Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек Ері есімі ел есінде

Еңбек Ері есімі ел есінде


Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Социалистік Еңбек Ері, ЗаҺира Ержановаға 95 жыл толуына орай шахматтан турнир өтті.
Заһира Ержанова 1926 жылы Қызыл Ту колхозында дүниеге келген дала академигі Ы.Жақаевтың ізбасары. Еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері, «Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» атанған Заһира зейнеткерлікке шыққанға дейін туған ауылында күріш звеносының жетекшісі болып еңбек етті. Қоғам және мемлекет қайраткері еліміздің күріш өсірушілері арасында жаңашыл, мол өнім жинаудың шебері ретінде мәлім. Өзінің колхозында оны «Дала аруы» деп атаған. Он жыл қатарынан атақты күріш өсіруші Ыбырай Жақаевтың звеносында істеген Заһираны күріш өсіру жөнінде Жақаевтық мектептің ғылыми курсын бітірді деуге болады. Маңдай тер, адал еңбектің арқсында 1958 жылы звено жетекшісі болып тағайындалады. Зор сенімді ақтау үшін ол бар білімін, тәжірибесін шеберлікпен қолданды, бар ынтасымен жұмыс істеді. Сол жылы оның звеносы жақсы өнім жинады: көлемі 25 гектар егістіктің әр гектарынан 42 центнерден дән бастырды. 1960 жылдың жазы өте ыстық болды, судың деңгейі күн сайын төмендей берді, мұның өзі егіннің шығымына қауіп туғызды. Алайда Ержанованың звеносы 15 гектар егістіктің әр гектарынан 45 центнерден өнім алды. Осы зор табысы үшін Заһира Ержанова Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Турнирдің алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов алды. Одан кейін ЗаҺира Ержанованың ұлы Ақылбек Ержанов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Пердәлі Архабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Әбдірахмановтар сөз сөйлеп, шахмат интелектуалдық туриниріне қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталмыш ойын 63 жастан асқан аудан ардагерлері арасында өтті. Оған 12 адам қатысып, өзара бақ сынасты. Ақыл-ойды жаттықтырушы спорт түрінің ұйымдастырылуы ардагерлердің бір мезгіл серпіліс жасауына сеп болып, ойын қыза түсті. Осылайша әзіл-қалжыңы аралас ардагерлердің көңіл-күйі көтеріліп, Заһира Ержанованың ерлікке тән еңбегін айтып, марқайып қалды. Ойын сәтті жүріп, 12 қатысушыдан 3 ардагер: Бақыт Рахметов 1 орын, Құдайберді Жұмабеков 2 орын, Кенжебек Ержанов 3 орынды иеленіп, кубок, алғыс хаттармен марапатталды.

Ақбота Баянбай
05 шілде 2021 ж. 428 0