Биылғы ҰБТ-да 2868 түлек 120-дан жоғары балл жинаған
Сурет ашық дереккөзден
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаншы Ерғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде биылғы негізгі ҰБТ қорытындыларын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«5 шілдеде негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Жалпы ҰБТ электронды форматта, 43 тестілеу орталығында «1 компьютер-2 камера-1 тестіленуші» қағидаты бойыша өткізілген болатын.
Осыған дейін айтқанымыздай, ҰБТ-дағы маңызды артықшылықтардың бірі – әр бала екі мүмкіндігін қолданып, ең жақсы нәтижесін грант конкурсына жолдай алады», – дейді вице-министр.
Оның сөзінше, биыл негізгі ҰБТ тапсыруға 166 мың талапкер 305 мың өтініш білдірген.
«Олардың 162 мыңы ҰБТ-ның екі мүмкіндігін қоса есептегенде 291 мың рет тест тапсырды. Тестілеу қорытындысы бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады. Бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 83 пайызына тең. Былтырғымен салыстырғанда бұл бірнеше есе жоғары. Былтыр 37 пайыз ғана болған. ҰБТ-ның орташа балы өткен жылмен салыстырғанда 7 балға өсті. Биыл орташа балл 73 болды. 5 адам ең жоғары көрсеткіш алды – 137 балл 120 балдан жоғары алған балалардың саны – 2868», – деді Қуаныш Ерғалиев.