Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ДАЛА АРУЫ» – 100 ЖАСТА

«ДАЛА АРУЫ» – 100 ЖАСТА

Туғанына ғасыр толып отырған атақты күрішші, Социалистік Еңбек Ері ­Закира Ержанованы ауылдастары осылай деп атаған
Сол кезде өрімдей қыздың «Дала аруы» атануы да тегін емес. Закира еліміздің күріш өсірушілері арасында жаңашыл, мол өнім жинаудың маманы ретінде танылды. Шыққан биігі, алған асуы да аз емес, күріш өсірудің нағыз үлгісін танытты. Он жыл қатарынан ­Ыбырай Жақаевтың звеносында істеді. Даңғайыр диқанның күріш өсіру жөніндегі республикалық мектебінің ғылыми курсын бітірді.
1958 жылы Закира звено жетекшісі болып тағайындалды. Ол жиған-терген білімін, тәжірибесін сенімді ақтау үшін шеберлікпен қолданды, бар ынтасымен жұмыс істеді. Сол жылдың күзінде оның звеносы жақсы өнім жинады. Көлемі 25 гектар егістіктің әр гектарынан 42 центнерден дән бастырды.
Дала арумен көзі тірісінде болған бір сұқбатымызда: «1960 жылдың жазы өте ыстық болып, судың деңгейі күн сайын төмендей берді, мұның өзі егіннің шығымына қауіп-қатер туғызды. Онша көп тәжірибесі жоқ мен үшін өте қиын болды. Диқан атадан жиі кеңес алып тұруға тура келді. Күнделікті атыз-арықты жағалап бір тамшы судың сыртқа кетпеуін қадағаладым. Ала жаздай кетпенім қолдан түспеді. Кей кейде егістік басына қонған кездерім де болды. Түнде арық сулары атызды шайып кете ме деп қорықтым. Сағаларға да аса сақтықпен қарадым...» деп басынан өткен алғашқы қауіпті әңгімелеп беріп еді.
Алайда, жаз бойғы төгілген тер, атқарылған еңбек босқа кетпеді. Закира Ержанованың звеносы 15 гектар егістіктің әр гектарынан 45 центнерден өнім жинады. Осы зор табысы үшін Закира Қазақ ССР Жоғарғы Советінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Мұндай жоғары атақты бұған дейін ауданда ешбір еңбеккер алмаған еді.
Еңбек процестерін механикаландырып, агротехникалық білімін тереңдете отырып, Зәһира өзіне бекітілген алқаптан жыл сайын мол өнім жинады. 1962 жылы звено әр гектардан 72 центнерден күріш алды. Бұл жетістігі үшін звено жетекшісі Қазақ ССР Жоғарғы Советінің «Құрмет» грамотасымен екінші рет марапатталды.
Звено жетекшісінің тәжірибесі, білімі, ұйымдастырушылық қабілеті 1965 жылы айқын көрінді. Сол жылғы құрғақшылық егінді қуратып жіберу қаупін туғызды. Ержанова бастаған звено мүшелері бұрнағы жылдардағы тәжірибелерін іске асыра отырып егінді сақтап қалу үшін асқан қажырлық көрсетті. Сөйтіп, табиғаттың қатыгездігін жеңіп шықты. Күріштің әр гектарынан түскен өнім 61 центнерден айналды. Астық өндіру және оны дайындау, техниканы тиімді пайдаланудағы қол жеткен табыстары үшін КСРО Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Закира Ержановаға «Социалистік Еңбек Ері» жоғарғы атағы беріліп, кеудесінде «Алтын жұлдыз» бен Ленин ордені қатар сап түзеген болатын.
1926 жылы теміржолшылар отбасында дүниеге келген Закира Ержанова еңбек жолын 1942 жылы небәрі 16 жасында «Қызыл Ту» колхозында күріш өсіруші болып бастады. Колхоздың ер азаматтармен бірдей иық тірестіре еңбек етіп, қайсарлығымен көзге түсті. Жақаевтың жақын шәкірттерінің біріне айналды. Ақ күріштің атасынан өмірлік азық болатын тәрбиені де, тағылымды да үйренді.
Облыс бойынша ең жас Социалистіктік Еңбек Ерінің бірі болды. Ауданда Ыбырай Жақаев пен Маман Қалдыбаевтан кейін (корейлерді қоспағанда) ең жоғарғы атақты иеленген үшінші диқан.
Қазақта ақыл-парасатымен, тапқырлығы және тәрбиесімен, дуалы сөзі, дара мінезімен әлі күнге дейін ел жадында жатталған аналар аз емес. Сонау сақ дәуіріне көз жүгіртсек, қазақ әйелдерінің ақылымен ел билегенін ғана емес, айбатымен жауға шапқанын да аңғарамыз. Домалақ ана, Ақбикеш ару, Бопай сұлу, Дина Нұрпейісова, тағы да басқа қайсар аналар соның дәлелі. Ал Шиелі ауданында ер-азаматтардан қалыспай, қажырлы жұмыс істегендердің көшбасшысы Закира Ержанова болды. Кейін бұл тізім ауданда Айша Меңлібаева, Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Жадыра Таспамбетова сияқты Еңбек Ерлерімен жалғасын тапты.
«Еңбек – бәрін де жеңбек» расымен де, қазіргі таңда еңбектің мән-маңызы арта түскені ақиқат. Әлемдік өркениеттің барлық құндылығы, барлық экономикалық және мәдени байлық виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Қарапайым еңбек адамдары кез-келген қиыншылықты өз еңбегінің арқасында ғана еңсере алатыны сөзсіз.
«Дала аруының» дара жолын ұлы Ақылбек Ержанов жалғастырды. 1970 Закира Ержанова зейнеткерлікке шыққан соң колхозшы болып жүрген ол анасының қолынан күріш звеносы жетекшілігін қабылдап алды. 1995 жылы ­«Ержанова» шаруа қожалығын құрып, жылына 700 гектарға күріш дақылын өсіруді тұрақты қолға алды. Осылайша 5 шаруа қожалықты біріктіріп, 125 адамды жұмыспен қамтып, күріштен мол өнім алып отыр.
Еңбегі де ретіне қарай бағалануда. Ауыл шаруашылық саласында атқарған еселі еңбегі нәтижесінде Ақылбек Ержанов «Елеулі еңбегі үшін» медалімен, сонымен қатар «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының алғыс хатымен марапатталды. Соңғысы агроөнеркәсіп саласында көп жылдан бері жас жеткіншектерді еңбек сапасын арттыруға тәрбиелеуде ұстаздық міндетін абыроймен атқарғаны үшін берілген. Жасы сексенге таяса да бар ғұмырын арнаған сүйікті ісін – ­Батыр анасы атақты күрішші Закира Ержанованың аманатын ақтап, жолын жалғап келеді.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Суретте: Батырлар қатарына жаңадан қосылған Социалистік Еңбек Ері Заһира ­Ержанова екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері күрішші Ыбырай Жақаевпен және мойынқұмдық шопан ата Жазылбек Қуанышбаевпен бірге. Қос батырдың ортасында тұрған шаруашылықтағы игі де ізгі істерді ұйымдастырушы «Қызылту» колхозы партия комитетінің хатшысы Елтай Әбішев.
28 қыркүйек 2026 ж. 33 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (9440).

26 қыркүйек 2026 ж.

№72 (9439)

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (9438)

19 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930