СЕНБІЛІККЕ ШЫҚТЫ, БЕЛСЕНІП
Тазалық – аудан ажарын арттырып, қоршаған ортаға әдемілік сыйлайтын маңызды шараның бірі. «Тазалық – денсаулық кепілі» деген ізгі ниетті басшылыққа алған аудан әкімдігі сенбіліктерді жиі ұйымдастырып тұрады. Өткен сенбіде «Аудан тазалығы үшін» деген тілек екі қолға бір күрек ұстатты. Жалпыаудандық сенбілікке 130-дан аса тұрғын қатысты.
Көктемнің алғашқы шуақты күндерінде ауданды қоқыстан тазарту мақсатында ұйымдастырылатын сенбілік жұмыстары басталды. Наурыздың екісі күні ұйымдастырылған жалпыаудандық сенбілік нәтижесінде аудан орталығы қыстан кейін кәдімгідей жаңарып қалды. Ауылдың түкпір-түкпірінде жүргізілген қызу тазалық жұмыстарынан соң айнала айтарлықтай жарқырады. Сенбілікке қатысып, өз аумақтарынан қоқыс-қалдықты шығарып, ағаш түптерін әктеген шиеліліктер ортақ үйіміздің әсемденуіне бір кісідей атсалысты.
Әдетінше, жаппай тазалау жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері құрал-саймандарын алып, білек сыбана атсалысты. Олар өздеріне белгіленген жерлерді күл-қоқыстан тазартты. Жалпыаудандық сенбілік барысында аула іштерін абаттандыру, бейберекет тасталған қоқыстарды шығару сияқты жұмыстар атқарылды.
Дәл осындай байыпты тірлік Талаптан елді мекенінде де көрініс тапты. «Тазалық – саулық негізі» деген аталы сөзді ардақтай білген ауыл жұртшылығы көктем келісімен тазалық жұмыстарын қолға алып, әр аптаның сенбісінде сенбілікке белсене қатысуда. Өткен тазалау жұмыстарына 1 жүк тиегіш пен жүк көлігі тартылған. Ауыл әкімшілігінің қызметкерлері де апта сайын өздеріне тиісті аумақты қоқыстардан тазалап, апта сайын тонналап қоқыс шығарып отыр. Сонымен қатар аталған ауыл ағаш отырғызу жұмыстарын да бастап кеткен.
– Сенбілік – халықты игілікті іске шақыру. Әр адам өз үйін әдемі, ауласын таза ұстаса, ауылдың тазалығы мен көркіне көрік қосар еді. Кез келген адам өз ауласының, тұрғылықты жерінің таза да әдемі болғанын қалайды. Сенбіліктің тазалыққа пайдасы зор. Сенбілікке шығып, талдарды әктеп, айналаны сыпырып, қоқыстарды өртеудеміз. Сонымен қатар ауылдың кіре берісінен көктемгі көшет егу жұмыстарына дайындық ретінде 0,10 гектар жер дайындалды, – дейді ауыл әкімі Хайдар Тәжиев.
Осылайша, сенбілікке шыққан ауыл жұрты көпшілікке үлгі бола білді.
– Таза үй, таза ауыл кімге болса да ұнары анық. Десек те, тазаны ластап, шашып, бүлдіретін де өзіміз. Сол себепті апта сайын сенбілік өтетініне қуаныштымын. «Тазалық – тазалаған жерде емес, тазалықты сақтаған жерде» дегендей, әр апта сайын сенбілік жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатқаны үшін ауыл әкіміне алғыс білдіремін. Сол кісінің бастамасымен әр сенбіде ауыл тұрғындары бір адамдай тазалыққа атсалысады. Тазалық жұмыстары кезінде әр мекеменің жұмысшыларынан бөлек, үйде жұмыссыз отырған ауыл тұрғындары да белсенділік танытады. Тазалық – кішкентайымыздан ата-анамыздың тәрбиелеп, қанымызға сіңірген еңбегінің бір түрі. Қазір өзім де ауламды, сонымен бірге көшемді де тазалауға әдетке айналдырғанмын. Міне, осылай тазалықты ауылда болатын жаппай сенбілікке қарап қалмай, әркім өз ауласынан және отбасындағы тәртіптен бастауы керек деп ойлаймын, – дейді ауыл тұрғыны Шапағат Тілеубаев.
С.БАХТИЯР