Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДОСТЫҚ ЛЕБІЗ

ДОСТЫҚ ЛЕБІЗ


Хамзат ЧОЛОНДУРОВ, шешен ұлтының өкілі: Қазақ қашан да бауырмал халық – «Халықтар достығы» деген сөзді бекер айтпаймыз. Әр кезеңдерде қазақ елі өзінен пана іздеп келгендердің бәрін бауырына басып, төрінен орын берген. Қандай қиын сәт болсын бір үзім нанды бөліп жеген. Біз де соның куәсі болдық. Талай қиыншылықтарға кезіктік. Бірақ сол қиындықтарға төтеп беріп, бүгінде түрлі ұлттар болып бір шаңырақ астында ғұмыр кешудеміз. Бәріміз құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысып, қазақ елінің өркендеуіне үлес қоса береміз. Ата-анам қазақ халқының мейірімділігі мен бауырмалдығын жиі айтып отырушы еді. Бұл қасиетті мен де әр қазақтың бойынан байқаймын. Мен осындай дархан пейілді қазақтың даласында өмір сүріп жатқаныма қуанамын.







Агафья КИМ, кәріс ұлтының өкілі: Қазақ тілді ерекше құрметтеймін – Мен 1947 жылы 20 желтоқсанда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауылында дүниеге келдім. Ата-анам 1937 жылы Приморск өлкесінің Уссурийск қаласынан қоныс аударып, Жалағашқа келеді. 1965 жылға дейін сол жақта тұрып, кейін Қызылорда тауларына көшіп келген. Ал өзім 1955-1966 жылдары Жалағаш кентінде №31 мектепті бітіріп, 1966 жылдың қыркүйегінде Семей қаржы-экономикалық техникумына оқуға түсіп, 1968 жылдың наурыз айында аталған оқу орынды тәмәмдадым. 1991 жылы Шиелі аудандық қаржы бөлімінде есепші-экономист болып еңбек жолын бастадым. Содан салық комитетінің құрылуымен бас есепші қызметіне ауыстырылып, 2005 жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істедім. 2006 жылдың қаңтарынан бастап еңбек демалысындамын. Мен қазақ тілін адамдармен қарым-қатынас жасай алатындай деңгейде білемін. Балалық шағым Жалағашта өтті. Сол кездері көршілеріміздің бәрі қазақ болатын. Қазақша сөйлеп жүретін балаларға қатты қызығатынмын. Содан көрші құрбылармен ойнап, араласа жүріп қазақ тілін тез үйреніп алдым. Бүгінде біз қазақ отбасыларымен көрші тұрамыз әрі татумыз. Қазақы салт-дәстүрді құрметтеймін, қалай орындалатындығын да жақсы білемін. Қазақтардың кеңпейілділігі мен қонақжайлылығы ерекше сүйсінтеді. Көршіқолаңмен қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтасу азаматтық парызым деп білемін. Үш перзент тәрбиелеп, өсіргенмін. Келіндерім мен күйеу балаларым қазақ. Отбасымызбен үйде тек қана қазақша сөйлесеміз. Қазақтың тіліне деген махаббатым ерекше. Тіл сөйлесу құралы. Оның бастапқы сатысы байланыс құралы болса, тереңдей келе ол кемел рухқа айналады. Ал біз сол рухты сезінуіміз керек.



Прасковья ЗОТОВА, орыс ұлтының өкілі: Қазақтың қолөнерімен айналысамын – Мен Шиелі ауданында тұрамын. 1930 жылы атам мен әжем Оренбургтен ауданға көшіп келген. Ұлтым орыс болса да Қазақстанда тұратынымды мақтан етемін. Мамыр айының алғашқы күні Қазақстан халқының бірлігі күні – бұл достық, сыйластық пен ынтымақ мерекесі. Сан ұлтқа сая болған Қазақстанның кең шаңырағы астында қазақ, өзбек, орыс, украин, неміс, кәріс, ұйғыр, қырғыз, армян, грузин және тағы басқа да көптеген ұлт өкілдері тұрады. Осы ұлттардың бәрі де бірегей таптырмас қасиеттерге ие, сонымен бірге Қазақстан аумағында біз – тату өмір сүретін бір халықпыз. Бірінші мамыр мерекесінің мәні де осында деп білемін. Қазіргі таңда мен Г.Н.Ковтунов атындағы №252 мектеп-гимназиясында лаборант болып жұмыс істеймін. Бос уақытымда қолөнермен айналысқанды ұнатамын. Суреттерді айқас, моншақ, гауһар тастармен кестелеймін. Сондай-ақ қазақтың ою-өрнектерімен көмкерілген заттарды жасағанды жаным сүйеді. Бойжеткендерге арналған қазақы бүрмелі көйлектен бастап, тоқыма тоқи аламын. Бұл өнермен айналысқаныма 10 жылдан асты.







Әзірлеген: Айнұр ИБРАШ 









01 мамыр 2024 ж. 239 0