Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біздің күшіміз бірлікте

Біздің күшіміз бірлікте

Қазақстан халқы осымен бесінші жыл қатарынан «Алғыс айту» күнін атап өтіп жатыр. Елбасы Н.Назарбаевтың бастауымен қолға алынған бұл мерекенің маңызы өте зор. Бүгінде біз ынтымағы мен ырысы, татулығы мен бірлігі жарасып тұрған елде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі тұрып жатырмыз. Мұнда түрлі этномәдени орталықтар ашылып, әрбір этнос өкілі өз ана тілін толық меңгеріп, ата-бабаларымыздың тарихын, салт-дәстүрін біліп, ұстануға мүмкіндік жасалған.
Біздің күшіміз – бірлігімізде. Осының арқасында күн санап дамып келеміз. Әлемге бір шаңырақ астында көптеген ұлт өкілі өмір сүре алатынын дәлелдеп, үлгі көрсетіп жүрміз.
Бұл күн – біз үшін айрықша. Өйткені бізге қазақ халқына алғыс білдіру мүмкіндігі бұйырды. Қуғын-сүргін жылдары біздің аман қалуымызға бірден-бір себепкер болды. Сондықтан осындай кең пейілді ел қандай құрметке болсын лайықты деп санаймын. Қазақ халқының аумалы-төкпелі жылдары көрсеткен көмегін кезекті рет еске алып, ата-бабаларымыздың рухына тағзым етемін. Сол бір қиын кезеңдерде тарығып, қиыншылық көріп жүргеніне қарамастан шеттен келген көптеген ұлтқа құшағын ашқан қазақ халқының мейірбандылығына тәнтімін.
Бәріміз Отанымызды Қазақстан деп білеміз. Дәл қазақ халқындай өзге ұлт өкілдерінің мейіріммен қарағанын байқамадым. Өткенге көз жүгіртіп, тарих қойнауына үңілер болсақ, арғы тегіміз жер аудару, аштық, қала берді ату жазасына кесу секілді қиындықтар көріп, жақындарынан айрылды. Мұндай тар жол тайғақ кешу уақытында көмек қолын созған қайырымды жандар қашанда алғысқа лайық. Қазір біз бейбіт күнде жайбарақат өмір сүрудеміз.
Алғыс айту – қай уақытта болсын адамдар арасында жақсы қарым-қатынас орнататыны белгілі. Осындай маңызы зор мерекемен құттықтай отырып, өзара сыйластық, достық пен мықты ұлтаралық келісім тілеймін. Татулығы жарасқан қамқор еліміздің әрбір азаматы мен Президент Қ.Тоқаевқа айтар алғысымыз шексіз!

Ким Омега Граньевна
270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектебі КММ-ның мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
Кәріс ұлтының өкілі
02 наурыз 2021 ж. 514 0