Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қысқа қалай қамданып жатырмыз?

Қысқа қалай қамданып жатырмыз?

Күздің қара суығы әлі түсе қоймағанымен, ауылдағы ағайынның қамы қазірдің өзінде қызу. Қорадағы малдың жем-шөбінен бастап, үйдің отыны мен қыстық азығына дейін ертерек қамданып қою – елдің ежелден қалыптасқан әдеті.
Қазір ауыл көшелерінде күзгі тіршіліктің қарқыны сезіледі. Бірі шөбін түсіріп, қора-қопсысын реттеп жатса, енді бірі қысқа қажетін қамдап, үйінің ұсақ-түйек жөндеу жұмыстарын аяқтауға асығуда. Қорадағы малдың күйін қарап, жем-шөбін жеткілікті ету де – күнделікті міндет.
Ауыл тұрғыны үшін қыстың жайлы өтуі ең алдымен мал азығына байланысты. Жаз бойы шабылған шөп пен жиналған жемді қораға толтырмасақ көңіл көншімейді. Сондықтан шаруалар қазір қолда бар азықты түгендеп, жетпегенін толықтыруға кіріскен.
– Қыс бір күнде келмейді, бірақ дайындықты кейінге қалдыруға болмайды. Шөпті ертерек алып, жемді де алдын ала қамдап қойған дұрыс. Қыс түскенде баға қымбаттайды, оның үстіне қазіргідей жем-шөпті таңдап жүріп жақсысынан ала алмай қалуымыз мүмкін. Сондықтан қолдан келгенше қазірден қамданамыз, – дейді аудан тұрғыны Бекжан Нарымбетов.
Биыл ауылдағы ағайынның қысқы қамына кететін шығыны да аз емес. Бір прес шөптің бағасы 300 теңге шамасында болса, бидай, кебек, арпа секілді мал азығының әр түрі 3-5 мың теңге аралығында саудалануда. Төрт түліктің қысқы күйін ойлаған ауыл тұрғындары мал азығын қазірден қамдамаса аяз қаһарына мінген тұста баға бұдан да қымбаттауы мүмкін екенін жақсы біледі. Жем-шөппен қатар, кейбір шаруалар ірі қарасын қыс түскенше қауынның масағын беріп баптаса, енді бірі малға азық болсын деп қора-қопсысына асқабақ жинап қояды. Қысқы азықтың түрін көбейтіп, малдың күйін сақтаудың амалын қарастыратын ауыл адамдарының басты мақсаты – төрт түлікті қыстан қоңды шығару. Сондықтан қазірден қамданғандардың әр күнгі еңбегі қысқы тіршіліктің қамына бағытталған.
Қыс қамының тағы бір маңызды бөлігі – қора-жайдың жағдайы. Малдың қыста тоңбауы үшін қораны бекітіп, шатырын жөндеп, есік-терезесін ретке келтіру қажет. Ауылдағы ағайын бұл жұмыстарды да күзгі қарбаластың бір бөлігі санайды.
Ал үй шаруасындағы әйелдер үшін қысқы қамның өз алдына бөлек машақаты бар. Жаздан жиналған жеміс-жидек пен көкөністен қысқа қажетті тосап, тұздық, салат секілді түрлі азық дайындау – ауылдағы дәстүрлі тіршіліктің бірі. «Қыс азығын жаз жина» деген халық даналығының мәні де осында.
Дегенмен қазіргі ауылдың қысқа дайындығы бұрынғыдан өзгеше. Бұрын қысқа сақтайтын жеміс-жидек көкөністер әр үйдің өз ауласынан өсетін. Өспесе де көрші-қолаң ағайын-туыстан жететін. Сатып алып банкаға басу өте сирек кездесетін. Қазір ауылдағылардың өзі аскөктен бастап бүкіл қажеттіні сатып алып жатады.
Тіптен дайын тосап пен салатты сатып алатындар да көп. Сұранысқа қарай нарықта ұсыныстың да сан түрі бар. Мәселен, 1 литрлік бір банка тәтті салаттың құны 1000-1500 теңгеден, 2 литрлік қолдан дайындалған компоттың құны да сол шамалас. Ал тосаптың литрі 800-ден 2000 теңгеге дейін саудаланады. Сондықтан қысқы дайындық – ауылдағы отбасы бюджетіне де салмақ түсіретін кезең.
Күздің әр күні – қысқа жасалған дайындықтың бір қадамы. Ауылдағы ағайынның «қыс қамын жаз ойла» дегенді берік ұстанатыны да сондықтан.
Табиғаттың тосын мінезіне дайын болу – ауыл тіршілігінің ажырамас бөлігі. Қыс қашан және қандай болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ оған дайындықты бүгіннен бастау ежелден жазылмаған ереже.

Г.ЯХИЯ
28 қыркүйек 2026 ж. 35 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (9440).

26 қыркүйек 2026 ж.

№72 (9439)

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (9438)

19 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930