Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨНЕГЕЛІ ҺӘМ ӨНЕРЛІ ОТБАСЫ

ӨНЕГЕЛІ ҺӘМ ӨНЕРЛІ ОТБАСЫ

Дана халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтпаса керек. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Сыйластық пен жарастық орнаған орта, шағын мемлекет. Ал мықты мемлекеттің қалыптасуы үшін әрбір үйдің, шаңырақтың береке-бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болуы қажет. Ықылым заманнан бері қазақ ұғымында отбасының орны айрықша. Отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер азаматы, шаңырағының шырайын келтіріп, ырысын еселейтін – адал жары болса, оны береке мен мерекеге толтыратын – балалары. Осы ретте «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тәмсіл сөздің астарына үңіліп, ақиқатын ақтарып көрсек, бала ата-анасына қарап өседі. Міне, бүгінгі әңгімеміз Шиеліде тұратын ерлі-зайыпты Абай Алтынбеков пен Балхаш Томаеваның өнегелі отбасы, өнерлі балалары туралы болмақ.
Еңсегей бойлы, ер мінезді, сөзі мен ісі нық азамат, текті әулетінен шыққан отбасы иесі Абай Абдоллаұлы балалар музыка мектебінде домбыра классының мұғалімі болып, шәкірттерді білім нәрімен сусындатты. 1999-2021 жылдары осы әуез мектебінің директоры болып, зейнет демалысына шықты. Қызмет атқарған уақыттарда аудан әкімдігінің, облыс әкімдігінің, білім министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
«Ерін сыйлаған есікте қалмайды» дегендей, жанындағы жарын сыйлап, балаларына да әкесін бағалауды үйретіп, шаңырағының сәнін келтіріп отырған Балхаш Жексенбіқызы да ақылды, байсалды жан. Өз кәсібінің жай-жапсарын жетік білетін, мамандығының қыр-сырын үздік меңгерген маман.
«Шиелінің Шарасының» өмір жолдарына кезек берсек, 1959 жылы 30 қарашада Жексенбі мен Натидың отбасында Қызылорда қаласы, Тасбөгет қыстағында дүниеге келеді. Өзінің балалық шағы, отбасы жайында айтқанда Балхаш Жексенбіқызының жанарында сонау артта қалған қымбат кезеңге деген сағынышын байқадық.
– Жанұяда он баланың үлкенімін. Әкем Жексенбі ақжарқын, ақкөңіл әзілқой кісі еді. Бала кезімнен мені ән мен биге, өнерге баулыды. Анам Нати болса, бәріміздің өнерімізді тамашалап, қабақ шытпай жүретін. Анам үнемі бізге өтірік айтпа, ұрлық жасама деп ескертіп отыратын. Үлкендерге құрмет көрсет, батасын ал деп тәрбиелейтін. Осы тәрбиенің бәрі өмірде маған сабақ болды және оған ризамын, – дейді Б.Жексенбіқызы.
Иә, ата-ананың үлгілі тәрбиесінде өскен жанның өнер әлеміне деген қызығушылығы арта түсті. Сөйтіп, 1977 жылы Н.Гоголь атындағы педагогикалық университеттің «Музыка және ән» факультетіне оқуға қабылданады. Оқу орнында да белсенді студенттер қатарында болып, өнерін ұштай түсті. Бұл туралы кейіпкеріміз:
– Университетке түскен күннен бастап, «Сыр сұлуы» ансамбілінің бишісі болдым. Қазақстанның халық әртісі Дәурен Абировтен сабақ алдым. Оқуды аяқтаған кезде маған «би үйірмесінің жетекшісі» деген куәлік берілді, – дейді.
Шынында, өнер жолы қашан да ауыр жол екені мәлім. Ал қыз баласы үшін, тіпті де оңай емес. Күш пен жігер, ақыл мен қайрат өнер жолын қуған адамның бойынан табылуы қажет қасиеттер. Сонымен жоғарғы оқу орнын аяқтап, өмірлік серігі Абай Алтынбековпен шаңырақ көтереді. Шиеліге келгеннен соң аудандық әуез мектебіне қызметке орналасады. Бүгінде екеуі бес қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсіріп отырған үлгілі ата-ана.
Қазіргі таңда төрт қызы тұрмыста. Оларды әкенің ақылы, ананың ақ сүті ақ жолдан адастырмады. Тұңғышы Гүлзада оқу орнын М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірді. Жеті баланың анасы, ұл-қыз тәрбиелеп отырған үлгілі жан. Екінші қыздары Лаура Алтынбекова Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық Консерваториясын жақсы аяқтап, бүгінде Астана қаласындағы «№1 Балалар музыка мектебінің» домбыра сыныбында оқытушы болып қызмет атқарады. Әрі қарай балалары жайлы өздері былай деп баяндады:
– Жалпы баланың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын деген мақсатта біз де балаларымызды ата-дәстүр салтымен, өнермен, рухы асқақ азамат, ибалы да инабатты етіп тәрбиелеуге тырысамыз. Елімізде отбасыға маңызды орын берілген. Себебі адамзат пен мәдени құндылықтардың ажырамас бөлігі отбасы болып табылады. Отан – ортақ үйіміз. Ортақ үйіміздің шаңырағын шайқалтпай, уығын тіктеп, керегесін кеңейтіп отыру – ортақ міндетіміз. Біздің үшінші қызымыз Алматы Қалалық №4 емханасында клинико-диагностикалық бөлімшесінің бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейді. Білікті әрі тәжірибелі маман. Қоса кеткен жөн, қызымыз 2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Эндокринологтар Ассоциациясының мүшесі. Өзінің ерекше қабілетімен көзге көрініп жүрген Ұлан қызымыз да өнерге жақын. Негізгі мамандығы – архитектор-дизайнер. Бала күнінен суретті, сызуды жақсы көретін. Арманы – асқақ, мақсаты – айқын. Ал Жазира болса 1998 жылы 5 наурызда дүниеге келген. Ол отбасындағы бақытты басты орынға қояды. Жастайынан қолөнерге бейім болып өсті. Бұл қызымыз да шәкірт тәрбиелеп, бар білгенін Like School өнер және спорт орталығында үйретіп жүр. «Бисер өру» үйірмесінде жетекшілік қызметте. Шығармашылыққа жаны құмар Жалғас 2009- 2016 жылдары аралығында аудандық музыка мектебінде Дана Нұрмышева ұстазынан «Фортепиано» аспабы бойынша білім алып, 2017- 2021 жылдар аралығында Қазанғап атындағы музыкалық колледждін тәмамдады. Әрмен қарай білімін жалғастырып 2021 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында оқуға түсті. Қазір сонда фортепиано сыныбы бойынша 3 курс студенті, – деді күлімдеп.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туа бітті қасиеттер секілді ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында атаананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні сөзсіз. Біз де бүгінде «отбасы» деген бақыттың ұясын жылылыққа толтырып, түтінін түзу ұшырып, киелі шаңыраққа ие болып отырған асыл жандарға қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр тілейміз. Өнегелі һәм өнерлі отбасына шаңырақтан шаттық пен қуаныш шуағы үзілмесін деген жылы лебізіміз бар.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
16 мамыр 2024 ж. 183 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930