Тазалықтан басталған тәрбие
«Таза Қазақстан» бағдарламасын оқушылардың еңбекке, табиғатқа және қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастыратын тәрбиелік алаң ретінде тиімді пайдалануды әр білім ордасының мақсатына айналған. Ал №252 Ковтунов атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұлжан Қалымбетова бұл жұмыстарды оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту бағытындағы жұмыстармен де ұштастырып келеді. Ұстаздың айтуынша, тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін балаға тек ақыл айту жеткіліксіз, оны белгілі бір әрекетке араластырған маңызды.– «Таза Қазақстан» бағдарламасының нәтижелі жүзеге асуы әр азаматтың күнделікті әрекетіне де байланысты. Экологиялық акцияларға белсенді қатысу, қоқысты сұрыптау, су мен электр энергиясын үнемдеу сияқты қарапайым әдеттердің өзі қоршаған ортаны қорғауға қосылған маңызды үлес. «Таза Қазақстан» аясындағы жұмыстар барысында оқушылар қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызын түсініп қана қоймай, қарапайым тұрмыстық дүниелерді үнемдеу мен сұрыптауға жаңаша көзқараспен қарауға үйренеді. Қазір қажетсіз болып көрінген пластик ыдыстар, картон қораптар, қағаз қалдықтары ертең шығармашылық жұмысқа қажетті материалға айналуы мүмкін. Сондықтан оқушылар су мен жарықты үнемдеу арқылы қоғамға пайдалы бола алатынын, кей қалдықтардан түрлі бұйым жасау арқылы оны тиімді қолдану мүмкін екенін тәжірибе арқылы меңгеруі керек.
Бұл жұмыстың тәрбиелік мәні ерекше. Біріншіден, бала еңбек етуге үйренеді. Өз қолымен бір дүниені жасау үшін уақытын бөліп, ізденіп, шыдамдылық танытады. Еңбек нәтижесін көрген оқушы өз жұмысына жауапкершілікпен қарай бастайды. Екіншіден, оқушыларда жауапкершілік құндылығы қалыптасады. Табиғатты қорғау қоқысты жерге тастамау, қағазды ысырап етпеу, заттарды ұқыпты пайдалану, қоршаған ортаны таза ұстау сияқты күнделікті қарапайым әдеттерден басталатынын түсінеді. Үшіншіден, мұндай жұмыстар шығармашылық қабілетті дамытады. Қалдық материалдан пайдалы немесе сәндік бұйым жасау барысында оқушы өз қиялын іске қосады. Табиғаттың байлығын үнемдеу, қажетсіз затқа жаңа өмір сыйлау – баланың ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, ұқыптылық пен үнемшілдікке тәрбиелейді, – дейді Ұ.Әбдіқардырқызы.
Ұстаздың бұл бағыттағы сыныптан тыс іс шара өткізуінің тағы бір маңызды қыры – оқушыға дайын ақыл айтудан гөрі, оны әрекет арқылы тәрбиелеуінде. Мұғалім үшін мұндай тәрбиелік жұмыстардың түпкі мақсаты – табиғат алдындағы жауапкершілігін сезінетін тұлға қалыптастыру. «Таза Қазақстан» бастамасының мәні де осында. Тазалықты сыртқы ортадан бастап, адамның ішкі мәдениетіне айналдыру.
Таза сынып – таза мектептің, таза мектеп – таза қоғамның бастауы.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ








