Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨШЕТ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ?

КӨШЕТ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ?

Әне-міне дегенше, көгілдір көктемнің бір айын тәмамдап үлгердік. Бүгінде ауданда Табиғат-Ана оянып, күн күлімдеген кезеңде айналаны тазалап, сенбіліктер ұйымдастыру, ағаштардың түбін әктеп, жерге жас шыбықтар отырғызу жыл сайынғы үрдіске айналған. Ауа райының бірнеше күнгі өзгерістерінен кейін қазір көктемнің туғанын сездіргендей, жылы леп есіп тұр. «Сәуір болмай, тәуір болмас» деуші еді қазақта. Бәлкім бұған дейінгі күн райынан қыс ызғары кетпей, әлі де жылылық сезіле қоймайтындықтан болар.
Көктен күлімдеген күн қызу тіршілікке кірісетін уақытты көрсетіп тұр. Көктемнің сәні – көшет егу екені анық. Соған сәйкес аудандағы сауда орындары мен жергілікті дүкендерде де жас көшеттер мен жеміс ағаштарының саудасы қызып тұр. Оқырманға пайдалы болсын деген ниетте біз де жас өскіндердің бағасын білмекке орталық базарға бет алдық.
Межелі орынға жеткенде, саудасын қызу жүргізіп тұрған саудагерлерді байқадық. Жыл сайынғы көшет саудасына машықтанып үлгерген олар алдарына жасыл желектің түр-түрін үйіп қойған. Іздегеніңіздің бәрі бар. Сұрастыра жүріп, өрік, шие, черешня, алмұрт пен алманың әртүрлі сорттарын, хош иісті гүлдердің түрлерін, керек десеңіз, мәңгі жасыл күйін сақтайтын шыршаны да кездестірдік. Аталған тұқымдардың көбі ауданға Түркістан облысынан жеткізіледі. Балғын әрі жерге отырғызуға дап-дайын күйде келген көшеттерге сұраныс көп. Олардың сапасы да жақсы деңгейде. Сатушылардың айтуына қарағанда, көшеттерді жиі суғару мәселе емес, олар тек шілде айында ғана судың көп мөлшерін қажет етеді. Табиғат жаршысына айналған осынау өсінділерді халыққа ұсына отырып, жинаған тәжірибесінен ағаш көшетін сатып алып, одан өнім жиып, қазірде жемісінің дәмін көріп отырған тұрғындардың да бар екенін айтады.
Шыбықтардың шетіне қыстырылған дайын өнімді ағаштың суретін көріп, қызығушылық танытып, бағасын сұрап көрдік. Жеміс беретін ағаш көшеттерінің құны 1 000-1 500 теңгені құрайды екен. Ал кербез көркімен жер жауһарына айналған гүлдердің бағасы – 1 000 теңге. Көзге ерекше ілінген бояуы қанық, келбеті ерек шырша ағаштары жайында да сұрап білдік. Жылдың барлық мезгілінде өзіне тән ерекшеліктен танбай, сұлулығымен өзіне тартып тұратын бұл ағаш шыбықтары 2 000 теңгеден сатылып жатыр екен.
Хош иісімен тынысыңды ашатын осындай кішігірім бақ арасында жүріп, оларға қызықпау мүмкін емес еді. Есік алдына өң беріп, көктемгі көшет егу науқанына өз үлесін қосқалы жатқан ағаш сатып алушы жанды көріп тағы қуандық. Тұрғындардың аз уақыттың ішінде бірнеше мәрте кішкентай талдарға сұраныспен келуі көшет сатып алушылардың жылдағыға қарағанда молая түскенін аңғартты. Шынында, бұл жағымды үрдіс бәріміздің айналысар ісімізге айналса игі. Себебі атадан мал қалғанша, тал қалғаны мың есе артық емес пе?

Таслима ӘЛІШЕР
02 сәуір 2024 ж. 143 0