ШИЕЛІ АУДАНЫНДАҒЫ «ZIYATKER SCHOOL» ЖШС МЕКТЕБІ ОБЛЫС МҰҒАЛІМДЕРІМЕН ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ
Елдегі өзекті мәселенің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Қазіргі таңда Үкімет мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік білім ошақтарын да қолдауға көңіл бөле бастады.
Облысымызда 32 жекеменшік мектеп тіркелген. Оның 20-сы қазақша, 12-сі аралас тілде білім беріледі. 12-сі бастауыш сыныптарға арналған мектептер.
«Жалпы, елімізде жекеменшік мектептер санының көп болғаны жақсы үрдіс. Ең бастысы, олар елдің болашағына қызмет етіп, жаңалыққа, жақсылыққа ұмтылса болғаны», - дейді ғалым А.Жұмаділдаев.
Жекеменшік мектептер еліміздің білім саласында бәсекелестікті туғызуға ықпал етеді. Олай болса, әлеуметтік жағдайды түзетіп, инвестицияны білім саласына дұрыс жұмсауды трендке айналдыру, үлгі ететін жағдайға жеткізу маңызды.
2024 жылдың 05 сәуір күні Шиелі ауданындағы «Ziyatker School» ЖШС мектебі базасында «Бастауыш сынып оқушыларының танымдық қабілетін жаңа ақпараттық технология арқылы дамыту» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылды.
Семинарға облыстық оқу орталығының бөлім меңгерушісі Г.Амантайқызы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Д.Аманжолұлы және бастауыш сынып мұғалімдері қатысты. Семинарды мектеп құрылтайшысы Қ.Абдулхайсұлы мен мектеп директоры Ш.Бектұрғанқызы ашып, шебер сыныптар, ашық сабақтар көрсететін әріптестерге сәттілік тіледі.
Семинардың мақсаты: Бастауыш сынып мұғалімдерінің инновациялық әдістер мен озық тәжірибелерді пайдалану.
І бөлімде Г.Жаңабекқызы «Ғарышта не бар?», А.Нұрбекқызы «Туған күн», Ж.Сүгірбаева «Дара және күрделі етістік», Ш.Серікқызы «Судың қасиеті», Ш.Қыдырбайқызы «Звездное небо», П.Маратқызы «Into space» тақырыптарында сабақтар көрсетті.
ІІ бөлімде «Тәрбие Time» тақырыбында мектептің үйірме жұмыстары көрсетілді. Атап айтсақ «Қыш құмыра» үйірмесінің жетекшісі А. Рахманбердіқызы мен «Актерлік шеберлік» үйірмесінің жетекшісі Р.Бақытжанұлы шеберлік сағаттарын көрсетті.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Дүйсенбекқызы мен мектеп психологы Ж.Бейбітқызы «Даналық мектебі» жобасының аясында «Әкелер отырысын» сахналап өткізді.
ІІІ бөлімде «Ұстаздарға лайфхак» тақырыбында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары А. Жалғасбекқызы «Mozaik», «Canva» платформасы арқылы оқушыларға қызықты тапсырмалар жасау жолдарымен бөлісіп, Қ.Қыдырбайқызы “Әр бір бала жұлдыз” тақырыбында іс-шара жүргізді.
Қорытынды бөлімінде оқу орталығының бөлім меңгерушісі Г.Амантайқызы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Дәурен Аманжолұлы семинарды қорытындылап, қатысушы педагогтер семинарға оң бағаларын берді.