Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Зияткерлік мектеп – зейінді ұрпақ

Зияткерлік мектеп – зейінді ұрпақ

Елімізде зияткерлік мектептер ашу туралы жоба осыдан он жылдан астам уақыт бұрын жүзеге аса бастады. Бұл мектептердің миссиясы – халықаралық тәжірибе мен практиканы ұтымды үйлестіріп, инновациялық білім беру жүйесін әзірлеп, оны енгізу болатын. Бүгінде «Ziyatker school» мектебінің оқушыларына деген талап мықты, сенім де бөлек.
Саннан сапаға, сөзден іске, жоспардан әрекетке көшіп, жаңа оқу жылына жаңалығымен келген «Ziyatker school» мектебі биылдан бастап 5-9 сынып оқушыларына да білім береді. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап іске қосылған зияткерлік мектеп алғашқыда бастауыш сынып оқушыларын ғана қабылдаған болатын. Енді міне заман талабына сай салынған ғимараттың екінші қабаты жоғары сынып оқушыларының игілігіне жарап тұр. Зияткерлік мектептің құрылтайшысы – Қанат Исмағұлов. Ал директоры – Шахархан Бектұрғанқызы.
– Адамзат баласының бұл өмірде үш түрлі міндеті болады. Оның біріншісі – ұрпақ өрбітіп, тәрбие беру, екіншісі – ұстаздық етіп, шәкірт баптау, үшіншісі – ілім мен білім жинап, қоғамға қызмет ету. Тәлім-тәрбие – ата-анадан, оқу мен білім – ұстаздан, ал қоғамға қызмет ету – баршамызға ортақ парыз болса керек. Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы қағидалар. Ілім мен ғылым – бұл қоғамдық мүдде. Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қашанда қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді. Бұл орайда, Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ», – деген сөзі еске түседі. Осы бір ұлағатты ұғым – біз үшін әрқашан басты ұстаным, – дейді мектеп басшысы.
Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Білімді игеру үшін үшін тынбай іздену, тыңғылықты үйрену қажет. Кенттегі «Ziyatker school» мектебі оқушыларға жаңартылған білім мазмұнын игеріп, заманауи технологиямен жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып сабақ береді. «Жаңа ғимаратта химия, физика, информатика, биология пәндеріне арналған кабинет пен лаборатория бар. Сондай-ақ акт залы, спорт залы, IT, домбыра, робототехника, бизнес, шахмат, сурет салу, актерлік шеберлік үйірмелеріне арнайы заманауи техникалармен жабдықталған кабинеттерді де көзіміз шалды. Оқу сыныптарында интерактивті панелдермен және әр бір оқушының оқу құралдары және жеке заттары қойылатын арнайы шкафтар қарастырылған. Мектеп аймағына толықтай бейнебақылау орнатылған. Барлық сыныптардағы интерактивті панелдер жоғарғы қарқынды интернет желісіне қосылған. Оқушылар қосымша тереңдетілген курстарға домбыра, шахмат, би, дзю-до, тхэквондо, сурет салу, қыш өнері, қолөнер, актерлық шеберлік үйірмелерге қатысады. Оған қоса 3 мезгіл ыстық тамақпен, тасымалмен қамтамасыз етілген» деп сөзін толықтыра түсті Ш.Бектұрғанқызы.
Жыл сайын мемлекеттік қолдаудың аясында ашылып жатқан зияткерлік мектептің қатары толығып келеді. Бұл әрине қуантарлық жаңалық. Себебі бәсеке болған жерде сапа болады. Ойлы оқушылар да бір-бірінен қалыс қалмай, білім бәйгесінде оң нәтижеге қол жеткізсе нұр үстіне нұр болмақ. Жалтыраған мектептер салу міндет емес. Бастысы, білім саласындағы кем-кетіктерді саралай, зерделей отырып, сол қомақты қаржыны мықты мұғалімдер корпусын даярлауға, сапалы білімге, технологияларға жұмсаған әлдеқайда тиімді. Ал «Ziyatker school» мектебінде қазіргі таңда 55 қызметкер жұмыс істейді. Оның 35-і педагог. Яғни, білім-білігі сараланған, тәжірибелі ұстаздар білім ­беруде.

Г.ДҮЙСЕБАЙ
22 қараша 2023 ж. 343 0