Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АСТЫҚТЫ ӨҢІР ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫНДА

АСТЫҚТЫ ӨҢІР ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫНДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен ұлықтау рәсімінде «ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын» деген сындарлы сөз айтты. Бұл көпшіліктің көкейінде жүрген ой еді. Жұртшылық та бұл сөзді жылы қабылдады. Осы ұлықтау рәсімінде Ел Президенті үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Бүгінгі күні Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеті көп. Соның бірі – ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауылшаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін арттыру.
Жалпы деректерге сүйенсек, еліміз бойынша ауылшаруашылығы жерінің жалпы аумағы 272 млн гектар, оның 215 млн гектары – ауылшаруашылық алқаптары. Бұл әлемдік ресурстардың 4 пайызын құрайды.
Шыны керек, ауылшаруашылығы десе көз алдымызға жайқалған күріш елестейді. Себебі Шиелінің шырайын ашқан сары алтындай күріш емес пе?! Иә, диқандардың арқалаған міндеті де, жауапкершілігі де жоғары. Қыс бойы сайманын дайындап, егіншінің егістік алқабына білек сыбана кірісетін уақыты да таяп қалды.
Өткен жылы астықты өлкедегі Сыр елінің шаруалары су тапшылығының қиындығына қарамастан мол өнім жинады. Облыс диқандары 188 500 гектар жерге егін егіп, оның ішінде негізгі дақыл күріштің әр гектарынан 56,7 центнерден өнім алды. Ал ауданда былтыр барлығы 30074, 4 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылы орналастырылған. Тарқатып айтар болақ, күздік бидай – 1649, жаздық бидай – 456, тары – 280, арпа – 50, дән жүгері – 110, соя – 150, жаңа жоңышқа – 3400, ескі жоңышқа – 6147,8, мал жемдік асқабақ – 137,6, жемдік жүгері – 60, күнбағыс – 15, картоп – 1198,1, көкөніс – 1769,05, бақша дақылдары – 2408, мақсары – 1494 гектар жерге егілсе, өңірдің басты брендіне айналған күріш – 10 750 гектар жерге себілген. Орта есеппен әр гектардан 55 центнер өнім жиналған. Осындай нәтижелі жұмыстардың арқасында дәстүрлі «Алтын дән» салтанатты шарасында «Егін шаруашылығы» номинациясын Шиелі ­ауданы жеңіп алды.
Шиелілік шаруалардың биылғы көктемгі дала жұмысына дайындығы да ерекше. Жоспар бойынша 30,538 гектар жерге егін орналастырылмақ. Атап айтқанда, күздік бидай – 1 650, жаздық бидай – 447, тары – 240, дән жүгері – 173, мақсары – 1 288, соя – 10 гектар, жаңа жоңышқа – 3 410, ескі жоңышқа – 5 578, мал жемдік асқабақ – 194, жемдік жүгері – 95, сондай-ақ картоп – 1 200, көкөнiс – 1 805 және 2 400 – гектарға бақша дақылдары егіледі деп жоспарлануда. Негізгі дақыл күріштің үлесі – 12 025 гектарды құрап отыр.
Қазіргі таңда әртараптандыру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылып, шаруашылықтарға суды аз қажет ететін дақылдарды көбейту жұмыстары насихатталып жатыр. Осы ретте, ауылдық округтер бойынша жиналған болжамды егіс көлеміне сәйкес дән жүгеріні 173 гектарға, сүрлемдік жүгері 95 гектарға, күнбағыс 23, мал жемдік асқабақты 194 гектарға ұлғайту межеленген. Сондай-ақ ағымдағы жылы суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару әдісімен егілген көкөніс, бақша дақылдары алдағы жылы 265 гектардан 400 гектарға дейін ұлғайтылмақ.
Айта кетейік, облыс бойынша 19,724 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыру жоспарланған болса, соның ішінде 5405 гектары яғни, 27 проценті Шиелі ауданының үлесінде. Ал көктемгі дала жұмыстарына 89,4 тонна жаздық бидай, 32 тонна мақсары, 51 тонна жоңышқа және негізгі дақыл күріштің 3000 тонна тұқымдары сақадай сай тұр. Аталған күріш тұқымының 1 500 тоннасы жоғары сұрыпты I репродукция, 1300 тоннасы II репродукция, 200 тоннасы III репродукциялы тұқымдарға жатады. Тағы бір қуантарлығы, ауыл шаруашылығы құрылымдары өз қаржысы есебінен 444 млн 140 мың 444 теңгеге 14 жаңа үлгідегі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, техника парктері жаңаланған. Сондай-ақ ауыл шаруашылық құрылымдары бүгінде жаңа үлгідегі «МакДон», «Джон Дир», «Класс, Енисей», «Есіл» маркалы ауыл шаруашылық технологияларымен толыққанды қамтамасыз етілген. Нәтижесінде алдағы егін науқанына қатысатын 577 дана ауыл шаруашылық техникасы дайын. Оның ішінде 331 дана трактор, 78 дана соқа, 46 дана тұқым сепкіш, 51 дана автомашина және 71 дана трактор бар. Ал аудан бойынша көктемгі егінге мемлекет тарапынан 1696,2 тонна арзандатылған дизель отынына сұраныс берілген. Қазіргі уақытта 1 литр дизель отының бағасы әлі нақтыланбаған.
Иә, «Еңбегі көптің – өнбегі көп» демекші, маңдай тердің үміті ақталғаны жақсы. Алдағы уақытта да осы көрсеткіштер оң өзгерістерге ие болып, нәтижелі өсімдерге қол жеткіземіз деп сеніммен айта аламыз.

Дархан Байтілес
02 ақпан 2023 ж. 191 0