Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТОҒЖАН МҰСАЕВАНЫҢ ШЕБЕРЛІК САҒАТЫ ӨТКІЗІЛДІ

ТОҒЖАН МҰСАЕВАНЫҢ ШЕБЕРЛІК САҒАТЫ ӨТКІЗІЛДІ

2024 жылдың 19 маусымы күні сағат 10.00-де “Адал адам” мәдени-тәрбие орталығының “Креативті HUB” бағыты бойынша тігінші Мұсаева Тоғжан Барлыбайқызы тігін тігудің түрлі тәсілдері мен қыр-сырын үйренуге қызығушылық танытқандарға шеберлік сабағын өткізді.
Мұсаева Тоғжан Барлыбайқызы Қызылорда облысы Шиелі ауданында 1978 жылдың 17 қарашасында дүниеге келген. 1985 жылы №158 С.М.Киров атындағы мектептің 1- сыныбына қабылданып, 1995 жылы мектеп бітірген. 1995 жылы Орал қаласындағы Орал педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1997 жылы “Бастауыш сынып мұғалімі” мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Бірақ өз мамандығымен жұмыс істемей, жүрек қалауымен тігіншілікке бет бұрған. Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы «Сыр аруы» ательесінде тігінші болып бастап, киім тігудің қыр - сырын меңгереді. 2015 жылы Шиелі ауданына келіп «Тоғжан» тігін ательесін ашады. Қазір 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Аудан, ауыл тұрғындарының сұранысын жылдам әрі сапалы орындап, тынымсыз еңбегінің арқасында халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп отыр. Ательеде тұрмысқа қажетті заттардың барлық түрлерін, қыстық, жаздық киімдерді және қыз жасауын, перденің барлық түрі тігіледі.
Сонымен қатар Тоғжан Барлыбайқызы Шиелі ауданындағы Шиелі индустриалды-аграрлы колледжпен келісім шартқа отырып, “Тігін” курсын оқып жүрген қыз- келіншектерді өндірістік іс- тәжірибеден өткізіп, киім тігу, қию, өрнектеу әдістерін үйретеді. Аудан көлемінде “Әжелер” ансамбліне, биші қыздарға, өнерпаздарға тіккен киімдері өзіндік ерекшеліктерімен, әдемілігімен көзге түсіп, жоғары орындардан көрініп жүр. Мектептермен тығыз байланыса отырып, мектеп формасын уақытында сапалы етіп тігіп, беріп отырады. 2024 жылы Қызылорда қаласынан “Тоғжан” тігін шеберханасын ашты. Қала тұрғындарының сұранысын сапалы етіп орындап, мектеп, балабақша оқушыларының формасын тігіп тұтынушылардың алғысына бөленіп жүр.
Тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін үнемі ізденіс, тың идея қажет. Түстердің үйлесімділігі, адамның дене пішініне лайықты стиль, әдемі әшекей таңдаудың өзі үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ал киімді сәндеу ерекшелігін баса көрсетіп, бұйымды безендіріп әрлендіре түсетін таспаларды, бауларды, желбіршектер мен әдіптеулерді, жиектеулерді, бүрме, қатырма тігістерді қолдануды ателье тігіншілері жетік меңгерген.
Еңбегі ескерусіз қалмаған Тоғжан Барлыбайқызы республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың жеңімпазы, Алғыс хаттар мен номинациялар иегері.
Жүрегі жылылық пен мейірімге толы Тоғжан Мұсаева жыл сайын қайырымдылық шараларымен айналысып, тұрмысы төмен отбасылардың балаларын мектеп формасымен қамтамасыз етіп отырады. Отбасылы. Отбасында 1қыз, 4 ұл, 2 немересі бар.
Біз өз тарапымыздан Тоғжан Барлыбайқызына, тұтынушылары көбейіп, кәсібі дөңгеленіп, елдің ризашылығына бөлене беруіне тілектестік білдіреміз.
20 маусым 2024 ж. 143 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9234)

03 қыркүйек 2024 ж.

№69 (9233)

30 тамыз 2024 ж.

№68 (9232)

27 тамыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30