Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БҮГІНГІ ЖАС КӨГЕРШІН, БОЛАШАҒЫҢ КӨГЕРСІН

БҮГІНГІ ЖАС КӨГЕРШІН, БОЛАШАҒЫҢ КӨГЕРСІН

Шиелі кентіндегі «Зияткер» интеллектуалды мектебі 2023-2024 оқу жылын табысты аяқтады. Ашылғанына 1 жыл болған білім ордасының бағыты айқын, келешегі кемел. Бастауыш – білімнің іргетасы. Бастауыш сыныпта берілген сапалы білім баянды болашақтың кепілі. Сондықтан да Ziyatker school бар баланың іргетасының мықты һәм мығым болуына барын салды.
Әуелі 1 жылда жеткен жетістіктердің жартысын ғана жазсақ: Республикалық шығармашылық Абай, Мағжан оқуларына қатысып, 50 жүлде иеленген. 4-сынып оқушысы Дәулет Әбдіғаппар «Алтын бала» энциклопедиясына енді. Оған қоса, мектеп жанындағы би, робототехника үйірмелерінен шәкірттердің жетістігі бір төбе.
Үйірмелердің ішінде робототехникаға басымдық берілген. Оқушылар қарапайым лего құрастырудан бастап, күрделі роботтарды құрастырып үйренеді. Аудандық кітапханамен, оқушылар үйімен тығыз байланыстамыз. Ай сайын бірлескен жобаны жүзеге асырып, оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыруына ықпал еттік.
Пән мұғалімдерінің еңбек өтілі 20-25 жылдық тәжірибелі, жоғары санатты ұстаздар. Ал таңнан кешке дейін оқушымен бірдей һәм бірге жүретін креативті кураторлардың да еңбегі ерен. 1 куратор «Педагог-модератор» біліктілік санатын алса, 1 куратор «Үздік ұстаз» төсбелгісін, қалған барлық кураторлар байқауға бала дайындағаны үшін Қоғамдық қорлардың сертификатына ие болды. Айналып келгенде, бұл жетістіктің бәрі ұжымдық жұмыс. Ұжым ұйымшыл болса ұтасың.
Бейсенбі күні «Бүгінгі жас көгершін, болашағың көгерсін» салтанатты жиыны да жоғары деңгейде өтті. Құрметті қонақтар қатарында мектеп құрылтайшысы Қанат Исмағұлов, білім ордасының директоры Шахархан Маханова сөз сөйлеп, ата-аналар мен шәкірттерге лебізін білдіріп, ұстаздарға Алғыс хаттарын табыстады. Өз кезегінде 4-сыныптар бастауышпен қоштасып, орта сыныпқа қадам басты.
Мектеп құрылтайшысы Қанат Исмағұлов бас¬тамасымен үздік оқыған шәкірттер шет ел асып демалуға мүмкіндік алатын болады. Сондай-ақ білікті мұғалімдер тегін шипажайға жолдама алады. Бұл да болса, баланың білімін бағалауға деген байыпты бастама.

Г.ДҮЙСЕБАЙ

27 мамыр 2024 ж. 170 0