Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АТАКӘСІПКЕ АДАЛДЫҚ

АТАКӘСІПКЕ АДАЛДЫҚ

Қазақ халқы ежелден төрт түлікті қажетіне пайдаланып, қыр-сырын меңгеріп, өмірімен тығыз байланыста ұстаған. Мінсең көлік, шөлдесең сусын, жесең ас болатын төрт түліктің де адамға берер пайдасы орасан зор. Әсіресе, ұлан ғайыр даланың, ұлан-байтақ өлкенің тыныс-тіршілігі, өмір салты, әдет-ғұрпы, білімі, барлық мәдениеті жылқы түлігімен біте қайнасып жатыр. Дана халық «Екі тізгін жоқ болса, ат басын адам бұра алмас. Екі тартпа жоқ болса, ат үстінде тұра алмас. Екі үзеңгі жоқ болса, атқа адам міне алмас» деп мінген аты мен оның ер-тұрманына аса мән берген. Ал ат әбзелдерін жасайтын, ер қосатын шеберлер мен өрімшілерді халық құрметтеп, ерекше бағалаған. Ат әбзелдеріне ер-тоқым, өмілдірік, құйысқан, үзеңгі, ойыл, пыстан, жүген, ноқта, көпшік, шылбыр, қамшы, т.б жатады.
Өңірімізде ат әбзелдерін жасайтын ұсталар саусақпен санарлық болғанымен, олардың қолынан шыққан бұйымдарына деген халық сұранысы жоғары. Себебі, кейінгі уақытта атқа мініп түрлі ұлттық спортқа қызығушылық танытқан жастардың қатары күн санап көбеюде. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз атадан мирас болып келе жатқан осынау асыл өнерді өлтірмей, ұлттық құндылығымызды жаңғыртып, ат әбзелдерін жасаумен айналысып жүрген азамат – Өмірзақ Аюпов. Оның қолдарынан шыққан ат әбзелдері көрген адамды қызықтырмай қоймайды.
Ұста жүгенінен бастап, құйысқанға дейін ою-өрнек, әшекей бұйымдармен көмкерген. Аймақтағы шабандоздар мен көкпаршыларға есімі кеңінен таныс шебер Өмірзақ Аюпов Жиделіарық ауылында ұсталық өнермен айналысуда. Оның айтуынша, бұл құнды өнер әкесі Нұржан Аюповтан келген. Бала күнінен әкесінің қасында жәрдемдесіп, кейіннен өзі де ең алдымен қамшы өріп бастап, одан әрі қызығушылығы арта бастаған.
– «Әке көрген оқ жонар» демекші, кішкентай кезімізден әкеміздің қасында қолөнер шеберін көріп өстік. Ағаш пен темірден түрлі шаруаға және осы жылқыға қажетті бұйымдарды жасады. Қасына алып жүріп бізге де осы әбзелдерді жасауды үйретті. Қазіргі таңда облысқа, республикаға белгілі шабандоздар келіп, жасаған бұйымдарымызды алып кетеді. Олардың көңілінен шығып, алғыстарын білдірсе үлкен шабыт аламын, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, әкенің ақылын қалт жібермей тыңдап өскен шебер ұстаханасында жүген, қамшының бірнеше түрін, тартпа, тоқым тағы да басқа бұйымдарды жасайды. Соынымен қатар, ат әбзелдерінің түрлеріне қайта жөндеу және жаңарту жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ ұста тұлпарды күтіпбаптап, бала күнінен атқа мініп, көкпар шабады. Дүбірлі додаларда топ жарып жүрген шебер:
– Атбегілік қазақтың қанында бар қасиет. Бұл аттың әбзелдерін жасау біздің ата-бабамыздан қалған мирас әрі құнды жәдігер. Қазір көкпар, бәйге сияқты ұлттық ойындарымыз дамуда. Бәйгеге қосатын аттарға ерекше күтім керек. Азығынан бөлек ат әбзелдерінің көркемдігі жылқының әдемілігін арттырады. Сонымен қатар иелерінің оған деген қандай ықыласта екенін көрсетеді, – дейді.
Шебер алдағы уақытта ұстаханасын кеңейтіп, ұсталықты үйренемін деушілер болса, шәкірт тәрбиелесем деп жоспарлап отыр. «Ер қанаты ат» демекші, елдің азаматтары атбегілікпен айналысып, жылқыны қолға үйретумен қатар, оған сай әбзелдерін жасай білсе атакәсіп жанданып, жастар темір тұлпарға емес, нағыз жылқыға мінер еді. Он саусағынан өнер тамған, ұлттық өнерді ұлықтаған, бойында нағыз қазақы болмысы аңқыған шебер Өмірзақ Аюповтың жұмысына толағай табыс, отбасына амандық тілейміз.

Мейіржан ҚАЙРАТҰЛЫ
29 мамыр 2024 ж. 102 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (9237)

14 қыркүйек 2024 ж.

№72 (9236)

10 қыркүйек 2024 ж.

№71 (9235)

07 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30