Жем-шөбіңіз әзір ме?
Қазақ «Қыстың қамын жаз ойла» дейді. Жаздың әр күнін жылға азық санайтын шаруалар үшін қазір нағыз қарбалас шақ. Қолдағы азын-аулақ малға дер кезінде жем-шөпті дайындап алуды әдетке айналдырған олар, ауласына шөп үйілмей тыным таппайды.
Ауданда несібесін қорадағы төрт түлігінен тауып отырған жандар қаншама?! Мал басын асылдандырып, мемлекеттен субсидия алып отырған жандардан бөлек, көпшілігі аздаған малын асырап, аузы аққа тиіп, құрт-майын жеп отыр. Иә, малды өріске айдап, түрлі кеселдің алдын алып, күтіп-баптағаннан бөлек, оның азығы да біраз шығынды талап етеді. Бүгінде төрт түлікті алты ай қыстан аман алып шығудың қамына кіріскен аудан жұртшылығы мал азығының бағасы арзандағанын қалайды.
– Қорада 4-5 бас ірі қара малым бар. Жыл сайын жаз мезгілінің соңына қарай 40 рулон жоңышқа шөбін аламын. Оған қоса 1,5-2 тоннадай жем азығы бар. Жақында ғана бидайдың келісін 65 теңгеден алдым. Ал қамыстың рулоны 3 мың теңгеден. Әрине, қымбат. Бала-шағаның несібесіне қарай малдың қыстан аман шыққаны жақсы ғой. Ол үшін азығы сапалы болуы керек. Жоңышқа да, бидай мен кебек те өзіміздің ауданнан шығады. Бағасы шамалы арзандағанын қалаймын. Еттің құны да осы малдың азығына тікелей байланысты ғой, – дейді аудан тұрғыны Сәбит Нұрымбетов.
Биыл ауданда жем-шөп қорын жасақтау мақсатында 90 мың тонна шөп жиналған. Бидай дақылдары да толық орылып, күздік бидайдан 2100 тонна, жаздық бидайдан 564 тонна өнім қамбаға құйылған. 1896 гектар мақсары дақылының 650 гектары жиналып отыр.
Ауданда бүгінгі таңда 55 мыңнан аса мүйізді ірі қара, 13 мың 257 бас жылқы бар болса, уақ мал, яғни қой-ешкінің саны 80 мыңға жуықтап қалған. Жыл өткен сайын мал басы да едәуір артып келеді. Бірақ қанша көбейгенімен, еттің бағасы қымбаттамаса арзандайтын түрі жоқ. Оған себеп – жоғарыда айтқан мал азығының қымбаттауы. Ал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары жем-шөптің бағасы тікелей дизель отынының құнына байланысты екенін айтады.
Жыл өткен сайын жем-шөпке сұраныс көбеймесе, кемімейді. Ал оның бағасының тұрақты болуы көптеген қарапайым тұрғындардың тілегіне айналып отыр. Жалпы аграрлы аймақ саналатын ауданда мал азығынан мәселе болмауы қажет секілді. Алдағы уақытта тиісті бөлімдер жоғарыда аталған мал азығының қолжетімді бағада тұрақтап тұруына ықпал жасаса екен дейміз.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ