ЕГІСТІ ӘРТАРАПТАНДЫРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Үш ай жазғытұрын өткеріп, жадыраған жазға аяқ бастық. Көктемнің әрбір күні жылға азық екенін жақсы түсінген шаруалар бүгінде ауа райының әр сәтті күнін пайдаланып, дала жұмыстарын толық аяқтады. Биылғы жоспар бойынша аудан көлемінде барлығы 30 489 гектарға егін егу жұмыстары жоспарланған болатын. Диқандары бұл межені қаншалықты орындады?
Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, егістік алқабындағы 848 га жерге күздік бидай, жаздық бидай 573 га, тары 250 га, дән жүгері 900 га, мақсары 900 га, күнбағыс 50 га, соя 70 гектар, жаңа жоңышқа 3 500 га, ескі жоңышқа 6 123 га, мал жемдік асқабақ 300 га, жемдік жүгері 100 га, сондай-ақ, картоп 1 230 га, көкөнiс 1 825 га және 2 440 гектар жерге бақша дақылдары егілді. Оның ішінде негізгі дақыл – күріштің үлесі – 11 380 гектар. Бүгінде өнімнің 100%-ы суға бастырылды. Мұндағы 2 750 тонна күріш тұқымының 256 тоннасы – жоғары сұрыпты, I репродукция және 2 164 тоннасы – II репродукциялы тұқымдарға, яғни лидер және маршал сорттарына жатады.
Өздеріңізге белгілі, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен Сыр өңірінде егін шаруашылығын дамыту және әртараптандыру бойынша кешенді іс-шаралар қолға алынған болатын. Соған сәйкес, биыл да өңірде әртараптандыру дақылдарына аса мән беріліп, бидайды 1421 гектарға, тары мен жүгеріні 1250 гектарға, майлы дақылдарды 1020 гектарға, мал азықтық дақылдарды 9923 гектарға және картоп, көкөніс, бақша дақылдарын 5495 гектарға ұлғайту көзделген.
Қазіргі таңда 6123 гектар ескі жоңышқаны тармалау жоспарланып, егістік даласына 3500 гектар жаңа жоңышқа, 900 гектар мақсары, 573 гектар жаздық бидай және 70 гектар соя толығымен егілді. Белгіленген ескі жоңышқа мөлшерінің алғашқы орымы басталып, 745 гектары орылып та үлгерді. Сондай-ақ бүгінде 2756 тонна шөп жиналған. Аталған жұмыстар әлі де қарқынды жүргізілуде.
Сонымен қатар судың ысырабын азайтып, өнім көлемін арттыруға жағдай жасайтын тамшылатып суару әдісімен егілген көкөніс, бақша дақылдарын алдағы жылы 620 гектардан 780 гектарға ұлғайту көзделген.
Ал азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік импортын азайту мақсатында ауданда әр отбасының өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз етуі үшін шаруашылық құрылымдары арасында жер дайындап беру мен үлестіру бойынша 1550 гектар жер дайындалып, бүгінде егу жұмыстары аяқталды.
Минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтер дайындығы бойынша биыл егілетін егістікке 14080 тонна минералдық тыңайтқыш қажет. Оның ішінде аммоний сульфаты 7100 тоннаға, 3800 тонна карбамид, 80 тонна байытылған суперфосфат, 2450 тонна аммофос, 400 тонна аммиак силитрасы және 250 тонна тыңайтқыштың басқа да түрлеріне шаруашылықтар тарапынан сұраныс жасалды. Бүгінде қолда бары 14 080 тонна, яғни 100%.
Айта кетейік, ауылшаруашылық құрылымдары бүгінде жаңа үлгідегі МакДон, Джон Дир, Класс, Енисей, Есіл маркалы соңғы үлгідегі шаруашылық технологияларымен толыққан.
Жалпы аудан бойынша кейінгі 4 жыл көлемінде отандық және шетелдік техникалармен 63%-ға техника паркі жаңарды. 2024 жылдың 5 айында ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан жаңадан 30 техника алынып, 1 млрд 823 мың 170 теңге инвестиция тартылған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолында көктемгі дала жұмыстарына 581 техника қатысуда. Оның ішінде 335 трактор, 78 соқа, 46 тұқым сепкіш, 51 автомашина және 71 трактор тіркемесі дала жұмысын толық аяқтады.
Бүгінде аудан бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тарапынан 1815 тоннаға көктемгі егінге мемлекеттен бөлінетін арзандатылған дизель отынына сұраныс «Госагро» порталы арқылы электронды түрде өтінімдері жолданды. Оператор болып РК-мұнай
ЖШС таңдалды. Арзандатылған жанар жағар майдың бір литрі 248 теңге болып бекітілді. Шаруашылықтар тарапынан қазіргі таңда 1 268,319 тоннасы алынды.
Таслима ӘЛІШЕР