Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕГІ ЕРЕН ЕР АНА

ЕҢБЕГІ ЕРЕН ЕР АНА

Сырдың қасиетті топырағы – талай еңбек тарланын түлеткен құтты мекен. Бұл өлкенің тарихын ақ күрішсіз, ал ақ күріштің тарихын даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевсыз елестету мүмкін емес. Сол дала академигінің өнегесін бойына сіңіріп, ақ күріш өсірудің қыр-сырын меңгерген, өз еңбегімен ел құрметіне бөленген жандардың қатарында Закира Ержанованың есімі айрықша аталады.
Биыл Сыр елінің ардақты перзенті, Социалистік Еңбек Ері, диқан Закира Ержанованың туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай Иіркөл ауылдық мәдениет үйінде еңбек адамының өнегелі өмір жолын ұлықтаған тағылымды танымдық кеш өтті. Шараға ауыл тұрғындары, ардагерлер, Закира анамыздың көзін көрген замандастары, ізбасарлары мен мектеп оқушылары қатысып, ғибратты ғұмыр иесінің ел тарихындағы орнын кеңінен сөз етті.
Танымдық шараны аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Есенбаев ашып, еңбек адамын ұлықтаудың, оның өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.
Закира Ержанова 1926 жылы Шиелі өңірінде теміржолшы отбасында дүниеге келген. Балалық шағы ел басына ауыртпалық түскен кезеңмен тұспа-тұс келген жас Закира еңбекке ерте араласады. Небәрі 16 жасында сол кездегі «Қызыл Ту» колхозында күріш өсіруші болып еңбек жолын бастайды.
Жастайынан маңдай тердің қадірін білген ол ер-азаматтармен қатар еңбек майданына араласып, диқанға тән бейнет пен берекені қатар көреді. Ол кездегі күріш өсіру – бүгінгідей техника мен технологияға сүйенген жеңіл жұмыс емес еді. Жер жырту, тұқым дайындау, суару, егісті баптау, отау, ору – барлығы да диқанның табандылығы мен төзімін талап ететін. Осындай еңбек мектебінен өткен Закира Ержанова 1948 жылдан бастап Ыбырай Жақаевтың күріш өсіру бригадасында еңбек етеді.
Ыбырай Жақаев – Сыр бойындағы күріш өсіру мәдениетінің өзіндік мектебін қалыптастырған тұлға. Оның тәжірибесі кейін «Жақаев агротехникасы» деген атаумен кең тарады. Ал Закира Ержанова сол мектептен тәлім алған шәкірттердің бірі болды. Жақаевтың қасында жүріп ол күріш өсірудің қарапайым тәсілдерімен қатар, еңбекке деген жауапкершілікті, жерге деген құрметті, ел несібесін адал сақтауды үйренді. Закира анамыздың кейінгі өмір жолынан ұстазының тәлімін анық көруге болады.
Закира Ержанованың өзі Ыбырай атаның бір өсиетін өмір бойы ұмытпағанын естелік етіп айтқан. Көктемгі қиын кезеңде бір дорба күріш тұқымын кейін көже қылып ішу үшін жасырып қойғандарын көрген Жақаев қатты ренжіп, тұқымның халықтың несібесі екенін түсіндірген екен. «Бұл – бүкіл халықтың ырыздығы, ертеңгі азығы» деген ұстаз сөзі шәкірттерінің санасында өмірлік сабақ болып қалған. Иә, диқан үшін тұқым – халықтың несібесі. Жерге түскен әр дәннің артында елдің ырысы, маңдай тері, ертеңге деген үміті бар. Закира Ержанова ұстазынан осыны үйренді.

ҚИЫНДЫҚТА ШЫҢДАЛҒАН ШЫНАР
1958 жылы Закира Ержанова «Қызыл Ту» колхозында күріш өсіру звеносын басқарды. Сол жылы 25 гектар алқаптан әр гектарынан 42 центнерден күріш жинады. Ал 1960 жылы 15 гектар жердің әр гектарынан 45 центнер өнім алды. Бұл көрсеткіштер оның кәсіби шеберлігінің қалыптасқанын аңғартты.
Еңбекпен келген абырой оны қоғамдық жұмыстарға да алып келді. 1961 жылы механизаторлар даярлау курсын аяқтап, 1962 жылы тағы да мол өнімге қол жеткізді. Сол жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Алайда нағыз сын адамның қиын кезеңде танылатыны белгілі. 1965 жылы Сыр өңірінде қуаңшылық болып, диқандарға оңай тимеді. Су тапшылығы егін біткеннің бәріне салмақ салды. Осындай сын сағатта Закира Ержанова еңсесін түсірмей, егістік басындағы жұмысын еселей түсті. Нәтижесінде оның звеносы 18 гектар алқаптың әр гектарынан 61 центнерден күріш жинады. Ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Закира Ержановаға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Оған «Алтын жұлдыз» медалі мен Ленин ордені табысталды. Кейін «Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» атағына ие болды.
Закира Ержанованың есімі Ыбырай Жақаевтың шәкірттері туралы сөз болғанда жиі аталады. Өйткені оның еңбек жолы ұстазының мектебімен тікелей сабақтас. Жақаев шәкірттеріне тек мол өнім алудың әдісін үйреткен жоқ. Ол жерге деген адалдықты, еңбекке жауапкершілікті, ел несібесін көздің қарашығындай сақтауды үйретті. Закира ­Ержанова осы қағидаларды өз еңбек жолының берік ұстанымына айналдырды. Бүгінде Ыбырай Жақаев ауылында Закира Ержанованың атымен аталатын көше де бар.
Көзкөрген замандастары қарапайым, еңбекқор, көпке қамқор жан ретінде еске алады. Қиындыққа мойымайтын қайсарлығы, қатарынан қалмай еңбек етуі, жастарға ақыл-кеңесін аямауы – оның азаматтық тұлғасын айшықтай түсті.

ЕСТЕЛІКТЕРДЕ ЖАҢҒЫРҒАН ЕСІМ
Иіркөл ауылдық мәдениет үйінде өткен танымдық кеште де Закира анамен бірге еңбек еткен замандастарының естеліктері ерекше әсерлі болды. Көзкөргендер сол бір кезеңдегі еңбек майданын, егіс даласындағы тынымсыз тіршілікті, таңның атысынан күннің батысына дейін созылатын бейнетті еске алды. Закира апаның қарапайымдылығы мен адамға деген ықыласын, еңбекке деген беріктігін айтып, кейінгі ұрпаққа оның өнегесін жеткізді. Өйткені кітаптағы дерек пен архивтегі құжат бір бөлек те, сол дәуірді өз көзімен көрген адамның әңгімесі бір бөлек. Замандастарының әр сөзі арқылы Закира Ержанованың бейнесі кейінгі ұрпаққа жақындай түседі.
Бүгінде заман өзгерді. Егін егу технологиясы жаңарды. Ауыл шаруашылығына жаңа техника мен заманауи әдістер келді. Бірақ еңбектің қадірі өзгерген жоқ. Сондықтан ­Закира ­Ержанова секілді еңбек адамдарын ұлықтау – бүгінгі ұрпаққа «еңбек етсең, елге қызмет етсең, із қалдырасың» деген қарапайым әрі маңызды ойды жеткізудің бір жолы болса керек. Бұл жолғы шараның да мақсаты осы. Жас ұрпақ Социалистік Еңбек Ерінің өнегесімен танысып, Сырдың ақ күрішін өсірген қарапайым еңбек адамдарының ел тарихындағы орнын бағамдады. Танымдық кеш барысындағы мерекелік концерт те еңбек адамына деген құрметтің жарасымды жалғасына айналды.
Ұстазы Ыбырай Жақаевтан алған өнегені өз өмірімен жалғаған Закира анамыздың ғибратты ғұмыры уақыт өткен сайын жаңа қырынан таныла бермек. Өйткені еңбекпен келген абыройдың ғұмыры ұзақ, елге сіңген еңбектің ізі өшпейді.

Гүлхан ЯХИЯ,
сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ
21 қыркүйек 2026 ж. 22 0

Қоғам

Лайкқа    лайық өмір іздеп...
21 қыркүйек 2026 ж. 55

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9438)

19 қыркүйек 2026 ж.

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (9436).

12 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930