін таңдаған талапкер қаңтар айындағы тестілеуден 128, ал наурыз айында 133 балл жинаған. Ерте дайындығының арқасында үлгілі нәтижеге қол жеткізіп отыр. Ендігі мақсаты – Сүлеймен Демирел атындағы университеттің шет тілдері мамандығына оқуға түсу.
– ҰБТ-ға дайындықты 10-сыныптан бастадым. Тестілеу кезінде ағылшын тілі сынағынан өтуге IELTS сертификаты көмектессе, тарих пәні бойынша тақырыпқа сәйкес кітап оқып, тест жасап, флешкарталарды пайдаланудың әсері көп болды. Ерекше қолдау білдірген отбасым мен №181 орта мектептің басшысына, мектеп ұжымына, сондай-ақ ағылшын тілі және тарих пәні мұғалімдеріне алғысым шексіз.
Алдағы уақытта білім беру саласында өз жобамды жасағым келеді. Ал арманым – полиглот атанып, әлем елдеріне саяхат жасау, – деді Ақтолқын Қайратқызы.
Аудан бойынша тестілеудің II кезеңіне барлығы 716 талапкер қатысты. Орташа балл – 77,1. Оқушылар арасында 100-ден жоғары балл жинағандар саны 107 болса, шекті балл, яғни 50-ге дейінгі көрсеткіш саны – 53. Айта кетейік, сынақ кезінде ереже бұзғандар жоқ.

II кезең бойынша ең жоғары 136 баллды Жанерке Дәуренова қанжығалады. Бидайкөл ауылында табан тіреген №148 орта мектептің түлегі тестілеуде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндері бойынша сынақтан өтті. «JUZ40» курсы арқылы дайындық жүргізген «Алтын белгі» иегері бір жыл көлеміндегі еңбектің өз нәтижесін бергенін айтады. Жанерке Шахизадақызы бұған дейін қаңтар айындағы тестілеуден 112, наурыз айында 124 балл жинаған болатын.
– Әрине, әр нәрсенің өз қиындығы болады. Бір жыл ішіндегі дайындықтың қиындығы да, берері де көп болды. Әуелі, Аллаға, екіншіден, осындай үлкен қуанышқа сеп болған ата-анама, «JUZ40» курсына алғысым шексіз.
Ендігі мақсат – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне оқуға түсу. Болашақта білікті педагог атанғым келеді, – деді талапкер.
Иә, түлектердің биылғы беталысы көңіл қуантады. Себебі өткен жылғы ауданның ең жоғары межесі 130 баллды құраған екен.
Аудан мектептерінің ҰБТ нәтижесі бойынша рейтингін бағдарласақ, I кезең қорытындысына сәйкес, көш басын Қоғалы ауылдық округіндегі №228 Ш.Бәкіров атындағы орта мектеп бастап тұр, орташа балл – 102. Келесі орынға Жөлек ауылындағы №152 мектеп жайғасты, талапкерлер сынақ нәтижесінің орташа баллы 96,5-ті құрады. Ал үздік үштікті Бәйгеқұм ауылдық округіндегі №251 М.Әуезов атындағы орта мектеп 96,1 есебіндегі орташа баллмен тәмамдап тұр.
Қазіргі таңда еліміз бойынша білім беру гранттарын тағайындау конкурсына өтініштер қабылдау басталды. Ол 24 шілдеге дейін жалғасатын болады. Бүгінде 10 мыңнан астам талапкер конкурсқа қатысуға ниет білдірген. Олардың ең көбі «Педагогикалық ғылымдар» және «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» бағыттарына берілді.
Еске салсақ, өткен жылы аудан бойынша мемлекеттік грант конкурсына қатысқан 732 түлектің 571-і (78%) грант иегері атанған. Оның ішінде 231 түлек педагогикалық мамандықтар бойынша, 59-і медициналық, 140-ы техникалық, 41-і ауыл шаруашылығы және 100 түлек басқа саладағы мамандықтар бойынша грант жеңіп алды.
Биылғы түлектерден де күтер көп. Еткен еңбек ақталып, жағымды жаңалықпен қуантады деп сенеміз.
Бет қатталып жатқанда: Иә, талай талапкердің көкірегінде үрей туғызған ҰБТ-ның толық тәмамдалғанына 10 күннен аса уақыт өтсе де, бұл тақырыпты дәл бүгін қозғау бұйырыпты. Шыны керек, аудандық білім бөлімінің басшысының болмауы әсерінен қажет ақпарат алу қиынға соқты ма немесе бұған басқа нәрсені себеп етеміз бе, қолдағы бар мәліметке қаныға алмадық. Егер жауапты мамандар жуырда қабылданған «Масс-медиа» туралы Заңда баяндалған БАҚ өкілдерінің сұратуларын қарау мерзімі 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқарғанын ескерсе, көп нәрсе ұтар ма едік, бәлки?!

Таслима ӘЛІШЕР
16 шілде 2024 ж. 141 0